Африка елі туралы реферат
Африка
Аумағы жағынан Еуразиядан кейінгі орынды алатын құрлық, дүние бөлігі. Жерінің аумағы 29,2 млн. км2 (аралдарымен бірге 30,3 млн. км2). Тұрғыны 728 млн. адам (1995). Солтүстіктен оңтүстікке қарай 8000 км-ге, (Сахарада) созылған, оңтүстігінде ені 810 км. Африканы экватор сызығы кесіп өтеді. оның шеткі нүктелері: солтүстігінде — әл-Абияд мүйісі (37о 20’ солтүстік ендік), оңтүстігінде — Ине мүйісі (34о 52’ оңтүстік ендік), батысында Әлмади мүйісі (17о 23’ батыс бойлық), шығысында Рас-Хафун мүйісі (51о 23’). Құрлықты солтүстігінде Жерорта теңізі, батысында Атлант мұхиты, шығысында Үнді мұхиты мен Қызыл теңізі сулары шайып жатыр. Солтүстік шығысында жіңішке Суэц мойнағы (112 км) арқылы Азиямен жалғасады. Гибралтар бұғазы арқылы Еуропаынң Пиреней түбегінен бөлінген. Жағалауы нашар тілімделген, көбінесе таулы , тік беткейлі болып келеді. Ірі шығанақтары Гвинея, Сидра, Қолайлы қойнаулар аз. Ең үлкен түбегі – Сомали, құрлықтың шығысында – Мадагаскар, Занзибар, Сокотра, Мафия, Пемба, Комор, Маскарен, Амирант және Сейшель аралдары, батысында – Мадейра, Канар, Жасыл мүйіс, Гвинея шығанағында Аннабон, Сан-Томе, Принсипи, Фернандо-По аралдары орналасқан. Тектоник. жарықтар жүйесі Шығыс Африка грабені деген атпен белгілі. Ол Қызыл теңіз табаынан басталып, Африканың шығысын бойлай 6500 км-ге созылып жатыр.
Жер бедері
Ойпаттары мен аласа жазықтары көбіне жағалауда орналасқан (Сенегал, Гвинея жағалауы, Сомали, Мозамбик, Жерорта теңізі жағалауы). Биік таулар Атластың биік бөлігі мен Шығыс Африка грабені жүйесіне тән. Экватордан солтүстікке қарай Африканың көп жерін Сахара және Судан жазықтары мен үстірттері алып жатыр. Сахараның орталық бөлігі көтеріңкі, онда Ахаггар мен Тибести таулы қыраттары оқшау көрінеді. Сахараның солтүстік батысында Атлас таулары (Тубкаль, 4165 м), шығысында Қызыл теңізді бойлай Этбай жотасы (Асотериба, 2216 м) созылып жатыр. Ол оңтүстігінде Эфиопия таулы қыратына (Рас-Дашан, 4623 м) ұласады. Бұл таулы қыраттың аралығында Африканың ең терң ойысы – Афар жатыр. Оның солтүстік батысында Камерун жанартауы (4070 м), солтүстігінде Азанде, батысында Оңттүстік Гвинея қыраты, оңтүстігінде Лунда-Катанга үстірті, шығысында Шығыс Африка таулы қыраты қоршай орналасқан. Олар сөнген және әлі сөнбеген жанартау конустарына, яғни батысында Рувензори (5109 м), Карисомба (4507 м), Рунгве (3175 м), шығысында Элгон (4322 м), Кения (5199 м), Меру (4567 м), Килиманджаро (5895 м) тауларына жалғасады. Оңтүстікке қарай жүрген сайын жер бедері біртіндеп аласарып, Калахари ойысы арқылы Кап және Айдаһар (Дракон) тауларына ұласады. Бұл таулардың беті өте жиі тілімденген, бір-бірінен терең аңғарлармен бөлінген. Кейбір бөліктерінің бетін қалың базальтты шөгінділер жапқан. Африканың оңтүстік шығысында құрлықтан бөлінген Мадагаскар аралы орналасқан.
Геологиясы және кен байлықтары
Жер бедерінің біртектес болып келуі Африканың геол. және тектоник құрылымының қарапайым болуымен байланысты. Құрлық түгелге жуық ежелгі гондваналық платформадан тұрады. Платформа іргетасын құрайтын қатты метаморфтанған жыныстардың абс. жасы 3 млрд. жылдан асады. Олар Туарег, Регибат, Орт. Африка, Арабия-Нурбия, Шығыс Африка, Оңтүстік Африка, Мадагаскар қалқандары түрінде жер бетіне шығып жатыр. Аралығында Тиндуф, Сенегал, Тауденни, Ливия – Египет, Чад, Конго, Төменгі Және Жоғарғы Ніл, Окованго, Калахари, Карру синеклизалары орналасқан. Олардың бетін протерезойдан бастап жиналған теңіздік хәне құрлықтық шөгінді жыныстар жапқан. Мезозойда Гондвана құрылығының бөлінуіне байланысты Африка – Арабия платформасы солтүстік шығыс бағытта жылжып, кайназойда өте үлкен құрлық масивві – Еуразия литосфералық плитасымен соқтығысқан. Соның нәтижесінде Арабия платформасы Африкадан бөлініп, Қызыл теңіз табаны ашылған. Африканың бүкіл шығыс бөлігін бойлап өтетін терең тектоник. Шығыс Африка грабені пайда болған. Әлі күнге Килиманджаро, Кения , Меру жанартаулары осы грабен бойында орналасқан. Жерорта теңізі табанындағы тау түзілу процестері әсерінен Атлас тауының Антиатлас, Тель-Атлас, ас-Риф жоталары көтерілді.
Африка жері қазба байлықтарға өте бай, әсіресе, минерал кендерінің қоры көп. Мұнай мен газдың ірі кен орындары Нигерияда, Ливияда, Египетте, Алжирде, ал тас көмірдің ірі кендері, Оңтүстік Африка Республикасында, уран Нигерия мен Намибия жерінде шоғырланған.
Климаты
Африка тропиктік белдеулер аралығында орналасқандықтан, жері өте қатты қызады. Жаз айларындағы орташа температурасы құрылықтың барлық бөлігінде дерлік 20оС-тан жоғары, Сахара мен Суданның солтүстігінде 35–38оС-қа жетеді. Жер шарындағы ең жоғары ттемпература +58оС 1933 ж. Сахараның (әл-Азизия) Жерорта теңізі жағалауында тіркелген. Қыс айларындағы ең «салқын» деген оңтүстік жағалық жазықтардың өзінде орташа температура 8оС-тан төмен болмайды. Африка климатындағы басты қайшылық – жауын-шашынның түсу мөлшері мен оның маусымдық таралуының біркелкі болмауы. Құрлық аумағының 60%-тен астам бөлігінде ылғалдану дәрежесі өте төмен болса, керісінше, кейбір бөлігінде ылғалдың мөлшері шамадан бірнеше есе артық түседі. Жылдық жауын-шашынның ең көп түсетін жері Гвинея шығанағы жағалауындағы Камерун тауының беткейінде (10470 мм, Дебунджа), ал ең аз жауын-шашын мөлшері Сахарада (0,5 мм, Асуан қ-сы) тіркелген. Георграфиялық ерекшілігіне қарай Африка аумағы ыстық, ылғалды экваторлық, ауыспалы ылғалды (муссондық), субэкваторлық, ыстық, әрі құрғақ, континенттік, тропиктік шөл, ыстық ылғалды тропиктік және субтропиктік жерортатеңіздік климат белдеулеріне бөлінеді.
Ішкі сулары
Құрлық ішкі суларының жылдық ағынының мөлшері (5400 км3) бойынша Еуразия мен Оңт. Америкадан кейінгі орында тұр. Өзен-көл жүйесі біркелкі таралмаған. Өзендер экватор төңірегі мен құрлықтың оңтүстік шығыс жағалауында жиі. Шөлді аудандарда, әсіресе, Сахарада климаттың ертеде ылғалды болғанын аңғартатын құрғақ өзен арналары (вади) көптеп кездеседі. Ірі өзендері – Ніл (6671 км, дүние жүзіндегі еңұзын өзен). Конго, Замбези, Нигер, Оранж. Өзен арналарында шоңғалдар мен сарқырамалар көп кездеседі. Замбези өзенінің бойында атақты Витория сарқырамасы бар (биіктігі 120 м, ені 1800 м). Құрлықтағы өзендердің гидроэнергетикалық мүмкіндігі өте жоғары. Құрлықтың шөлді-шөлейтті аудандарында жер асты суларының мол қоры табылған. Ірі артезиан алаптары Сахара мен Калахари жерінде жатыр. Африкада көлдер негізінен тектоник. жарықтарда орналасқан. Олардың ірілері: виктория, Танганьика,Ньяса, Рудольф, Чад.
Топырағы
Экватор бойында ылғалды орманның қызылсары ферралитті топырағы, субэкваторлық белдеулердегі ылғалды саванна мен сирек орман өстеін қызыл топырақ, құрғақ саваннаға қарай қызылқоңыр және карбонатты қызғылтқоңыр топырақ жалғасады. Тропиктік шөл аудандарының көп бөлігін жылжымалы құмдар мен қиыршық тастар алып жатыр. Жер асты су деңгейі жоғары шұраттарда (оазистерде) гидроморфты қара топырақ, шалғын-сор және сор топырақтары кездеседі. Субтропиктік шөлейттер мен Атлас, Кап тауларында таулық сұрқоңыр топырақ пен сұр топырақ таралған. Ал жерортатеңіздік қатты жапырақты мәңгі жасыл орманда субтропиктік қоңыр орман топырағы қалыптасқан.
Өсімдігі
Африкада гүлді өсімдіктердің 40000-нан астам түрі бар, оның 9000-жуығы тек қана осы құрлықта өсетін өсімдіктер. Африка үш ботаникалық-географиялық аймаққа бөлінеді: солтүстігі – голарктикалық, Сахараның оңтүстік батысы – палеотропиктік, оңтүстік шығысы – Кап флоралық аймағына кіреді. Құрлықтың 8%-н ылғалды тропиктік орман (гилея), 35%-не жуығын саванна және сирек орман, 40%-н құрлықтықшөл мен шөлейт белдемі алып жатыр. Құрлықтың қиыр оңтүстігі мен солтүстігінде субтропиктік жерортатеңіздік бұталар мен сирек орман белдемі орналасқан. Ол өсімдік құрамы жағынан Оңтүстік Еуропа мен Алдыңғы Азияға жақын. Кап флоралық аймағына кіретін оңтүстік бөлігінде тек сол жерге тән 6000-нан астам өсімдік түрі кездеседі. Олардың басым көпшілігі мәңгі жасыл ағаштар, мұнда астық тұқымдас шөптесін өсімдіктер кездеспейді. Гвинея жағалауы мен Конго ойысындағы ылғалды экваторлық орманда ағаштың 300-ден астам түрі бар. Олар бірнеше қабатты болып өседі, ең биңк өсетін ағаштар – пальмалар (биіктігі 60–70 м-ге жетеді). Олардың алып фикус, май және шарап пальмасы, сейба, кола ағаштары сияқты түрлері бар. Төменгі бөліктерге банан, ппорониктер, либериялық кофе ағашы және каучук беретін ағаш тәріздес лиана, ландольфия, ротанг пальмасы кездеседі. Саваннаның негізгі ағашы – баобаб. Олардың аралығында биіктігі 2 – 3 м, кейде 5 м-ге жететін піл шөбі, дум пальмасы, май пальмасы өседі. Сахара мен Калахари шөлдерінің шұраттарында құрғақшылыққа төзімді өсімдіктерден жусан, жантақ, акация, құрма пальмасы, Намиб пен Карру шөлдерінде суккулентті өсімдіктерден сүттігін, вельвичия таралған. Африка – кофе мен құрғақшылыққа төзімді бидайдың отаны.
Жануарлары
Африкада жануарлар өте көп және алуан түрлі. Олардың таралу аймағы голарктикалық және эфиопиялық болып бөлінеді. Құрлық сүт қоректі жануарларға, әсіресе, тұяқты жануарларға бай. Жер шарындағы 51 туысқа біріктірілетін сүт қоректілердің 1/4-і осында шоғырланған. Тек қана Африкаға тән жануарлардан африка пілі, керік, зебра, адам тәріздес маймылдар – шимпанзе мен горилла, басы итке ұқсас маймылдар павиан мен мандрил, сондай-ақ бегемоттар. Мадагаскар аралндағы лемурды атауға болады. Құрлықтың жануарлар дүниесі XIX ғасырда, әсіресе, XX ғасырдың басында аяусыз қыру нәтижесінде күрт азайып кеткен. Қазір құрлық бойынша 150-ден астамұлттық саябақтар, қорықтар, қамашаулар (резерваттар) құрылған. Ірі ұлттық саябақтарға Рувензори, Кения, Серенгети, Вирунга, Цаво, Кафуэ, Калахари-Хемсбок, Крюгер, Намиб жатады.
Шаруашылығы
Тәуелсіздікті жеңіп алғаннан кейін Африка елдері ғасырлық шектеулікті жоюға күш-жігер жұмсайбастады. Табиғат байлығын мемлекет меншігіне айналдырудың, аграрлақ реформаны жүзеге асырудың, экономикалық жоспарлаудың, ұлт кадрларын дайындаудың ерекше зор маңызы болды. Осының нәтижесінде даму қарқыны жеделдеді. Шаруашылықтың салалық және теорилық құрылымы қайта құрыла бастады.
Бұл жолда тау-кен өнеркәсібінде зор табыстарға қол жетті. Қазір пайдалы қазбалардың көптеген түрлерін өндіру жөнінен Африка шетелдік дүниеде маңызды, кейде ерекше орын алады. Өндірілетін отын мен шикізаттың негізгі бөлігі дүниежүзілік рынокқа шығарылатындықтан, нақ өндіруші өнеркәсіп ең алдымен Африканың халықаралық географиялық еңбек б нісіндегі орнын айқындайды.
Африканың дүниежүзілік шаруашылықтағы орнын айқындайтын экономиканың екінші саласы – ттропиктік және субтропиктік егіншілік. Оның да айқын байқалатын экспорттық бағыты бар.
Бірақ, тұтас алғанда, Африка өзінің дамуында өте артта қалып келеді. Ол индустрияландыру деңгейі, ауылшаруашылық дақылдарының түсімі жөнінен дүние жүзі аймақтарының ішінде соңғы орын алады.
Елдердің көпшілігінде әлі күнге дейін шаруашылықтың салалық құрылымының отарлық түрі сақталуда. Оның айырым белгілері: 1) аз тауарлы, өнімділігі төмен ауылшаруашылығының басым болуы; 2) өңдеуші өнеркәсіптің нашар дамуы; 3) көліктің өте артта қалуы;
4) Өндірістік емес саланың негізінен саудамен және қызмет көрсетумен шектелуі.
Халқы
XII ғасырдың ортасында бүкіл адамзат баласының 1/5-і Африкада тұратын, бірақ европалықтардың ұзаққа созылған отарлық үстемдігі және құл сату әрекеттерінің салдарынан мүлде азайып, 1940 ж. мұнда әлем халқының 8%-і ғана қалды. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін халықтың саны жедел өсіп, 1940 жылмен салыстырғанда, 1967 ж. 40% көбейді. Африканың халқы: 1930 ж. 164, 1940 ж. 191, 1950 ж. 222, 1960 ж. 278, 1965 ж. 311, 1967 ж. 328, 1995 ж. 728 млн адам болды.
Антропологиялық құрамы
Африканың халқы антропологиялық жағынан әр алуан. Сахараның солтүстігінде үнді жерортатеңіздік типтегі арабтар мен берберлер мекендейді, олар европеоидтық нәсілге жатады. Сахараның оңтүстігінде үлкен экваторлық нәсілге жататын негр, негрилль, бушмен нәсілдік типтегі халықтар тұрады. Басым көпшілігі – негрлер; олар ұзын бойлы, жалпақ мұрын, қалың ерінді, бұйра шашты, түсі қара келеді. Негрилльдердің (Орт. Африканың пигмейлері) қалың түкті терісінің түсі негрлерден гөрі бозаңдау, еріндері жұқалау, бойы аласа. Бушмендер (Оңт. Африканың нәсілдік типі – бушмендер мен готтентоттар) орта бойлы, терісінің түсі сарғыш-бурыл, мұрындары негрлерге қарағанда жіңішкелеу; Эфиопия мен Сомали түбегінде эфиоп (Шығ. Африка) нәсіліне жататын халықтар тұрады; бұлар экваторлық нәсіл меневропеоидтық нәсілдің аралығы саналады. Олардың беті сопақ, қырлана біткен мұрны едәуір жіңішке, прогнатизмі әлсіз, ерні сәл қалыңдау, сақалы селдір, шашының бұйрасы негрлерге қарағанда бәсең, терісінің түсі ашық күреңнен шоколад өңдес қара қошқыл түске дейін өзгеріп келеді, бойы ортадан жоғары. Мадагаскар аралының халқы негрлер мен оңтүстік азиялық нәсілдерден қалыптасқан.
Зерттелуі
Африка туралы мәлімет өте ерте кезден-ақ белгілі болған, әсәресе, оның жерортатеңіздік жағалауындағы ірі мемлекеттер туралы деректер көп. Египет перғауында қызметте жүрген финикиялықтар б.з.б. 600 ж. шамасында бүкіл құрлықты айнала жүзіп шыққан. XIV ғасырда марокколық араб Әбу Абдаллаһ Мұхаммед ибн Баттута қазіргі Сомали мемлекеті аймағын, кейіннен Мали мен Тимбукту жерлеріне саяхат жасап, зерттеген. Құрлықты б.з.-да ең алғаш рет Үндістанға баратын қысқа жол іздеу мақсатында Васко да Гамма (1497 – 1498) басқарған португал экспедициясы айналып шыққан, бірақ құрлықтың ішкі бөлігіне ешкім тереңдеп енбеген. Тек XIX ғасырдағы отаршылықнауқаны кезінде көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілген. Олардың ішінде ағылшын саяхатшысы Давид Ливингстонның 1840 – 1870 ж. және орыс саяхатшысы В. В. Юнкердің 1876 – 1896 ж. зерттеулерін атауға болады.
Саяси бөлінісі
Африканың қазіргі саяси картасында 55 мемлекет бар. Олардың үшеуінде конституциялық монархия (Марокко, Лесото, Свазиленд), Намибия федерациялық республика, ал қалғандарында республикалық мемлекеттік құрылым орныққан. Африка елдерінің көпшілігінде шаруашылықтың бір жақты мамандануы,яғни экспортқа бағытталған шикізат немесе азық-түлік өндіру сақталған. 80-жылдары Африканың кейбір елдерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ерекше нашарлап, терең дағдарысқа ұшырады. Бұл жағдай әлі де жалғасуда.
Ұлттық энциклопедия
562-565 беттер