Алаш қайраткерлері және қазіргі тіл мәселесі туралы реферат
Тақырыбы: Алаш қайраткерлері және қазіргі тіл мәселесі
Қазақ халқының тарихында Алаш қайраткерлерінің алар орны ерекше. Олар өз ұлтының бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен, туған елін отаршылдықтың бұғауынан босатып, тәуелсіз мемлекет құру үшін ақтық демі қалғанша күрескен асылдар еді. Жалпы, қазақ халқының тарихында азаттық аңсап, өз елінің тәуелсіздігін қорғаған тарихи тұлғалар аз емес. Әйтсе де, Алаш қайраткерлерінің олардан бір үлкен айырмашылығы мен ерекшілігі бар. Бұған дейінгі бостандық үшін басын бәйгеге тіккен ұлы тұлғалар өз мақсаттарын ақ найзаның ұшымен, алмас қылыштың жүзімен жүзеге асырмақ болса, Алаш қайраткерлері өркениетті елдердің дәстүрімен күресті партия құрып саяси жолмен жүргізді.
Соның нәтижесінде Алаш қайраткерлері қазақ жерінде тұңғыш рет қағазға түскен қаулы-шешім негізінде бекітілген үкімет құрды. Мемлекетті басқару, қазақ елін дамытып-өркендету жөнінде жаңа дәуірге сай сауатты, жүйелі жоспар-бағдарлама жасады. Қазақ халқының тарихында мемлекетті басқару мен үкімет құрамын ресми бекітудің нақ осындай қағаз бетінде бір жүйеге түсіріліп, ретке келтірілген жоспар-бағдарламасы болды деп айту қиын. Яғни, Алаш қайраткерлері осыдан сексен-тоқсан жыл бұрын қазақ халқы толық тәуелсіздік алған жағдайда елді қалай басқарып, қайтіп дамыту керек, ішкі-сыртқы саясатты қандай жолмен жүргізген дұрыс, көрші мемлекеттермен қандай қарым-қатынаста болғанымыз абзал дегеннің бәрін нақты көрсетіп, белгілеп берген болатын. Өкінішке қарай, Алаш қайраткерлерінің осы айтып, жазып кеткен бағдарлама-жоспарларын біз әлі күнге жете оқып, зерттеп, оны қазіргі заманға ойдағыдай пайдалана алмай жүрміз. Тіпті, басқаларды қойғанда, саясатпен айналысып, ұлт үшін қызмет етуді мақсат тұтқан азаматтардың да бәрі бірдей Алаш қайраткерлерінің еңбегін жүйелеп оқып, оны күнделікті өмірге қолданып жүр деп айту қиын.
Болашақта Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен ой-идеяларын бүгінгі күнге практикалық тұрғыдан тиімді пайдаланудың жолдары мен жаңа мүмкіндіктерін ойластырғанымыз жөн. Мысалы, мен өз басым сонау тоқсаныншы жылдардың басында белгілі қазақ тарихшылары Әбу Тәкенов пен Мәмбет Қойгелдиев дайындаған Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен» атты кітабы Ыстамбул қаласына апарып, баспадан шығарып әкелдім. Бұл еңбекте Мұстафа Шоқай Қазақстан ерте ме, кеш пе әйтеуір тәуелсіздік алатынына кәміл сенген және тәуелсіздік алған жағдайда Қазақстан не істеу керек, қандай саясат жүргізу қажет дегенді жан-жақты талдап, атап көрсетіп берген. Тағы бір таңқаларлығы, Мұстафа Шоқайдың сол заманда айтып кеткендері мен енді ғана тәуелсіздік алған Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жүргізіп отырған саясаты мен ұстанымдары бір-біріне өте жақын, ұқсас еді. Мысалы Мұстафа Шоқай Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Ресеймен қандай қарым-қатынаста болу керек; Қазақстандағы орыстар және басқа да ұлт өкілдері жөнінде қандай саясат ұстанған дұрыс дегенді тайға таңба басқандай етіп көрсеткен. Ал Мұстафа Шоқайдың сол айтқандары Қазақстанда қазір айна-қатесіз толығымен жүзеге асып отыр. Тіл мәселесі туралы да осыны айтуға болады.
Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде елімізде қазақ тіліне байланысты үлкенді-кішілі іс-шаралар жүзеге асырылды. Көп мәселе айтылып та, жазылып та жатыр. Міне осылардың басым көпшілігі біз ойлап тапқан жаңалықтар емес. Мұның бәрі – кезінде Алаш қайраткерлері ойлап, жоба-жоспарын жасап, бірақ жүзеге асыра алмай кеткен мәселелер. Соған орай, біз бұл салада үлкен жаңалық ойлап табамыз деп шаршап-шалдықпай-ақ, сол Алаш қайраткерлерінің көрсетіп берген бағыт-бағдарламасымен жұмыс істесек, тіл саласында көп мәселе қазіргіден әлдеқайда тез, әлдеқайда жемісті шешілер еді.
Осыған орай мына мәселені де ашып айта кеткеніміз жөн. Бүгінгі таңда тіл мәселесіне келгенде екі түрлі пікір бар. Оның біріншісі – тәуелсіздік алғаннан кейін тіл мәселесі жақсы шешілуде, бұған үлкен мөлшерде қаржы бөлініп, басқа да іс-шаралар қолға алынуда, соған орай қазақ тілінің болашағы жөнінде алаңдайтын ештеңе жоқ дегенге саяды. Екіншісі, қазақ халқының алпыс пайызы өз ана тілін білмейді, сондықтан қазақ тілінің жағдайы барынша мүшкіл, ол құруға айналған дегенге тіреледі.
Осы екі пікірдің қайыссы дұрыс?!. Бірден ашып айтайын, мен өз басым қазақ тілі құрып кетеді дегенге ешқашан сенбеймін. Рас, қазақ тілінің басына қатер төніп, қазақ халқының ұлт ретінде жойылып кету қаупіне ұшырағаны жасырын емес. Мұндай қауіп өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдарында болған. Мен кезінде сол туралы «Қызыл кітапқа кіретін халық» деген циклді мақалалар жазып, оларды «Қазақ әдебиеті» газетіне, басқа да басылымдарға жарияладым. Бірақ сол кезде осы дұрыс екен деген бір адамды көрмеп едім. Тіпті, қазіргі тіл жанашырларының басым көпшілігі де ол мақалаларды оқымаған болулары керек. Әрине, мен ол кезде мұндай мәселелерді керемет ұлтжанды қайраткер, төтенше тіл жанашыры болғандықтан жаздым деп мақтана алмаймын. Мен тек көзіммен көргендерімді, сезініп-түйсінгендерімді ғана қағазға түсірдім. Дәлірек айтқанда, мұндай мәселерді жазуға менің күнделікті жұмысым, істеген қызметім себепкер болды.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басынан бастап журналист болып, түрлі басылымдарда қызмет атқардым. Міне, сол кезде жыл сайын күзде біз газет-журналдарға жазылу науқанын жүргізу үшін түрлі облыстарға іссапармен шығып, жұртшылықпен кездесу өткізетінбіз. Сондағы жағдайларды есіме түсірсем, әлі күнге жүрегім ауырады. Өйткені ол кезде халықтың, әсіресе орталық, солтүстік және шығыс облыстардағы қазақтардың өз ана тілінен жаппай безінгенін аяқ аттап басқан сайын көретін едік. Тіпті кілең қазақ отырған ауылдар да қазақ мектептерін жауып тастаған. «Ау, ағайындар, бұларыңыз қалай, балаларыңызды неге өз ана тілінде оқытпайсыздар?!» десек бәрі бізге бәле көргендей үдірейе қарайтын. Тіпті, «Ойбай-ау, мыналар бізге дұшпан болып шықты ғой, балаларымыз қазақша оқып, сосын кейін нан тауып жей алмай қор болып далада қалсын деп тұр ғой мыналар» дегенді мен қазақтардың аузынан өз құлағыммен бір емес, талай рет естігенмін. Ал қазір сол қазақтар қазақ тілі туралы айтсаң риза болып, қол шапалақтап, төбелеріне көтереді. Жасыратыны жоқ, біз сол қиын кездерде қазақ өз ана тілін, дінін, рухани құндылықтарын әспеттейтін халыққа айналса екен деп армандадық. Қазір біздің сол армандарымыздың көпшілігі орындалды. Бүгінде қазақ халқының өзіне тән ұлттық салт-санасы, мәдениеті, әдебиеті бар екенін әлем елдері мойындай бастады. Ұлттың ұлт ретіндегі бедері сақталып қалды.
Әрине, қазақтың ұшан-теңіз проблемасы бар. Оны мойындау керек. Бұл жерде менің айтарым, қазақтың мұңын, уайымын сөз етерде алдымен нақты мәліметтерге, заңға сүйеніп сөйлеген жөн. Бізде, керісінше, қызыл сөзге иек артып, тіл мен жаққа сүйеніп «қазақ құрып барады», «қазақ рухани тазалықтан ада» деген ешқандай мәліметсіз, дәйексіз жылаңқы пікірлерге жиі бой алдыратындар жетіп-артылады. Мысалы, қазір қазақтың 60 пайызы өз тілінде сөйлей алмайды деген мәлімет айтылып жүр. Бұл қайдан шыққан дерек сонда?! Бұған айқын дәлел қайда? Менің өз басым мұндай дерекке өте күмәнмен қараймын. Жалпы, мұндай мәліметті айту үшін нақты статистикалық мәліметтерге сүйенген жөн. Мысалы, ең болмаса, әр облыста қанша қазақ бар, олардың балаларының қаншасы қазақ мектебінде, қаншасы орыс мектебінде оқиды деген сияқты мәселелерді зерттеп біліп алғанымыз дұрыс емес пе? Бірақ мұндай нақты мәліметтер ешқандай жерде айтылмайды. Осыған орай бір мысал айтайын. Алматыдан шығып, пойызбен сонау Ақтөбеге, оның ар жағындағы Орал мен Атырауға дейін жүріп көріңіз. Осыншама ұлан-ғайыр жерден қазіргі таңда өз ана тілін білмейтін қазақты бірен-саран болмаса мүлдем таба алмайсыз.
Жақында Шығыс Қазақстан облысына барып қайттым. Зайсанды, Күршімды былай қойғанда Өскемен қаласының өзінде де қазақтардың басым көпшілігі өз ана тілінде сөйлеуге бет бұрған. Осыдан тура отыз жеті жыл бұрын Целиноград қаласына іссапармен барып, көшеде қазақша сөйлейтін бір қазақ таба алмай, түңіліп едім, енді Астана атанған осы қалада қазақтар алпыс пайызға жеткен және басым көпшілігі қазақша сөйлейді. Қостанай сияқты қалалар туралы да осыны айтуға болады.
Егер саралап қарайтын болсақ, қазақтың 43 пайызы ауылды жерде тұрады. Олардың дені ана тілінде сөйлейді. Сондай-ақ қалалы жерде тұратын қазақтың көрсеткіші де жыл сайын артып келеді. Сонда қалайша қазақтың 60 пайызы өз тілінде сөйлей алмайды?! Міне, осының астарына үңіліп, сараптап зерттегім келгендіктен, мен «Қазақстанның этнографиялық картасы» деген кітапты қолыма алуыма тура келді. Бұл кітапта Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы анық көрсетілген. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында қазақтар 70 пайыз, өзбектер он сегіз пайыз, ал орыстар алты жарым пайызды құрайды. Демек осыншама көп қазақ өз ана тілінен, ұлттық қадір-қасиетінен қалай айырылады?! Ол мүмкін емес қой. Басқа облыстарда да осындай. Мысалы, қазақтар Қызылорда мен Атырау облысында 95 пайыз, Жамбыл облысында 70 пайыз, Маңғыстауда 85 пайыз, Ақтөбеде 77 пайыз, Шығыс Қазақстанда 53 пайыз, Алматы облысында 64 пайыз, Батыс Қазақстан облысында 70 пайызды құрайды.
Қазіргі кезде қазақтардың үлес салмағы тек Солтүстік Қазақстанда ғана аз, бар болғаны 33 пайыз. Ал теріскейдегі басқа облыстарда қазақтардың үлес салмағы өзге ұлттармен салыстырғанда әлдеқайда көп. Мұндай жағдай осыдан жиырма-отыз жыл бұрын біздің түсімізге де кірмейтін. Сол кезде құрымаған қазақ қазіргідей барынша көбейіп, өсіп- өркендеп отырғанда қалайша құрып кетеді?!. Ең бастысы, аманшылық болса енді он бес-жиырма жылда қазақтардың пайыздық мөлшері бұдан да әлдеқайда өседі.
Жыл өткен сайын қазақ мектептерінің саны да, сапасы да көбейіп, нығайып келеді. Мысалы, биыл мемлекеттік грант бойынша жоғарғы оқу орындарына түскендердің басым көпшілігі қазақ мектебін бітіргендер. Бұл – жалғыз тілге қатысты жайт емес. Жалпы, біз ұлттың мәдениетін, дінін, салт-дәстүрін сөз еткенде келсін-келмесін ізденусіз, зерттеусіз, деректер айтуға тым үйірсекпіз. Ал ұлтқа қатысты дүниеде қателікке ұрыну – сол ұлттың болашағына зиянын тигізбек. Осыған орай тағы бір мәселені айта кеткіміз келеді. Кез-келген ұлттық мәселелерге қатысты жұмыстарды жүзеге асыру екі бөліктен тұрады: біріншісі – өзекті мәселелерді жұртқа түсіндіру, бұл жөнінде түрлі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу; екіншісі – сол мәселелерді шешуге қажетті іс-шараларды білек сыбана кірісіп тікелей жүзеге асыру. Бізде осы екі мәселенің біріншісі ерекше дамыған. Бұл, әсіресе, тілге қатысты жұмыстардан айқын көрінеді. Мысалы, тілдің бүгіні мен болашағы туралы түрлі басқосулар мен мәжілістерде көсіле сөйлеп, түрлі ұсыныс білдіріп, ауызша жанашырлық танытушылар өте мол. Баспасөз бетінде, радио мен теледидардан неше-түрлі жақсы ұсыныстар айтып, белсенділік көрсетушілер де аз емес. Ал бірақ, осы ұсынастар мен мақсат-міндеттерді күш біріктіріп, уақыт бөліп қолмен атқаруға қызу кірісуге ынталы азаматтар өте сирек.
Баяғы тоқсаныншы жылдардың басында барлық ауыл, аудандарда «Қазақ тілі» қоғамдары жаппай құрылып, жұрттың бәрі қазақ мектептерін ашуға белсене атсалысқан еді. Тіпті Алматы сияқты қалаларда жаңадан ашылатын мектептерге үй жағалап, үгіт-насихат жүргізіп, бала жинаған кездер де болған. Қазір осы белсенділік ұмыт болуға айналды. Оның есесіне жұрттың бәрінің қызыл сөзбен ақыл айтып, жөн көрсетуі жаппай етек алған. Ана тіліміздің қазіргі жағдайын, оның ең өзекті проблемаларын зерттеу де жетіспейді. Сондықтан да қазақ халқының қазіргі ұлттық жағдайын, проблемалары мен болашақтағы даму мүмкіндіктерін зерттеп, талдап, сараптап отыратын бір орталық өте қажет. Мысалы, біз Қазақстанның қандай ауылдары мен аудан орталықтарында қазақ мектептері жоқ екенін күнделікті біліп отыруымыз өте қажет. Ал бізде қазақ мектептері жоқ елді мекендер әлі де жетіп артылады. Осыдан екі-үш жыл бұрын мен «Егемен Қазақстанға» «Қазақ мектебі жоқ ауыл» дейтін мақала жаздым. Осы Ақмола облысына қарайтын Есіл ауданының бір ауылында түгелге жуық қазақтар отырып, әлі күнге балаларын өз ана тілінде оқытатын мектеп ашпаған. Тіпті ашайын деген ойлары да жоқ. Біз бір ауылда жиырма-отыз орыс отбасы болса да орыс мектептерін ашып беріп отырмыз. Ендеше жиырма-отыз қазақ отбасы болса да ол жерде қазақ мектебі міндетті түрде ашылу керек. Ол мәселені сол жердегі қазақтардың санасына жеткізіп, талап етуіміз қажет.
Осы Ақмола облысында Сандықтау деген аудан бар. Бұрын аты жартылай орысша болған. Енді сондағы қазақтар ұлттық санамызды ояттық деп ауданның атын Сандықтау деп өзгерткен. Бірақ ауданның атын қазақшалағанмен, аудан орталығында әлі күнге қазақ мектебі жоқ. Ал сонда ауданның атын қазақшалағаннан не пайда?! Бұл жөнінде аудан басшылары не ойлайды?! Аудандық оқу бөлімінің жетекшілері не үшін айлық алады?!. Аудандағы ұлт жанды азаматтар қайда қарап жүр?!.
Мұндай мысалдарды Қазақстанның түкпір-түкпірінен ондап, жүздеп табуға болады. Ендігі жерде біздің тіл жөніндегі ең басты жұмысымыздың бір саласы осындай мәселелерді зерттеуге, оны жолға қою үшін нақты іс-шараларды қолға алуға арналуы керек. Бұл ретте Тіл комитеті мен жергілікті Тіл басқармалары бірлесіп нақты жұмыстарды қолға алғандары жөн. Олар өздеріне қарасты территорияның қай елді мекендерінде қазақ мектептері жоқ екендерін тайға таңба басқандай анықтап, тіпті оның картасын да жасап, содан кейін оның себептерін зерттеп, ол мәселелерді шешудің нақты жоспар-бағдарламасын дайындап шынайы жанашырлықпен іске кіріскендері жөн.
Тілді дамытуға бөлінген қаржының белгілі бір бөлігі осындай талдау, зерттеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалуы тиіс. Сондай-ақ тіл мәселесін жоғарыдан бастауды да қолға алғанымыз жөн. Біз осы уақытқа дейін тіл үйретуді, қазақтың салт-дәстүріне бейімдеуді балабақша мен мектептен, яғни төменнен бастадық. Бұл үрдіс өте жақсы нәтиже берді. Қазір біздің жастарымыздың басым бөлігі – қазақтың тілін, дінін, мәдениетін бойларына сіңіре бастады. Ал енді тіл мәселесін жоғарыдан, яғни үкіметте, түрлі министрліктерде дұрыс жүргізуді қолға алғанымыз жөн. Мемлекеттік мекемелердегі қызмет істейтін қазақтардың саны кемінде тоқсан пайыздан асады. Бірақ сол көп қазақ күнделікті жұмыста, қызмет бабында бір-бірімен орысша сөйлеседі. Неге бұлай?!. Тіпті Елбасы барлық қазақ бір-бірімен қазақша сөйлессін деп атап айтса да бұл мәселе алға жылжыр емес. Біз осы уақытқа дейін Парламентімізді қазақшыландыра алмай отырмыз. Ал Кавказ бен Балтық бойы республикаларының Парламенттері сонау Кеңес одағының өзінде-ақ түгелдей өз тілдерінде сөйлейтін еді. Ал біз жеке, тәуелсіз мемлекет болсақ та он жеті жыл бойы бұл мәселені шеше алмай келе жатырмыз. Біздіңше, осы мәселе нақты қолға алынуы тиіс.
Міне осы айтылған мәселелер ескерілсе, тіл жөнінде шешілмейтін соншама үлкен мәселелер жоқ. Біз бұл мәселелердің болашақта ойдағыдай жүзеге асарына кәміл сенеміз.
Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі
Жүсіпбек Аймауытов