Алаш қозғалысының соңғы түйіні – Мұстафа Шоқай туралы реферат

0

Тақырыбы: Алаш қозғалысының соңғы түйіні – Мұстафа Шоқай 

Қазақ халқының таяу заман тарихында ерекше орынға ие Алаш қозғалысының тарихы көбінесе Алаш Орда үкіметінің тарқауымен байланыстырылып 1918 жылға дейін келіп аяқтатылады. Алайда бұл мәселеге тереңнен үңілгенде, оның ауқымының одан әлдеқайда әріде, Мұстафа Шоқайдың күрес тарихымен жалғасып 1940 жылдарға дейін барғанын көреміз.

Алайда, Мұстафа Шоқайдың іс-қимылдарын Алаш Орда қозғалысынан бөлек қолға алу басым болып отыр. Атап айқтанда, Алаш қозғалысы, Алаш Орда үкіметі мен Мұсафа Шоқай, Түркістан автономиясы, Шоқайдың Еуропа елдеріндегі саяси іс-қимылдары көбінесе бір-бірінен тәуелсіз әрекеттер ретінде бағалануда.

Мұның себебі түсінікті. Өйткені Алаш Орда үкіметі және оның жетекшілері туралы зерттеулер, Мұстафа Шоқай туралы зерттеулерге қарағанда көш ілгері болып отыр. Сонымен қатар кеңестік кезеңде тыйым салынған Алаш жетекшілері туралы ақиқаттар қайта құру-жариялылық кезеңінде ақтаңдақ беттер ретінде Шоқайдан бұрын қолға алына бастады. Тіпті олар 1988 жылы Компартияның қаулысымен ақталған да болатын. Осы кезде Шоқай туралы еш нәрсе айтылмады. Шоқай тек Қазақстанның соңғы шындығы ретінде, Алаш қайраткерлерінің ақталуынан екі жыл өткеннен кейін, атап айтқанда 1990 жылдың аяқ шенінен кейін ғана ауызға алына бастады.[1] Қазақстанда бұрынғы Кеңестік идеологияның салдарынан Шоқайға сенбей күмәнмен қараушылар қатары күн сайын азайып келе жатса да, әлі де баршылық.

Сонымен бірге Алаш Орда жетекшілері туралы зерттеулерде, олармен Шоқай арасындағы қарым-қатынастар, әсіресе Алаш және Түркістан автономиялары құлағаннан кейін оның жетекшілері Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқай арасындағы байланыстарға жеткілікті  назар аударылмауда.[2]

Міне осы себептерден Шоқайдың Алаш қозғалысымен бірге аталмай жүрген болуы мүмкін.

Көпшілікке белгілі жәйт, Шоқай Петербург университетінде студент кезінен бастап Алаш Орда жетекшісі Бөкейхановпен тығыз байланыста болды. Тіпті Шоқайды саясатқа баулыған Бөкейхановтың өзі десек қателеспеспіз. Демек Шоқай Алаш қозғалысының рухы болып есептелетін Бөкейхановтың саяси шәкірті. Оған қоса Ташкенде, Қоқанда Түркістан автономиясының ішінде жүргеннің өзінде Бөкейхановпен байланыста болып жүрді. Олай болса, Шоқай шетелдерге шыққаннан кейін Алаш идеяларын ұстанбай жүре ала ма? Әрине жоқ. Ол заңды түрде Алаш мақсаттарын орындап жүрді. Тіпті оның мақсат-мүдделерін одан әрі дамытты десек артық айтқандық бола қоймас.

Бұл тұрғыда Шоқай, Алаш қозғалысының жалғасы деген пікірге қосылмайтындардың мынадай пікірлерді алға тартуы мүмкін.

«Шоқайдың Еуропа елдерінде ұстанған басты екі мақсаты бар еді. Біріншісі – тәуелсіздік, екіншісі – бір тұтас Түркістан идеясы, яғни Түркістан одағы.

Ал Алаш көсемдері болса автономия пікірін жақтады және әсіресе Бөкейханов өзге Түркістан халықтарымен, өзбектермен одақтасуға қарсы болды. Оның орнына Сібір үкіметімен одақтасуды жақтады. Мұндай арада үлкен пікір айырмашылығы болған екі әрекетті қалайша бір-бірінің жалғасы деп айтамыз».

Дұрыс, Бөкейхановтың кезінде, атап айтқанда, «Қазақ» газетіне 1917 жылы қазан айында жазған бір мақаласында былай деп атап өтеді: «Біз Түркістанмен діндес, туысқанбыз. Автономия болу – өз алды мемлекет болу. Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы болса, Түркістан халқының қараңғылығы һәм шебер адамының жоқтығы бізден он есе артық. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп біз қайда барамыз». [3]

Бөкейхановты Түркістан аймағында ескішілдік пен діни фанатизмнің басым болуы және халықтың дүмше молдалардың шылауында жүруі де ойландыратын.[4] Осы себепті оның ойынша, Түркістан өкіметі мен Алашорда Өкіметінің бірлесуі екі соқырдың қол ұстасып жолға шығуы деген сөз еді.[5] Бөкейханов, сондай-ақ, Түркістан мен Алашорда өкіметтері бірлесе қалған жағдайда, биліктің ескішіл күштердің қолына өтуінен сескенетін.[6] Өйткені, Ташкенге барып, жұмыстарына қатыса алмаса да, Түркістан Комитетінің бір мүшесі ретінде Ташкенттегі ескішілдердің Шоқай жетекшілігінде саяси ұйым, Ұлттық Орталықтың саяси іс-қимылдарына кедергі келтіруге дейін барған, әсіре діни фанатизмдері туралы құлағдар еді. Қазан айында Семейде сөйлеген сөзінде Бөкейханов ескішілдердің діни фанатизмдерін тілге тиек етіп, олардың Ташкент қалалық басқарма мәжілісінде оба ауруының Алланың ісі екендігін айтып, оған қарсы шаралар қолдануды күнә санап, қарсы шыққандықтарын айтты.[7] Сондықтан Бөкейханов, Дулатовтың Кеңес дәуірінде ОГПУ-ге берген жауабында да айтқанындай, Түркістанда ескішілдердің діни фанатизмі саяси жұмыстарды ойдағыдай жүргізуге кедергі болады деген пікірде еді.[8]

Алайда Түркістан үкіметінің жұмыстары, Алашорда жетекшілерінің өзбек және қазақ халықтарының саяси ынтымақтасуының алдында тұрған ең маңызды кедергі ретінде бағалаған ескішілдердің саяси саланы бақылайтындықтары жайындағы алаңдаушылықтың орынсыз екенін көрсетіп берді. Өміршең мәселелерде халықтың саналы қимыл жасап, ескішілдерге қарсы жаңашыл қайраткерлерді қолдайтыны байқалды. Сонымен, Түркістан үкіметі толықтай жаңашылдардың қолында болды. Тіпті үкіметтің басында қазақ болуларына қарамастан, алдымен М.Тынышбаев және кейіннен Шоқай сынды білімді саясаткерлер тұрды. Мұның өзі Түркістанда көпшілікті құраған әсіре діншілдердің үкіметте әсерлі бола алмайтындарын көрсетіп берді.

Бөкейхановтың түркістандықтармен одақтасуға қарсы қатаң көзқарастарының жұмсарғаны Сырдария қазақтарының құрылтайында белгілі бола бастады. Өздеріңізге белгілі, Сырдария қазақтарының Түркістаннан бөлініп, Қазақ өкіметіне қосылу туралы бір шешім қабылдауы үшін шақырылған сол құрылтай, жиналу мақсатына қарама-қайшы бір шешім қабылдап, Қазақ өкіметі мен Түркістан өкіметі арасында ынтымақтастықтың алғашқы қадамына түрткі болды. Құрылтайдың қарарларының бірінде «Алашорда өз алдына автономия жариялап болып Түркістан автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақ-қырғыздары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіруге шешім қабылдайды», – деп атап өтілді. [9]

Қазақ автономиясының жариялануынан кейін Түркістан үкіметімен бірігудің тілге тиек етілуі бізге осы одақтың күн тәртібіне енгенін көрсетеді.

Бірақ қаңтар айында пайда болған оқиғалар, бұл мәселенің өкіметаралық кездесулерде талқыланып, одан әрі дамытылуына мүмкіндік бермеді. 18 қаңтар күні большевик күштерінің Орынборды басып алуымен бірге Бөкейханов басшылығындағы Алашорда өкіметі тарап кетті.[10] Айдың соңында Түркістан өкіметі де большевиктер тарапынан біржола тарқатылды. Сонымен, большевиктер Алашорда мен Түркістан өкіметтері арасында басталғалы тұрған ынтымақтастықтың іске асуына мүмкіндік бермеді.

Алайда бұл жағдай Алаш көсемдері мен Түркістан Автономиясы жетекшілерінің бір-бірімен тізе қоса жұмыс істеулеріне кедергілік келтіре алмады. Түркістан Үкіметі құлағаннаннан кейін қиын-қыстау күндерді басынан кешірген Мұстафа Шоқай Қоқаннан Ташкенге, ол арадан Орынборға өтіп Алаш Орда жетекшілерімен бас қосты.

Олар ұлттық әрекеттің бұдан кейінгі бағытын белгілеу үшін 1918 жылдың 30 тамызы мен 7 қыркүйегі арасында Орынбор және Самара қалаларында бірқатар жиналыстар өткізілді. Бұл жиналыстарға Шоқайдан басқа Алаш көсемдерінен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулат және М.Тынышбаев қатысты. Сонымен қатар Қоқан өкіметі мүшелерінен Убейдуллах Хожа да осы жиналыстарға қатысушылардың арасында болды. Сонымен, Алашорда, Түркістан және Башқұрт Өкіметтерінің өкілетті қайраткерлерінің басы осы жиналыстарда қосылды. Жиналыстардың қорытындысында бұл үш өкіметтің «Оңтүстік-Шығыс автономиялық Мұсылман Өлкелері Одағы»[11] деген атпен бір федерация болу және қазақ және башқұрт әскерлерін бір армияға топтастыру туралы шешім қабылданды. Уәлиди жиналыстарда федерация жоспарының жан-жақты талқыланғанын айтады. Аталған федерация жоспары шамамен қазіргі Башқұртстан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанды қамтитын 4.010.139 шаршы километрлік бір кеңістікті және 1917 жылғы есеп бойынша ұзын саны 15.673.680 адам және мұның 82 пайызын  мұсылмандар құрайтын халықты қамтыды.[12]

Сонымен, 5 қаңтар күні Түркістан қаласында Сырдария қазақтары құрылтайында алғашқы қадамы басылған Алашорда мен Түркістан автономияларының одағын құру жолындағы жұмыстар сегіз айлық үзілістен кейін Орынборда Башқұрт өкіметін де қосылып, кең түрде жалғастырылды. Өйткені айдай анық боп ортаға шығып отырған бір шындық бар еді. Ол большевиктердің Ресейдің түркі тілдес халықтарына өзін-өзі басқару құқын ешқашан бермейтіндігі еді. Мұны тек білектің күші найзаның ұшымен большевиктермен соғыса отырып қана алу мүмкін еді. Ал бұл үшін болса, күш біріктіру қажет еді. Мұның жолы Орта Азияның түркі тілдес халықтарының бір федерация төңірегінде одақтасуы еді.

1918 жылдың қыркүйек айында Алашорда, Түркістан және Башқұрт өкіметтері басшыларының жиналысында белгіленген осы стратегия кейіннен Шоқайдың Европада большевиктерге қарсы жүргізетін идеялық күресінің негізін құрады.

Осы федерация туралы қызық бір кездесуді орайы келгенде атап өткен жөн. Ол кездесу Шоқай, Бөкейханов, Уәлиди және Тынышбаев түрік ұлтшылдығының идеялық негіздерін салушы Юсуф Акшора арасында 1918 жылы Уфа қаласында болған еді. Ол кезде Акшора Түркияның Қызылай ұйымы атынан І дүниежүзілік соғыста орыстарға тұтқынға түскен түрік әскерлері мен офицерлерінің Түркияға қайтарылуы[13] мәселесіне байланысты Ресейде ресми сапарда жүрген еді. Акшора Уфадағы ескі досы Мүпти Ғалимжан Барудидың қонағы ретінде Ресей Мұсылмандарының Дін Істері Басқармасы болып саналатын Мұсылман Рухани Мәжілісінің ғимаратында тұрып жатқан еді. Сол ғимаратқа барған делегация Оңтүстік-Шығыс автономиялық Мұсылман Өлкелер Одағы туралы оған мәлімет берді. Сонымен қатар француз тілін білетіндігіне байланысты онан болашақ федерациялық мұсылман ұлттық өкіметінің Сыртқы Істер министрі қызметін қабылдауын өтінді.

Бірақ, 1918 жылғы 12 қыркүйекте өткен кездесуде Акшора өзіне айтылған федерация пікіріне мән бермеді.[14] Түркия азаматы болуына байланысты Ресей ішіндегі қандай да бір саяси қозғалысқа белсене араласуының мүмкін еместігін алға тартып, өзіне ұсынылған қызметтен бас тартты.[15] Сонымен қатар Акшора одақ атын «Шығыс Түріктерінің Федерациясы» деп атаудың дұрысырақ болатындығын көрсетті. Бөкейханов орыстардың бұл одаққа бойлары үйренгенге дейін, оған пантүркизм таңбасы басылуына себеп болатын атаулардан бойды аулақ ұстаудың қажет екенін, бірақ уақыт өте келе ол аттың да қабылданатындығын айтты.[16] Сонымен, Шоқай мен серіктерінің Уфадағы Түркістан Федерациясы туралы пікірлеріне қолдау іздеу жұмыстары табыссыз аяқталды.

Түркістан Одағы пікірі – Алаш көсемдерінің халықаралық жағдайды көріп байқағаннан кейін геостратегиялық жағдайға байланысты ұтымды пікірі. Ол кейін Шоқайдың күресінің белді пікірлерінің бірі болды. Бұл шынайы қажеттіліктен туындамаған жағдайда арада 80 жылдай уақыт өткеннен кейін тәуелсіз Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны Орталық Азия Одағы ретінде қайта жаңғыртпас еді. Оның тек Қазақстан үшін ғана емес, аймақтағы өзге елдер үшін де қандай қажет екенін Елбасы Назарбаев 2005 жылы ақпан айындағы жолдауында нақты түрде ортаға салған еді.

Алаш қозғалысы қай жылдарды қамтиды? Егер бұл сұраққа Мұстафа Шоқайды қоспай жауап қайтарар болсақ, ол 1913-1918 жылдарды қамтиды. Оның «Қазақ» газетімен тығыз байланысты екенін айтсақ қате болмас. Өйткені Алаш көсемдері сол журнал маңайында 1913 жиналып, халықтың басын қосты. Кейін бұл басқосу Алаш Партиясы мен Алаш Орда үкіметін дүниеге келтірді. Ал большевиктердің қысымымен 1918 жылы партия, үкімет және газет тарқап кетеді. Демек Алаш қозғалысы Шоқайды қоспай айтсақ бес жылдық бір мерзімді ғана қамтиды.

Біз Алаш қозғалысы 1913-1918 жылдар арасын ғана қамтиды деген пікірмен келіспейміз. Біздің ойымызша ол қозғалыс Қазақстанда Алаш партиясы, үкіметі және баспасөз органы Қазақ газеті тұншықтырылғаннан кейін, Шоқайдың қайраткерлігінде шетелдерде, атап айтқанда Еуропада жалғасты. Міне сондықтан біз оның мерзімін 1913-1939 жылдар арасы деп айтамыз. Демек ол 5 жылдық қозғалыс емес, 26 жылдық қозғалыс. Біз бұл жерде қозғалыстың мерзімін Шоқай қайтыс болған 1941 жылға дейін апарудың да дұрыс еместігін айта кетпекпіз. Өйткені Шоқай 1939 жылы Гитлер ІІ Дүниежүзілік соғыс отын тұтатып кеткен кезде өзінің саяси іс-қимылдарын жалғастырудан қалады. Яш Түркістан тоқтады. Өзі 1941 жылы мамыр айында немістерге тұтқынға түсіп, саяси іс-қимылдардан қалды.

Бұл жерде атап өтерлік жәйт, Алаш қозғалысының бастапқы баспасөз органы «Қазақ» газеті болса, ол өмірін тоқтатқаннан кейінгі екінші баспасөз органын «Яш Түркістан» деп атап көрсеткен дұрыс. Ол өздеріңізге белгілі 1929-1939 жылдары арасында 10 жыл, 117 саны жарияланды.[17]

Енді бұл жерде Ыстамбұлда 1927-1931 жылдары арасында жарық көрген «Йені Түркістан» журналы қайда деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл да орынды сұрақ. Бұл журналдың бағыты, Яш Түркістанға ұқсайды. Сондықтан оны осы орайда атауға болады. Бірақ ол журналда Шоқайдың мақалалары басылып шығып тұрғанмен, Шоқайдың ондағы рөлі шектеулі болды. Ол негізінен Зәки Уәлиди басым болды. Шоқайдың сол журнал шығып тұрғанның өзінде 1929 жылы одан бөлек Яш Түркістанды шығара бастауы оның Йені Түркістанға көңілінің толмағанын көрсетсе керек.[18] Сондықтан оны дара Алаш қозғалысының басылымы деп айту қиын.

Енді Алаш жетекшілері мен Шоқай арасында елеулі көзқарас айырмашылықтарынан болған автономия және тәуелсіздік мәселесіне тоқтала кетейік. Кезінде Алаш жетекшілерінің автономияны, Шоқайдың тәуелсіздікті жақтағаны дұрыс. Бірақ Шоқайдың да бастапқыда автономияшыл болғанын ескерген жөн. Ол Еуропада алғашқы жылдары орыс демократтарымен тізе қоса отырып Ресей Федерациясы құрамында автономиялық ұлттық саяси құқықтар үшін күрес жүргізді. Тіпті бұл үшін сан рет жолдасы Зәки Уәлидидің ащы сынына душар болды. Кейінгі тәжірибелер автономиялық құқықтармен ел мүддесінің көсегесінің көгермейтінін байқатты да, Шоқай 1927 жылдан бастап тәуелсіздік идеясын ту етіп көтере бастады. Демек Шоқайдың тәуелсіздік идеясы, Алаш Орда жетекшілерінің автономия пікірінен алшақтығы емес, қайта оның бастан өткен тәжірибелер негізінде дамытқаны болып отыр.

Қорыта айтар болсақ, Мұстафа Шоқайға Алаш қозғалысының соңғы жетекшісі деп айтуға болады. Ол өзінің саяси ұстаздары, Алаш қозғалысының құрылтайшы жетекшілері большевиктердің қысымына тап болып түрмелерге қамалып, кейін атылып кеткеннен соң, Алаш туын шетелдерде көтерді. Сонымен қатар Түркістан автономиясына да Алаш қозғаласының бір тармағы деп қарау керек. Өйткені Ташкент және Қоқандағы саяси іс-қимылдарға Шоқай өзінің жеке инициативасымен емес, қайта Бөкейхановтардың нұсқауы бойынша араласып атсалысты. Өйткені ол кезде қазақтар Түркістан деп атаған әкімшілік аймақтағы облыстарда қазақтардың жарымынан астамы өмір сүретін. Демек бұл қазақтардың құқығын қорғау да, әрине, Алаш мұраты. Сонымен қатар Алаш қозғаласы мүшелерінің бұл саяси құрылымда басты рөл атқарғандығын да ескергеніміз жөн. Оның бірінші президенті Мұхаметжан Тынышбаев белгілі Алаш қайраткері. Ал кейін оның орнына сайланған екінші және соңғы президенті Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай. Міне осындай жағдайда Түркістан автономиясын қалайша Алаш қозғалысынан тәуелсіз, бөлек әрекет деп айта аламыз?

Бәлкім оны Алаш Орда үкіметінен тәуелсіз саяси құрылым деп бағалауымыз мүмкін. Олай болса, Алаш қозғалысының ауқымы Алаш Орда үкіметінен әлдеқайда кең және ауқымды. Сонымен оның екі саяси құрылымы бар деп айта аламыз. Атап айтқанда біреуі Алаш Орда үкіметі болса, екіншісі Түркістан үкіметі. Мәселеге осылайша қараудан ұтылатын жеріміз жоқ, қайта ұтарымыз көп. Бұл жағдай қазақ саяси ой және философия тарихының ауқымын кеңейтіп, тереңдете түседі. Мұстафа Шоқайсыз, Түркістан Автономиясынсыз Алаш қозғалысының тарихы жарты кеш болып қалады. Оның мәні толық ашылмайды. Сондықтан Мұстафа Шоқайдың іс-қимылдарына Алаш қозғалысының заңды жалғасы, тіпті соңғы түйіні, эволюциясы деп қараған жөн.

Миллетке бек зор үміт – шәкірт халқы.

Сұлтанмахмұт Торайғыров

[1] Шоқайдың Қазақстанда “халық жауынан” халық батырына көтерілу процесі үшін қараңыз. Қара Ә. Мұстафа Шоқай Өмірі Күресі Шығармашылығы. Алматы, 2004, 220-255- бет.

[2] Біз бұл байланыстарды өзіміздің Мұстафа Шоқай өмірі, күресі, шығармашылығы атты еңбегімізде “Қоқан және Алашорда үкіметтері арасындағы байланыстар” атты арнаулы тарауда жан жақты тоқталған болатынбыз. Сонда, 85 – 94- бет.

[3] Қойгелдиев М. “Алаш қозғалысы”. Алматы: Санат, 1995, 339-340 бет.

[4] Хайит Б. “Türkistan Rusya ve Çin Arasında”. Ыстамбұл, 1975,  254-бет.

[5] Қойгелдиев М. “Алаш қозғалысы”. Алматы: Санат, 1995, 340-бет.

[6] Сонда, 263- б.

[7] Нүрпейісов К. “Алаш һәм Алашорда”. Алматы: Ататек, 1995, 151-бет.

[8] Қойгелдиев М. “Алаш қозғалысы”. Алматы: Санат, 1995, 340-бет.

[9] Қойгелдиев М. “Алаш қозғалысы”. Алматы: Санат, 1995, 347-348-бет; Сары арқа, 1918, № 31

[10] Алашорда өкіметі мүшелерінің бір бөлігі Семейге өтіп, Алашорданың шығыс бөлігін құрды. Енді бір бөлігі болса, Орал облысындағы Жымпиты қаласына орналасып, Алашорданың батыс бөлімін құрды. Бұл туралы көбірек мәлімет үшін қараңыз: Нүрпейісов К. “Алаш һәм Алашорда”. Алматы: Ататек, 1995, 159-160-бет.

[11] Бұл одақтың атын Уәлиди әртүрлі береді: Оңтүстік-Шығыс Мұсылман Өлкелері Федерациясы, Шығыс Ресей Мұсылмандар Федерациясы, Шығыс Ресей автономиялық Мұсылман Өлкелері Одағы және Түркістан Федерациясы. Бұл туралы қараңыз: Тоған З. У. “Türkili ve Türkistan’ın Yakın Tarihi”. Істамбұл, 1975, 370-371-бет.

[12] Сонда, 370-бет. Тоган бұл федерация жоспарынан бір картаны ғана шетелге алып кете шығады. Бұл карта үшін қараңыз: Сонда, 371-бет.

[13] Ресейдегі тұтқын түрік әскерлері мен офицерлерінің қайтарылуы мәселесі жөнінде көбірек мәлімет үшін қараңыз: Гүвен Е. “I. Dünya Savaşında Rusyadaki Türk Esirleri ve Rusya Türkleri”. Жарияланбаған мастерлик диссертация. Мармара Ұниверситеті Түркият Институты, Істамбұл, 1996; Қарақартал О. Dünya Savaşı Sonunda Sibirya’daki Esir Türk Askerleri Sorunu ve Türk Dünyası Gazetesi. “Sibirya Araştırmaları” Дайындаған. Амине Гүрсой-Наскали. Істамбұл, 1997, 317-322-бет.

[14] Шоқай М. Юсұф Акчұра. “Яш Түркістан”. Көкек 1935, Но 65, 11-бет.

[15] Тоған З. У. “Hatıralar Türkistan ve Diğer Müslüman Doğu Türklerinin Milli Varlık ve Kültür Mücadeleleri”. Істамбұл, 1969, 230-231-бет; Тоған З. У. “Türkili ve Türkistan’ın Yakın Tarihi”. Істамбұл, 1975, 370-бет; Шоқай М. Юсұф Акчұра. “Яш Түркістан”. Көкек 1935, Но 65, 11-бет.

[16] Тоған З. У. “Hatıralar Türkistan ve Diğer Müslüman Doğu Türklerinin Milli Varlık ve Kültür Mücadeleleri”. Істамбұл, 1969, 231-бет.

[17] Яш Түркістан туралы көбірек мәлімет үшін қараңыз: Қара Ә. Мұстафа Шоқай Өмірі Күресі Шығармашылығы. Алматы, 2004, 263-273- бет.

[18] Йені Түркістан журналы үшін көбірек мәлімет үшін қараңыз: Сонда, 261 – 263- бет.


Тегтер:Алашалаш автономиясыалаш жолыалаш жолы кітабыАлаш зиялыларыалаш партиясыалаш партиясы бағдарламасына swot талдауалаш партиясы слайдалаш партиясы туралы тест сұрақтарыалаш партиясының бағдарламасыалаш партиясының мақсатыалаш партиясының қазан революциясы көзқарасыалаш партиясының құрылу мақсатыАлаш қайраткерлеріалаш қайраткерлері кеңес үкіметін қолдадыалаш қайраткерлері рефераталаш қайраткерлері слайдалаш қайраткерлері тіл туралыалаш қайраткерлері туралы эссеалаш қайраткерлерінің ақталуыалаш қайраткерлерінің еңбектеріалаш қайраткерлерінің философиясындағы еркіндікалаш қайраткерлерінің ұлттық идеясыалаш қозғалысыалаш қозғалысы және мұхтар әуезовалаш қозғалысы слайдалаш қозғалысы туралы өзіндік пікіралаш қозғалысы қайраткерлерінің ақталуыалаш қозғалысы қайраткерлерінің ресми ақталуыалаш қозғалысының 100 жылдығыалаш қозғалысының белсенді қайраткерлеріалаш қозғалысының көсеміалаш қозғалысының өкіліАлаш-Ордаалашаалашорда үкіметіалаштың ақ жолыалаштың ақ жолы байқауыалаштың баласы бұл жолы болмасажылымық қазақ руханиятыМұстафа Шоқаймұстафа шоқай алаш зиялысымұстафа шоқай еңбектерімұстафа шоқай және мұхамеджан тынышпаевмұстафа шоқай мақалаларымұстафа шоқай слайдмұстафа шоқай фильммұстафа шоқай шығармаларымұстафа шоқай қоғамдық саяси қызметімұстафа шоқай өлеңдеріқазақ руханият репрессияға ұшыратқан кімқазақ руханиятықазақ руханиятындағы дәстүрлі ислам құндылықтарықазақ руханиятының бастауларықазақ руханиятының ерекшеліктеріҚазақша рефераттарқазақша рефераттар скачать бесплатноқазақша рефераттар тегін жүктеуқазақша тегін