Ақша түрлері және оның қызметтері туралы реферат
ТАҚЫРЫБЫ: АҚША ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚЫЗМЕТТЕРІ
І. Ақша түрлері және оның қызметтері
1.2 Ақшаның атқаратын қызметтері
Ақша дегеніміз не? Ақша — адамзаттың ойлап тапқан керемет өнертапқыштығының бір куәсі деуге болады. Біздің заманымызда ақша көптеген адамдар үшін өмірдің негізгі мәні болып отыр. Адамдар ақшалай табыс табу үшін өзінің барлық уақытын сарп етуге дайын.
Ақшаның сиқыры адамдарды арбап алады. Кейбіріеулер ақша үшін терлеп-тепшіп еңбек етсе, енді біреулер оны қолға түсірудің, көбейтуді түрлі амалдарын іздестірумен болады. Ақша – тек қана одан құтылып қана пайдалануға болатын бірден-бір тауар. Ақшаны жаратпайынша ол сізді тамақтандырмайды, баспана болмайды. Ақша үшін адамдар көптеген тірліктерге барады және ақша сол үшін қайтарым да береді.
Қазіргі елімідегі ақша-несие және қаржылық шаруашылық елеулі құрылымдық өзгерістер кезеңін бастан кешіп отыр. Өйткені әміршіл-әкімшіл экономикадан нарықтық экономикаға көшу кезінде ақша жүйесі түбегейлі қайта құрылып, несие-қаржы институттарының және олар жүргізетін операцияларды жаңа түрлері пайда болуда. Біздің тәуелсіз елімізде Ұлттық банк пен екінші деңгейдегі қарым-қатынастар жүйесі қалыптасып олар заман талабына сай әрекет етуде. Сондықтан осы курстық жұмыстың тақырыбы мені қатты қызықтырды.
Себебі, балалық шақтан бастап адам ақшаның неге қажеттігін және оның өз өміріндегі атқаратын ролі жөнінде біле бастағанымен «Ақша деген не?» деген сұраққа жауап табуға қиналады.
Ақша адамдарға ежелден таныс. Бірақ оның қалай пайда болғандығы туралы құпия сыры және қоғам өміріндегі мәні көп уақытқа дейін беймәлім болды. Дәл осы мәселені мен мейлінше кеңінен қарастырмақпын.
Ақша түрлері және оның қызметтері
Тауар өндірісінің тарихи даму барысында ақшаның ролін әр түрлі тауарлар атқарды. Әрбір тауарлы өндіріс тауардың жалпы эквивалентін пайдаланды. Қоғамдық еңбектің бірінші ірі бөлінуі нәтижесінде малшы тайпалары пайда болып, олар айырбас құралы ретінде малды қолданды. Оның нақты түрі жергілікті жердің жаратылысына байланысты әр түрлі болды. Мысалы, далалық жерлерде тауардың жалпы эквиваленті ролін жылқы, өгіз немесе қой атқарса, шөл және шөлейт жерлерде — түйе, қысы ұзақ тундрада — бұғы атқарды. Ақшаның айырбас құралы қызметін мал атқаруы әр халықтардың ауыз әдебиетінде сақталғаны соншалық кемін металдан соғылған ақшаны да мал атауларымен атаған. Мысалы, латын сөзі «пекус» — «мал», ал «пекуня» «ақша»; үнділердің ақша өлшемі «рупия» — «рупа» деген сөзден шыққан.
Қазіргі кезде көп қолданылып жүрген «капитал» деген сөздің шығу тарихы да мал атауымен байланысты көрінеді, өйткені ескі герман тілінде меншігінде көптеген мал басы болса, оның байлығын «капитал» деп атаған.
Кейінірек қолөнер кәсібі дами бастаған кезде әр түрлі халықтардың айырбасқа қолданған алғашқы тауары сирек кездесетін аңдардың терісі болған. Ертедегі скандинавтар мөлшері әр түрлі тауарларды сатып алғанда оларды түлкі, сусар, бұлғын терілеріне айырбастаған. Сібір халықтары айырбаста бұлғынның терісін қолданса, ал құндыздың терісі Солтүстік Америкада жүрген. Сондай-ақ тері ақшаларын Моңғолияда және Тибет пен Памир тауларының етегін мекендеген халықтар кең пайдаланған. Ертедегі Русьте сусар терісі айырбастың басты құралы болған. Оған дәлел мынандай мысал — 1610 жылы қарсыласының жаулап алған орыстың әскери кассасында күміс 5450 рубль және теріден жасалған 7000 рубль болған екен
Ал теңіздердің жылы жағалауын мекендеген тайпалар айырбас құралы ретінде теңізден шығатын қабыршақты (раковина) қолданған. Тарихта қабыршақтан жасалған әшекей бұйымдарының біраз атаулары сақталған. Солардың ішінде ең көп тарағаны ақшыл сары түсті, үлкендігі түймедей — каури деп аталатыны. Әшекей ретінде жіпке тізген каури Үндістанда, Қытайда, сол сияқты Африканың Шығыс жағалауында және Цейлон мен Филиппин аралдарында ең алғашқы ақша ретінде жүрген. Ал Америка үндістері қабыршақ ақшаны теріден тігілген белбеуге өрнек немесе аңдар мен құстардың бейнесін салып қолданған.
Қабыршақ ақша материалының ең бір орнықты формасы болып келді. Себебі XX ғасырдың 70-жылдарының бас кезіне дейін Соломоновтар аралдарындағы ақша айналымында қабыршақ ақшаның үш түрі: ең арзаны — курила (қара), галиа (ақ) және ең қымбаты — ронго (қызыл) жүрген.
Юлий Цезарь патшалығының тұсында ақша ретінде құлдарды пайдаланған. Мысалы, бір құл үш сыйырға, алты бұзауға, он екі қойға тенгерілген.
Қолөнер кәсібінің жетілуі ақша эквивалентін де жетілдірді. Оңай бөлінетін, бір-біріне оңай бірігетін, ұзақ сақталатын және біртектес эквивалент тауарлар, яғни өсімдік өнімдері — зәйтүн майы, күріш, кофе, какао, бұршақ, тұз және с.с. пайда болды. Жалпы эквивалент болып әр түрлі металдар да қолданылды: темір, қалайы, мыс, қорғасын, күміс, алтын. Металл ақшалардың артықшылығы — олардың біртектестігі, мықтылығы, әрі оңай бөлінуі. Көп уақытқа дейін металл ақшалардың формалары әр алуан болды. Мысалы, темірден жасалған кетпен, күрек, таға, шынжыр және т.с.с құралдар; мыс ақшалар — мосы, қалқан, қазан, ыдыс түрінде айналыста жүрді. Ақшаның қазіргі грекше атауы «драхма» — «бір уыс шеге» деген ұғым ретінде сол кезден сақталған Күміс пен алтын ақшалар жүзік, сақина, алқа және с.с. әшекей бұйымдарының формасында болған. Уақыт өте келе жалпы эквивалент ролін күміс пен алтын ақша атқара бастады.
Таяуда жарық көрген Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында теңгенің тарихы былай баяндалады: «Алғаш рет Ақ ғұндар б.з. I ғасырда бір беті пехвели, екінші бетіне эфталит (түркі-руни) жазуы бар теңгелер (б.з. V—VI ғ.) жасап, сауда айналымына кіргізген. Қазақ елі (қазақ халқын құраған негізгі тайпалар) баба түркілер Ұлы Жібек жолына орналасқандықтан ақша жасау, оны айналымға енгізу өмір қажеттілігі деп тым ерте қолға алған. 68 ғасырларда билеуші рулардың таңбасы қашалған, ру рәмізін бейнелеген теңгелер құя бастаған. Сырдарияның орта алабында өмір сүрген тайпалардың қола теңгелері VI — VIII ғасырдың жартысына дейінгі аралықта қолданылған. Бұл теңгелерде Ашиде әулетінің рәмізі болған арыстан бейнеленген. Мұндай теңгелерді Суяб, Тараз қалаларында арнайы шеберханаларда құйған. Сонымен қатар Отырар маңындағы қалаларда да түрлі теңгелер жасалған. Біріншісі — сәл ұмтылып, секіргелі тұрған арыстан бейнеленген мыс теңгелер, екіншісінде садақ және шаршы түрінде түркілердің тайпалық таңбасы (дүниенің төрт бұрышын мегзеген рәміз) бейнелеген. Екіншісі — үшбұрыш таңбалы (түркінің ана әулетінің таңбасы) теңгелер. Б.з. 704 — 766 жж. Таразда құйылған теңгелерде «Түргеш қағанаты теңгесі» немесе «Түркінің көк ханының теңгелері» деген жазулар болған. Бұл тайпалық дәрежедегі теңге емес, бүкіл мемлекет дәулетін, мүлкін, ел ырысын куәландыратын кепілдеме. 1271 жылғы Масудбек реформасы ақша айналымында жаңа кезең ашты. Бұл реформа бойынша алтынды ақша орнына қолдану мүлдем тоқтатылып, салмағы 2 грамм, тазалығы 78 — 81% күміс ақшалар айналымға кіргізілді. 1321 ж. жүргізген Кебек хан реформасының да үлкен маңызы болды. Ол бүкіл мемлекет атынан «Кебек хан теңгесін» айналымға енгізді. Ақшаның салмағы — 8 грамм. Күмістен шыңдап жасаған. «Кебек хан теңгесі» Қазақстанның Испиджаб, Тараз, Отырар, Сығанақ қалаларында әзірленді. Өзбек хан, Жәнібек хан, Бердібек хан, Наурызбек, Қызыр ханның атынан шығарылған Алтын Орда теңгелері Түркістан, Жетісу, Еділ жағалауларына дейін қолданылыста болған. Бұдан кейін 1428 ж. енгізген Ұлықбектің ақша реформасы Орта Азия және Қазақстан жеріндегі халықтар арасында белгілі болды. 16 ғ. Отырардың мыс теңгелері және Иасының (Түркістанның) күміс теңгелері Оңтүстік Қазақстан жерінде сауда айналымында өз міндетін атқарып келді. 16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың басында Қазақ хандығының атымен өндірілген мыс ақшалар болған. Бұл ақшалардың дизайндық шеберлігі жоғары дәрежеде болмағанымен Қазақ хандығында сауда ісін бір жолға қоюда, халықтың басын біріктіруде үлкен міндет атқарды».
Қорыта айтқанда, қазіргі монетаның пайда болуы металдан соғылған ақшаның сыртқы пішінінің қалыптасуындағы соңғы кезең.
Ақшаның кез келген тауарларға теңгерілуі (эквивалент болуы) неліктен? Ол ақшаның тауар өндірісі жағдайында құн өлшемі қызметін атқаруынан. Бұл ақшаның алғашқы қызметі. Ақша қоғамда ең алдымен өндірілген барлық тауарлардың құнын өлшейтін құрал, яғни ол тауарлардың бағасын белгілегенде айырбас құралы қызметін атқарады. Себебі әр түрлі тауарлардың құны бір-бірімен теңгермелі, ал сан жағынан салыстырмалы. Бірақ тауарда болатын ішкі қарама-қарсылық өндіріс кезінде тікелей құнның көрінуіне мүмкіндік бермейді. Тауардың құны тек айырбас процесінде ақшаның делдалдық етуімен ғана көрінеді. Алайда тауарларды бір-біріне теңестіретін ақша емес, керісінше, толыққұнды ақшаны (алтынды) қоса алғанда бүкіл тауарларды өндіруге жұмсалатын қоғамдық еңбек қана айырбаста тауарларды теңгермелі етеді. Тауарлар құнының алтынмен өлшенетін себебі оны өндіруге өнімнің құнын құрайтын көп қоғамдык еңбек жұмсалады. Тек өз құны бар тауар ғана құн өлшемі бола алады. Ақша еңбектің табиғи өлшемін (жұмыс уақытын) емес, осы еңбекпен құралатын құнын көрсетеді.
Сонымен ақшаның бірінші атқартын қызметі — ол өндірілген өнімнің құнын өлшеуші құрал. Тауар құнын өлшеу үшін алтын ақшаның қолда болуының қажеті жок. Ақша құн өлшемі қызметін колдағы ақша емес, қиялдағы, яғни ойдағы ақша ретінде орындайды. Себебі тауардың құнын өлшеу оны ақшаға айырбастаудан бұрын өтеді, ал құнның тауарлы формасын ақшалай формасына айналдыру үшін тауардың бағасын белгілеу жеткілікті. Тауардың бағасын белгілеу үшін қолда ақша ұстап тұрудың қажеті жок, себебі еңбек өнімі ойда бағаланады. Сондықтан тауарларды біріне-бірін теңгеретін ақша емес, ақшаның көмегімен барлық тауарлар өзара теңгермелі. Себебі ақша сияқты басқа тауарлар — адам еңбегінің өнімі, ол өнімдерді біріне-бірін теңестірудің бірыңғай негізі — абстрактылы еңбек.
Тауардың ақша болып көрінетін құны — тауар бағасы. Баға деген құнның ақшалай көрінетін бейнесі. Енді өндірілген өнімнің құнын ақшамен анықтау керек делік, яғни оны айырбасқа түсіру үшін бағасын белгілеу керек. Ол үшін баға масштабын қолдану қажет. Баға масштабы деп ақша өлшемі ретінде мемлекет белгілеген белгілі бір металдың (алтын, күміс, мыс) мөлшері мен массасын айтады. Алғашқы монета (шақа) соғылған кезде баға масштабы онын салмағына тең келді. Бұл ресми баға масштабы еді. Ақша түрлерінің өзгеруіне байланысты баға масштабы ақшаның салмағына сай келмейді.
Ақшаның құн өлшемі ретіндегі қызметі мен баға масштабының арасында айтарлықтай өзгешіліктер бар. Құн өлшемі — ол ақшаның экономикалық қызметі, яғни құн өнімді шығаруға жұмсалған еңбек шығынын анықтайды. Ал баға масштабы тауардың құнын анықтау үшін емес, оның бағасын белгілеу үшін мемлекет заңды түрде бекіткен — құқықтық сипаттағы техникалық құрал.
Тауардың мемлекет бекіткен бағасының өз құнынан ауытқуы салдарынан металл (алтын, күміс) ақша айналымы кезінде бекітілген ресми баға масштабы өзінің экономикалық маңызын жоятынын айта кеткен жөн. Қазір әр мемлекеттің өзінің нарықтык бағаға негізделіп жасалған іс жүзіндегі баға масштабы бар. Соның негізінде ақшаның кұн өлшемі қызметі жүзеге асады.
Ақшаның тауар айналысында атқаратын екінші қызметі — айналыс құралы. Басқаша айтқанда, тауарлар бір-бірімен айырбасталғанда ақша делдалдық қызмет атқарады. Ақша пайда болғаннан кейін тікелей тауар айырбастау (Т-Т) тауар айналысы (Т-А-Т) формасына айналады. Бұнда екі акт бар: біріншісі Т-А — ол тауарды сату немесе тауарды ақшаға айырбастау, ал екіншісі А-Т — ақшаға басқа қажетті тауарды сатып алу немесе ақшаны тауарға айырбастауды бейнелейді. Ақшаның бұл қызметі тауар айналымына сапалық өзгерістер енгізді. Атап айтқанда:
Біріншіден, Т-А — процесі өнім өндірушінің өнім дайындауға жұмсаған еңбегін қоғам таныды деген мағынаны білдіреді.
Екіншіден, бір нарықта тауарды сатып, басқа бір нарықта керек тауарды сатып алуға мүмкіндік туады.
Үшіншіден, тауарды ақшаға айналдырып (Т-А), керек тауарды сатып алуды кейінге қалдыруға болады.
Осындай мүмкіндіктердің нәтижесінде жекелеген айырбас актілері араласып, түйісіп біртұтас тауар айналысы процесін (T-A-T1 A1-T2-A2) құрайды. Осы процестер барысында ақша бірінші, екінші, үшінші кісіге және т.с.с. қолдан қолға өтіп ақша айналысын құрайды. Сөйтіп, ақша айналыс құралы ретінде сансыз сатып алу-сату процестеріне қызмет көрсетіп, үнемі айналыста жүреді.
Ақшаның айналыс құралы қызметінің ерекшеліктері:
а) тауар мен ақшаның біріне-бірі қарсы қозғалысы;
ә) бұл қызметті ойдағы ақша емес, қолма-қол ақшаның орындауы;
б) бұл қызметін ақша тауарлар айырбасталғанда оларға ілесе жүріп, ілезде шапшаң орындайтындықтан, айырбаста нақты ақша материалы (алтын) емес, оның орнына қолданылатын ақша белгілерінің жүруі.
Ақшаның бұл қызметінде айналысқа қажетті ақша мөлшері сатылатын тауарлардың бағасы мен олардың массасына байланысты анықталады. Ақша неғұрлым тез айналса, солғұрлым айналысқа аз мөлшерлі ақша қажет. Егер де айналыстағы ақша массасы тауар массасынан көп болса, онда айналымдағы кем бағалы ақша құнсызданады. Оны ғылым тілінде «инфляция» деп атайды.
Тауар айналысы дамыған сайын тауарды сату уақыты оған ақша төлеу уақытымен сәйкес келе бермейді. Төлемді кешіктіре отырып, сатылған тауарларға ақы төлегенде ақша төлем құралы қызметін атқарады. Сатып алушы тауар үшін ақшаны төлем мерзімі басталған кезде ғана төлейді. Демек, бұл — тауар несиеге сатылды деген ұғым. Тауар несиеге сатылғанда сатушы — несие беруші (кредитор), ал сатып алушы (қарыздар) деп аталады. Сатып алушы ақшаның орнына сатушыға қарыз міндеттемесін жазып береді. Қарыз өтелгенде ақша төлем құралы қызметін атқарады.
Ақшаның төлем құралы қызметі тек тауар айналысын қамтумен шектеліп қоймай, сонымен бірге ақша қаржылық және несиелік қатынастарға да қызмет көрсетеді. Барлық төлемдерді топтастыруға болады:
а) тауарларға және көрсетілген қызметтерге ақы төлеу;
ә) еңбекақы, зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы төлеу;
б) мемлекеттік қаржы міндеттемелерін өтеу;
в) банктік — мемлекеттік, тұтыну несиелері бойынша қарызды өтеу;
г) сақтандыру міндеттемелерін төлеу;
д) құқықты-сот сипатындағы ақыларды төлеу және т.б. Ақшаның төлем құралы қызметінің айналыс құралы қызметінен өзгешеліктер бұл қызметінде ақша сатып алу-сату процестерін аяқтайды және қолма-қол ақшамен қатар несие ақшалары да жүреді.
Дамыған нарық жағдайында ірі сауда келісімдерінде ақша көбіне төлем құралы ретінде қолданылады. Несие қатынастарының дамуы қолма-қол ақшаны қатыстырмастан қарыз міндеттемелерін (мысалы, вексель) өзара есепке алу жолымен өтеуге мүмкіндік туғызады.
Ақша төлем құралы қызметін орындауына байланысты айналысқа қажетті ақша мөлшері, яғни ақша айналысы заңы толық мәнге ие болады. Атап айтқанда, тауар несиеге сатылғанда айналысқа қолма-қол ақша түспейді. Сондықтан ол айналымға керек ақша мөлшерін азайтады. Бірақ төлем уақыты келгенде қарызды өтеу үшін айналымға ақша қажеттілігі өседі. Ал айналымға қажетті ақша мөлшері өзара өтелетін міндеттемелер сомасына азаяды. Егер айналымның бір буынында қарыз міндеттемелері бойынша (жабдықтаушының шоты бойынша) уақытында төлем түспесе, онда ол төлемеушіліктің тізіміне іліктіреді (өтеу мезгілі өткен қарыздар, бюджетке төлейтін төлемдер, жалақы бойынша және т.б.төлемдер).
Сөйтіп, ақшаның төлем құралы қызметі несие қатынастары мен несие жүйесін дамытты. Ол — алтын ақшаны айналыстан ығыстырудың тағы бір айғағы.
Ақшаның келесі қызметі — қop жинау және байлық құралы. Ақшаның айналыс және төлем құралдары қызметін орындауы үшін қажетті мөлшерде белгілі — бір уақытқа ақша қорын жинау керек. Әр түрлі жағдайларға байланысты тауар айналысы (Т-А-Т) тоқтап (Т-А) қалуы мүмкін. Осының нәтижесінде ақша айналысы да тоқтап, белгілі бір тауарларды сатқаннан соң ақша жиналып қалады. Әрине ақша қорын жинау әр түрлі нақты себептерге байланысты.
Тауар айналымының үзіліссіз бірқалыпта жүруі үшін қажетті ақша мөлшері өзгеріп отырады. Сондықтан бір кезде айналысқа қосымша ақша мөлшерін қосып, кейде, керісінше, ондағы ақшаны шығару қажет болады. Мысалы, ауыл шаруашылығындағы жұмыстар жыл мезгілдеріне байланысты жүргізіледі. Көктемде егін егу үшін алдын ала қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу немесе жөндеуден өткізу, тұқым және жанар-жағар майларды дайындау және т.с.с. жұмыстарға ақша қорын жинау керек. Бұл экономикалық себептер. Сонымен қатар пайдакүнемдік, әшекей бұйымдарын жинау, жеке қор жинауға құмарлық, т.с.с. әлеуметтік себептер де ақша жинауға әсер етеді.
Айналым құралдарын және тұтыну заттарын сатып алуға қағаз немесе несие ақшалары қолданылады. Ақша қорын жинау ұйымдардың жинақтары және адамдардың жеке жинақтары түрінде болады. Бұлардың біріншісіне: кәсіпорындардың, ұйымдардың банктердегі есеп және депозиттік шоттарындағы ақша қаражаттарының қалдығы түріндегі жинақтар, ал екіншісіне: халықтың банктердегі, мемлекеттік облигациялардағы және т.б. салымдары түріндегі жинақтары жатады. Несие механизмі арқылы ұйымдар мен халықтың жинақ қаражаттары банктік несие түрінде қайтадан айналымға түседі. Сөйтіп, елдің ішкі қажеттілігін өтеуде толық құны жоқ ақша, яғни қолма-қол ақша және несие ақша қорлары қызмет көрсетеді.
Ал, толық құнды ақша (алтын) материалданған құн ретінде жалпы байлықтың өкілі болып табылады. Мұның мәнісі, ақшаның байлық құру құралы қызметін тек толық құнды ақша ғана: алтын құймалары, одан жасалған әшекей бұйымдары, сонымен қатар қымбат тастар атқарады. Бұндай қор — елдің байлығының көрінісі. Байлық мемлекеттің сақтандыру қоры ретінде стихиялы құбылыстар кезінде жұмсалады.
Қорыта айтқанда, ақшаның қор жинау және байлық құру құралы қызметі арқылы ұлттық табысты қалыптастыру, бөлу және қайта бөлу процестері жүреді.
Халықаралық еңбек бөлінісінің дамуы, шаруашылық байланыстарының интернационалдануы тауар және ақша айналысының ұлттық шеңберден шығып, әлемдік нарықтың пайда болуына әсер етті. Бұл экономикалық қатынастар — ақшаның дүниежүзілік қызметінің алғышарты. Сондықтан ақша халықаралық сауда-саттыққа қызмет көрсетеді. Ақшаның бұл қызметі қоғамның капитализге дейінгі сатыларында пайда болып, әлемдік нарық тұсында кең өрістеуде. Бұл нарықта ақша «өзінен ұлттық мундирін шешіп», яғни алтын құймасы (995 сынама) формасында айналысқа түседі. 1867 ж. Париж келісімі дүниежүзілік ақша қызметін тек алтынға бекітті. Сол кезден алтын дүниежүзілік ақша ретінде танылып, үш түрлі бағытта қолданылды. Атап айтқанда:
- бүкіл елдерде ортақ төлем құралы, яғни халықаралық төлем құралы ретінде ақша халықаралық төлем балансы бойынша есеп айырысуда қолданылады;
- бүкіл елдерге ортақ сатып алу құралы, яғни халықаралық сатып алу құралы ретінде шетелдерден қолма-қол ақшаға тікелей тауар сатып алғанда жүреді. (Мысалы, егін шықпай қойған жылдары — астық, қант және т.б);
- қоғамдық байлықты материалдандыру құралы ретінде ақша ұлттық байлықты бір елден басқа елге көшіргенде, яғни контрибуция (соғыста жеңілген мемлекеттің жеңіп шыққан мемлекетке төлейтін соғыс салығы) салығын төлегенде, репарация (жеңілген елдің жеңген мемлекетке соғыс зиянын түгел, ия жартылай төлеуі) зиянын төлегенде немесе қарыз бергенде қолданылады.
Дегенмен, тіпті алтын стандартты ақша жүйесі кезінде де ағымдағы халықаралық есеп айырысу алдыңғы елдердің ұлттық валютасымен жүргізілді. Халықаралық төлем айналымында негізінен несие құралдары жүрді. Мысалы, 1913 ж. Халықаралық есеп айырысудың 80 проценті ағылшындық фунт стерлингпен толтырылған аударым векселімен жүргізілген, ал халықаралық есептесудің сальдосын (қалдығын) өтеу үшін ғана алтын қолданылған
Әлемдік байланыстардың интенсивтендірілуі және несие қатынастарының дамуы, сонымен бірге әлемдік бірыңғай банкнотаның жоқтығы халықаралық айналымға алтынның орнына кейбір ұлттық валюталарды енгізуге мәжбүр етті. 1922 ж. Генуяда өткен бірінші Халықаралық келісімде ағылшынның фунт стерлингі және АҚШ-тың доллары алтынның эквиваленті деп жарияланып, халықаралық айналымға енгізілді. Екінші келісім 1944 ж. Бреттон-Вудсте (АҚШ) қабылданып, онда соғыстан кейінгі валюта жүйесінін негізі бекітілді. Бұл келісім АҚШ-тың долларына және фунт стерлингке резервтік валюта статусын берді. Одан кейін дүниежүзілік ақшаның жаңа формалары пайда болды: СДР — Халықаралық валюта қорының арнаулы есеп айырысу (ақша) өлшемі (1970 ж.), ЭКЮ — аймақтық халықаралық есеп айырысу өлшемі (1979 ж.), оны Еуропа валюта жүйесіне мүше мемлекеттер қолданады. Ал 1999 жылдың 1 қаңтарында енгізілген жаңа валюта — еуро бірте-бірте ЭКЮ-ды айналыстан ығыстырады деп күтілуде.
Айта кететін жәйт, дүниежүзілік ақшаның түрлерінің өзгеруі ұлттық ақша белгілерінің бастапқыда металл ақшадан біртіндеп несие ақшаларына өту жолдарын едәуір кешігіп барып қайталауда.
Кейбір елдердің ұлттық ақша белгілерінің дүниежүзілік ақша ретінде қолданылуының себептері:
Біріншіден, бұл елдердің дүниежүзілік сауда мен несие қатынастарында жоғары үлесті салмағы бар.
Екіншіден, бұл елдердің басқа елдерге айтарлықтай несие беруге мүмкіндігі бар.
Бір сөзбен айтқанда, экономикасы дамыған және әлемдік нарықтағы тауарларының үлес салмағы қомақты мемлекеттердің ұлттық валютасы дүниежүзілік ақша ретінде жүреді. Бұған қоса, белгілі бір ұлттық валютамен бірге алтын орнына жүретін есеп айырысудың әр түрлі құралдары пайда болуда. Қазір дүниежүзілік несие ақшаларының жобасы қарастырылуда деген пікірлер де кездеседі.
Алайда, дүниежүзілік ақша ретінде тек алтын танылғасын халықаралық есеп айырысу құралдары алтынға еркін айырбасталуы тиіс. Бұл қасиеттің болмауы дүниежүзілік төлем қатынастарының дағдарысын көрсетеді.
1-сұлба. Ақшаның қызметтері
«Ақша — зат емес, ол қоғамдық қатынастар жиынтығы». Шын мәнінде бұл афоризм, егер адам қоғамнан бөлініп кетсе, оған ақшаның қажеті жоқ деген мағынаны білдіреді. Робинзон Крузоға да ақшаның керегі болған жоқ. Оның мұхитқа батып бара жатқан кемеден құтқарып қалған заттары елсіз аралда пайдаға жарады, тек ақша қажетсіз бос қағаз болып қалды.
Ақша — тарихи дамыған экономикалық категория (санат). Ол қоғам дамуының әрбір сатысында өндіріс және айырбас процесінде адамдар арасында қалыптасатын экономикалық қатынастарды көрсетеді. Қоғам экономиканың әр түрлі үлгісіне өткенде ақшаның маңызы арта түседі. Орталықтанған жоспарлы экономикада ақшаның мәні шектеулі болды. Ақша, негізінен, есеп жүргізу және бақылау кұралы ретінде қосалқы қызмет атқарды. Жоғарғы басқару органдары әрбір кәсіпорынның шығаратын өніміне натуралды және құн көрсеткіштері түрінде өнімнің көлеміне және түріне жоспар бекітті. Сол сияқты өнім бағасын да орталық органдар бекітті. Өндірілген өнім тұтынушыларға келісімшарт бойынша натуралды өлшеммен бөлінді.
Нарықтық экономикада ақшаның маңызы зор. Себебі әр түрлі меншік жағдайында (мемлекеттік, кооперативтік, жеке) жұмыс істейтін тауар өндірушілер өндіретін және сататын өнімнің көлемін, түрін және бағасын бекітуге дербестік алды. Шаруашылықты жаңа нарықтық жағдайда жүргізуде төлем қабілетті сұранысқа бағдар жасалуда, яғни сұраныс ескеріліп, өнімнің шығару көлемі, түрі, бағасы тағайындалады.
Сонымен қатар қазіргі кезде кәсіпорындарды жекеменшіктендіру де, мемлекеттік бюджеттің кірісін қалыптастыру да, әр түрлі өндірістік және өндірістік емес шығындарды қаржыландыру да, Ұлттық банктің несие ресурстарын басқа банктерге сату да, инфляцияға қарсы күрес те және т.б. жүргізіліп жатқан іс-шараларда ақшаның маңызы арта түсуде.
- Байгісиев. М.Ә. Халықаралық экономикалық қатынастар. Алматы. 1998.
- Жүнісов. Б ,, Нарықтың экономикалық негіздері,, Алматы 1994.
- Нұрпейісов. Ж ,, Экономикалық теория негіздері,, Алматы 1996.
- Соколова О.В. Финансы, деньги, кредит. – М:, «Юрист».2001.
- Борисов Е.В. Экономическая теория. Учебник. — М.: Юристъ. 1997.
- Долан Эдвин Дж. и др. Деньги, банковское дело и денежно-кредитная политика.-М.,1999.
- Кэмпбелл Д.К., Розмари Дж.Кемпбелл. Эдвин Дж.Долан. Деньги, банковское дело и денежно-кредитная политика. — Москва-Ленинград, 1995.
- Макконелл К.Р., Брю С. Экономикс: принципы, проблемы и политика. — М..1993.
- Деньги, кредит, банки / Под ред. Лаврушина О.И. — М.: Финансы и статистика, 1999.