Адам аралық қатынастар психологиясы туралы реферат
Тақырыбы: Адам аралық қатынастар психологиясы
Жоспары:
- Адам аралық қатынастар жөнiндегi жалпы түсiнiк.
- Адамдардың бiрiн-бiрi қабылдауы мен түсiнуi.
- Таным мен түсiнудегi қателiктер себебi.
1. Адам аралық қатынастар жөнiндегi жалпы түсiнiк.
Адам аралық қатынас дегенiмiз – қарапайым да күрделi проблемма. Күнделiктi тұрмысымызда осы қатынассыз жасауымыз мүмкiн емес.
Адам арасындағы қатынастардың түрi келесiдей: жеке және қызметтiк, дара және топтық, тең құқықты және тәуелдi, қарама-қарсылықты және дау-дамайлы. Жеке қатынастар екi адам арасындағы сүйiспеншiлiк пен жеккөрушiлiктен, сыйластық пен араздықтан, сенiм мен күдiктенуден тұрады. Мұндай сипаттағы қатынастардың пайда болуы әр жеке адамның қоғамдағы орны мен мiндетiне тәуелдi емес. Мысалы, бала өз ата-анасын сыйлауы да, жеккөруi де мүмкiн; өз қызметiн ойдағыдай атқарып жүрген мұғалiм бiр шәкiртiне үлкен сүйiспеншiлiк танытса, екiншiсiн көргiсi келмейдi.
Қызметтiк қатынастар топ не мекеме мүшелерi арасында олардың сол топтағы құқы не мiндеттерiне орай қалыптасады.
Егер ара қатынастар әрбiр адамның меншiктi қажеттерi сипатында қаралса, олар жеке қатынастар атанып, ал ара қатынастар тұстай жүйелiкке сүйенiп, екi, одан да көп адамдардың сипаттамасы ретiнде қабылданса, топтық қатынастар деп аталады.
Тең құқықты қатынастар – қатынастар мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi теңгерiлген жерде, ал тәуелдi қатынастар құқықтары мен мiндеттерi бiрдей болмаған жағдайда қалыптасады.
Адамдар арасында қарама-қарсылық болмай, өзара терең сыйластық жайлаған ортада үйлесiмдi қатынастар нышан бередi.
Топ iшiнде кейбiр тұлғалардың ұнамды ниеттерi екiншi бiреулердiң келеңсiз ниеттерiмен тоғысқан шақтарда қарама-қарсылықты қатынастар бой тiктейдi.
Адамдардың бiр-бiрiне деген өшпендiлiгi болған жерде дау-дамайлы, жанжалды қатынастар өрбидi.
Адамдар арасындағы, тiптi кейде бiр тұлғаның да бойынан көрiнетiн адамдық қатынастар түрi мiне осындай. Бұл қатынастардың бәрi өмiрде адамдардың бiр-бiрiне беретiн бағалары мен мiнездемелерiнде, әр адамның басқаға бағытталған iс-әрекет, қылығында, өзара байланысқан ойы мен сезiмiнде көрiнiс бередi.
Тұрақты да келелi қатынастар жүйесi қалыптаспаған ортада адамның өрелi өмiр сүруi өте қиын, себебi әрбiр жеке адамның да, топ мен ұжымның да қоғамдағы болмысын осы қатынастар айқындайды. Балалық шақта орныққан адам аралық қатынастарға орай адам азаматтық қасиеттерiн тiктейдi. Ересекткрiң төңiрегiндегiлермен қатынасын сол ортаның көңiл-күйi айқындалып, алға қойған мұрат-мақсаттардың сәттi орындалуы не кедергiге ұшырауы мүмкiн.
Адам аралық қатынастардан туындайтын ең қиын да қолайсыз құбылыс – бұл остракизм, қоғамнан алыстау, яғни кейбiр адамдардың көпшiлiк арасында сиымсыздығынан ұжымдық қатынастан шеткерiлеп қалуы. Мұндай адамдар көпшiлiктiң жек көрушiлiгiне тап болып, назардан тыс қалады, елеңбейдi. Осыдан өзi қатарларынан оң қатынас таба алмай, ақырында адамгершiлiк қасиеттерiнен айырылып, қауымдық өмiр тiршiлiгiнен айрылғандар да кездеседi.
Адам аралық қатынастардың ерекшелiгi олардың эмоционалды болуында. Адам өзi тектеспен араласа отырып, бiр-бiрiне болған айрықша сезiмдер мен ықыластарға кезiгедi. Жеке аралық қатынастар, әдетте, субъектив сипатта болып, әр адамның шын мәнiндегi тұлғалық оң не терiс қасиеттерiне сай келе бермейдi. Олар әрқашан адамның көңiл-күйiне байланысты, бiр адамның екiншiсiне деген сезiм толғанысының ауысуымен өзгерiске келiп тұрады. Көңiл-күйдiң бiр сәттiк болуынан, жеке қатынастар құбылмалы болып келедi: бүгiнгi тәп-тәуiр сыйлы қатынас күн өтпей-ақ керi сипатқа енуi баршаға аян құбылыс.
Қызметтiк қатынастар жеке қатынастарға қарағанда бiршама тұрақты, олар, әдетте, көңiл-күйге байланысты өзгере бермейдi. Мұндай қатынастардың әрбiр тұлғаның көңiл-күйiне бағына бермейтiндiгiнен, оларды ресми қатынастар деп те атайды, яғни мұндай өзара байланыстар қатынасқа түскен адамдардың әрқайсысының жеке ерекшелiктерi мен психалогиялық кейпiне тәуелдi болмауы қажет.
Бiрақ өмiрде жеке және қызметтiк қатынастар өзара кiрiге байланысқан, сондықтан оларды нақты айырып, таза күйiнде қарастыру мүмкiн емес. Бiрiншiден, әр адам өзiнiң даралығымен қызметтiк қатынастарға әрқашан ерекше мән мен сән берiп отырады; екiншiден, әрқандай тұлға нақты қатынастарға өзiнiң жеке ниет, ой, толғаныс және сезiмдерiмен кiрiседi, ал бұлардың бәрi адамның басқалармен болған қызметтiк қатынасына әсерiн тигiзбей қоймайды.
Қарама-қарсылықты қатынастар негiзiнде толық үйлесiм болмағанымен, оған қатысқан адамдар бiр-бiрiнiң әрекетi мен ниетiн түгелдей шектемейдi. Бiрде келiссе, бiрде қарсы тұрып, алға қойған мақсатқа жетуi жолында қажеттi қатынасын үзбейдi. Қатынас түгелдей елемеу мен дау-дамайға бармайды.
Кейде екi адам бiр ортада бола тұрып, бiр-бiрiне деген ыстық та, суық та шырай сезiнбейдi, яғни өзара қатынас жасауға ешқандай қажеттiлiк таппайды, мұндайда олар арасындағы қтынас бейтараптық сипат алады.
Қоғамдық-әлеуметтiк жағдайларға байланысты бiр ортаға түсiп қалған адамдардың бiрi екiншiсiнен өзiн алшақ ұстау қажеттiгi де туытдап қалады. Мұндай кезде адамдар бiр-бiрiне тiкелей жек көрушiлiк танытып, арадағы мәселе бойынша ешбiр келiсiм мүмкiндiгiн таба алмайды да, iздемейдi де. Мұның бәрi ортадағы жанжалды қатынастың ушығуынан.
Адамдар арасындағы және бiр ерекше қатынас түрi – бұл екi ұшты, амбиваленттi қатынастар. Мұндай ара байланыстың себебi бiр адамдағы екiншiге деген өзара тiкелей қарсы екi бiрдей эмоцияның: жек көрушiлiк пен құрметтiң қосарлана жүруi. Осыдан мұндай қатынастағы адамдар өздерiнiң көңiл төркiнiнде жатқан ниеттерiнiң нендей жағдайда екенiн айырып алуында бiраз қиналады.
Адамдар аралық қатынастар негiзiнде адамдардың бiрiмен-бiрi өзара әрекетке, тiлдесуге болған өмiрлiк қажеттiлiгi жатыр. Тұрмыстық не қоғамдық қажетсiнуден бiрiн-бiрi керексiнген адамдар өзара қатынасқа келiп, ал ол болмаса бiр-бiрiнен бейтарап қалады. өмiрлiк маңызды қажеттiлiктерi бола тұрып, оларды қанағаттандыруда кедергiлiк ететiн қалыптар да болады. Бұл жағдайда да қатынастар үзiлмейдi, бiрақ мұндағы қатынастар өшпендiлiк не жек көрушiлiкпен ұштасады.
Адамдар қажетсiнулерiнiң арасында өз мәнi бойынша iзгi адамгершiлiк сипатты байланыстар да болады. Мұндайды психалогияда альтруистiк қатынас деп атайды. Альтруист адамдардың барынша ойы, iс-әрекетi әрдайым тек жақсылыққа, қай жағдайда да жәрдем етуге бағышталады.
Адамдар арасындағы үйлесiмдi қатынастар сирек кездеседi, сондықтан мұндай қатынастарды адамдардың мәңгi арман еткен мұраты ретiнде қарастырған жөн. Бұл қатынастар типiне тұрмыста кезiгетiн “сүйiспеншiлiк” қатынасты жатқызуға болады. Егер бiр адамның екiншiсiне психалогиялық тартымы болса, бiрiн-бiрi адамгершiлiк сезiммен қабылдаса, екiншi адамға қолынан келген жақсылығын аямаса, мiне мұндай қатынасты — үйлесiмдi қатынас деп бағалау әбден жарасымды.
Адамдар аралық қатынастар сипатына ықпал етушi факторлардың бiрi психалогиялық үйлестiк (үйлесiмсiздiк). Көп жағдайда адамдар өз қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн бiрiн-бiрi керек етедi, бiрақ, көзқарас, ниеттерiндегi болмашы айырмашылықтардан өзара қатынастарын қалыпқа түсiре алмайды. Мұндай толық психалогиялық үйлесiм таба алмаған жандар арасында бiршама ұнамды қызметтiк қатынастар болғанымен, уақыт өтумен бiрте-бiрте өрiм түскен арақатынастағы жеке психалогиялық үйлеспеушiлiк олардың ресми байланыстарының кедергiсiне айналады.
Адамдар арасындағы қатынастардың өзгеруiне мүмкiн болар себеп – бұл нақты адамдар қатынастарының туындап, дамитын әлеуметтiк-психалогиялық орта сипатының ауысуы. Екi немесе одан да көп адамдар бiрiн-бiрi өте қажетсiнедi, орталарында толық психалогиялық үйлестiк болған, бiрақ кенеттен өзгерген әлеуметтiк-саяси жағдай оларды әртүрлi партиялар мен ағымдарға енуiнен екi жiкке бөлiп тастайды. Мұндай жағдай жастарда кездесiп тұрады: өзара келiсiмдi жас жұбайлардың өмiрi кенет олармен психалогиялық үйлесiм таппаған жақын туысқандарының ықпалынан құрдымға кетедi. Мейлi, бұл жас жұбайлар арасындағы қатынас кейiн ресми бекiгенiмен, тату-тәттi туысқандық қатынастар арасындағыдай шапағатты жалғасын табу қиын.
Адамдар қатынасының орнығуы немесе өзгеруiне және бiр себепшi фактор – бұл адамдардың жас деңгейi. өмiр бойы топтаған тұрмыс-әлеуметтiк тәжiрибе адамға, оның төңiрегiндегi жандарға, болып жатқан оқиғаларға әсерiн тигiзбей қоймайды. Жас деңгейi әртүрлi адамдардыңбiр оқиғаға болған бағасы бiрiнен-бiрi алшақ болуы әбден ықтимал, жастық айырма неғұрлым үлкен болса, психалогиялық келiспеушiлiк те соншама болады. Мысалы, жастардың киiмi, өнер талғамы үлкендерге ұнай бермейтiндiгiне бәрiмiз де куәмiз. Бұл жағдай әулеттер арасындағы қатынастардың мән-мағынасына өз әсерiн бiлдiрмей қоймайды.
Ал осы төңiрегiндегiлермен болған өз қатынасының сипатын адам өзi сезе ала ма, не сезбей ме? Бұл сұраққа жауап бiрнеше жағдайларға тiреледi. Бiрiншiден, бұл нақты адамның ой-өрiс (сана-сезiм) даму деңгейiне байланысты. Ақыл-есi бiршама жетiлген адамдар өздерiнiң төңiрегiндегiлермен қатынасын жақсы түсiнiп, дұрыс қабылдайды. Адам аралық қатынастарды орынды сезiну және бағалау жоғары дамыған рефлекстiк қабiлеттi керек етедi (қоршаған ортадан келiп түскен ақпараттық сигналдарды жан-жақты мәндiк байланысымен қабылдап, жауап бере алу).
Екiншiден, бұл адамның жасына тәуелдi. Егделер балаларға қарағанда өзара қатынасты дәлiрек пайымдайды, ұнамды не бiржақты келеңсiз қатынастарды оңай бағалап, бейтарап қатынасты да отынды сезiнедi. өмiрде екiұшты немесе амбиваленттiк және өз iшiне ұнамды да, жағымсыз да сипаттарды бiрдей қамтыған қарама-қарсылықты қатынастарды бағалау күрделiрек келедi.
Адамдар арасындағы қатынастар сол қатынастардың нақты адам өмiрiндегi маңызына қарай да бағаланады. Қарым-қатынас адам үшiн неғұрлым маңызды болса, оның бағалауында соғұрлым дәлсiздiктер жiберiлуi мүмкiн. өзiнiң төңiрегiндегiлермен байланысына аса үлкен мән берген адамдар, арақатынастарының ұнамды тараптарын асыра мақтауға бейiм келедi. Керiсiнше, кiмде кiммен ұнамсыз қатынаста болса, аам ондайда қарсыласын түбiн түсiре жамандауға ниеттенедi де тұрады.
Әрқилы адамдардың өзара қатынастарын тануда көптеген жеке дара ерекшелiктер бар. Кейбiр ой-сезiмi толысқан, парасатты адамдар өзара қатынастарды жан-жақты пайымдаумен, дұрыс қабылдауға қабiлеттi, екiншi бiреулердiң жалпы оң пiкiр айтуға өрiсi жетпейдi, ал үшiншiлер төңiрегiндегiлердiң өзiне деген бағасын бiрде дұрыс түсiнсе, бiрде оған сана-сезiмi жетпей қалады.
Адам аралық қатынастар толық қалыптасып, орныққаннан былай бiркелкi тұрақты қалыпқа келедi. Егер де қатынастарға тән осы қасиет болмағанда, адамзаттық қауымдар: мемлекет, мекеме және топтар түзiлмес едi. Себебi қауымдық бiрлестiктердiң негiзi жалпы адамдардың өзара қатынасының тұрақтылығымен бiртектi болжамға келуiнде. Ал жеке тұлғалар арасындағы өзара байланыстар тұрақтылық дәрежесiнiң бiршама кемдiгiмен ерекшелiнедi.
Үлкен әлеуметтiк топтардағы қызметтiк, ресми қатынастар өзiнiң күштi мызғымастығымен байқалады, кiшi топтағы байланыстар да бiршама осындай. Iрiлi-кiшiлi қауымдастықтардағы қарым-қатынастар көптеген өмiрлiк маңызы зор факторларға тәуелдi, сондықтан адамдар мұндай жағдайдағы қатынастарды өзгерте бергендi онша құптамайды. Егер күнара субъектердiң ниетiне орай төңкерiстер бола берсе, қоғам аласапыраны таусылмай кетерi баршаға аян.
Жеке адамдар арасындағы қарым-қатынастар өте нәзiк те үзiлгiш келедi, себебi нақты тұлғалар арасындағы қатынастар сол қатынас иелерiнiң құбылмалы көңiл күйiне тәуелдi. Уақыттың өтуiмен, жастың егде тартуымен рарлық қатынастар тұрақтала түседi, балалық пен жас өспiрiм шақтағы адамдар арасындағы бұрқасым жол таңдау бұл кезде сабасына келе бастайды, адамның iшкi дүниесi сабыр тауып, кездейсоқ қатынас, байланыстарға құлай түспей, өз қалауын таңдай алу қабiлетiне жетедi. Қатынастардың тұрақталуының және бiр жөнi адамдар бiрiн-бiрi жете танып, бiрiнiң қылығына екiншiсi көнiгiп, өзара үйлесiмге бейiмделуi.
Адамдардың алғашқы танысуынан олар арасындағы бұдан былайғы қатынастардың қай сипатта боларын аңғара салу өте қиын. Көп жағдайда, тым жақсы басталған таныстық қапелiмде үзiледi, ал кейде тiптi басқаша да болады: алғашқысында әйтеуiр бiрдеңеден ұнатпай жүрген адамына бара-бара үлкен құрметпен қатынас көрсеткендер де аз емес. Мұндай жағдайларда адамдардың бiр-бiрiне алғашқы танысуда берген бағалары мен қабылдауына байланысты психалогиялық заңдылықтарға орай туындайды.
Нақты мезеттегi адамдар арасында болатын қатынастардың сипаты көптеген шарттарға тәуелдi, мысалы, адамның ден саулығы мен психалогиялық кейiпi. Денi сау, көңiлi көтерiңкi болса, төңiрегiндегiлермен қатынас та әп-әдемi, үйлесе түседi.көңiл-күйге жайлы жағдай болса, қатынасың одан әрi беки түседi, ал қандай да әбiгер күйде түзiлген қатынас көбiне баянды болмайды.
Адамдар арасындағы қатынастар олардың жеке мiнез-қылығына да байланысты. әрдайым ұнамды арақатынастардың орнығуына адамдағы қайырымшылық, ақ көңiлдiк, үйiршеңдiк, достық пен ұжымшылдық қасиеттер пайдалы. Ал сенiмсiздiк, күмәншiлiк, өшпендiлiк, тұйықтылық пен өзiмшiлдiк – қалыпты қатынастар орнығуына керi әсерiн тигiзедi.
Ой-өрiсi кең дамыған, тәжiрбиесi бар адамдар өз қатынастарын меңгере алады, бiрақ бұл көптiң қолынан келе бермейтiн iс, себебi көп жағдайда аралық қатынастардың мәнiн соларды түзушi адамдардың өздерi де түсiне бермейдi, ал түсiнбеген затты саналы басқару мүмкiн емес.
Жас ұлғайған сайын қатынастар тек тұрақталып қана қоймастан, адамның оларды басқару қабiлетi де артады. Мұндай адамға жәрдемге келетiн оның даралық ерекшелiктерiне қосымша өмiрлiк тәжiрибесi. әрқашан адам аралық қатынастарды жетiм де ұтымды реттейтiн – адамдар арасында кәсiби қызмет бабымен жұмыс жүргiзетiн, сендiре әңгiме айта бiлетiн, әлеуметтiк жетекшiлiкке ыңғайлы мамандар болады, мысалы: саясаткер, мекеме және өндiрiс басшылары, мұғалiмдер, дәрiгерлер мен актерлер. Адам аралық қатынастарға ықпал жасай бiлу қабiлетiн қатынастар психалогиясын үздiксiз үйрену арқылы жетiлдiре, дамытып баруға болады.
- Адамдардың бiрiн-бiрi қабылдауы мен түсiнуi.
Адамдар арасындағы қатынастардың қалыптасуы, әдетте, олардың бiрiн-бiрi қабылдай алуы, түсiнуi және бағалауына байланысты, яғни тiлдесу нәтижесiнде бiр адамның екiншiсiнiң образы жөнiнде топшылаған ой-пiкiрi. Екiншi адамның тұлғалық образын оның сырт пiшiнi мен психалогиясын және әрекет-қылығын байланыстыра, салыстырып тануға болады. Ал психалогиялық бейне әр адамның қажетсiнуiнен, қылық мотивтерiнен, мiнез бiтiстерiнен, әрқандай өмiрлiк жағдайлардағы көңiл-күй толғаныстары мен әрекеттерiнен көрiнедi. Бұлардың бәрi “Ат кiсiнеп, адам сөйлесiп” дегендей әңгiмелесу барысында назарға алынып, санада жiктелiп, бекидi де адамның жеке, нақты бағасын беру негiз болады.
Бөгде адамның бейнесiн қалыптастыру арқылы бiз оған болған қатынасымыздың сипатын айқындаймыз, оның даралық ерекшелiктерiн тануға мүмкiндiк аламыз. Адамды жөнiмен танып, дұрыс бағасын берiп, оның әрекет-қылығының мақсаттары мен түрткiлерiн айқындап, ол тарапынан болып қалар жаупты әрекеттердi күнi бұрын болжастыра, бiз бұлардың бәрiн өз қажеттiлiктерiмiз және мүдделерiмiзбен салыстырамыз, әңгiмелесудiң қолайлы жолдарын болжастырамыз, осы арқылы екi тарапқа да ортақ ниеттердi табумен тұлғалар арасындағы қызметтiк қатынастарға кiремiз. Сонымен, қызықтырған адамның мiнез бiтiстерiн бiлiп алып, ендi оған бағытталған өз әрекет-қылығымыздың формасы таңдастырамыз. Қайткенде де, бiз таңдаған әрекет-қылық түрi ол адамның даралық қасиеттерiне сәйкес болған жөн. Осының нәтижесiнде екi адам ортасында толық өзара түсiнiк, жайлы да берiк аралық қатынастар орнығады.
Адамның эмоционалдық жағдайын бағалай отырып, бiз оның нақты көңiл-күйiне сәйкес қарым-қатынасты дамытып, тереңдете түсуге мүмкiндiк аламыз және өзiмiздiң, оның және төңiрегiндегiлердiң мүдделерiне орай ол адамға тиiмдi психалогиялық ықпал етудiң жолдарын iздестiрiп, пайдаланамыз. Егер бiз қатысқан адамдардың әртүрлi тұмыстық жағдайлары әрекет-қылығын күнi бұрын болжастыра алсақ, оның мiнез-ылығын қажеттi бағытта басқаруға және онымен ұнамды адам аралық қатынастар алып баруға қосымша мүмкiндiктерге ие боламыз.
Бөгде адамның тұлғалық дәрежесi жөнiнде бiз оның дене құрылымы, психалогиялық және қылық-әрекеттiк белгiлерi бойынеша топшылаймыз. Бұл белгiлел адамның сырт көрiнiсiнен, киiмiнен, әрекет-қылығынан, сөзiнен, бет-әлпетi мен ым-ишарасынан байқалады. Адамның сырт көрiнiсi мен психалогиялық бейнесi арасында тiкелей де толық байланыс болғанымен, бұлардың екеуi қандай да өзара ықпалды қатыста. әрқандай адам жөнiндегi бiздiң бiрiншi пайымдауымыз осы сырт келбет пен сөз, қылық көрiнiсiнен туындайды. Ғылым ежелден-ақ адам мiнезi мен дене құрлысының өзара байланысты екенiн дәлелдеген. Дене бiтiмi ерекше бiтiске ие болған адамдар үш типке жатады: астеник, пикник, атлетик. Пикник типтес адамдар – көңiлдi, үйiршең, әңгiмешiл, әрқандай қиыншылыққа жасымайды; астеник адамдар – көбiне тұйық, оңашаланғанды ұнатады, ұдайы ойға шомып жүредi; ал атлетик – ұстамсыз, дүлей келедi.
Адамның iшкi жан дүниесi оның сөзi мен тiлiнен айқын көрiнедi. Қандай сөздер мен тiркестердi қолдануына қарап, сөз ырғағы мен әуенiн талдай отырып, сөйлеу процесiндегi тыныстары мен жеделдiгiне орай жеке адамның ерекшелiктерiн байқаймыз. Адамның сөйлау мәнерiнiң бiразы тума берiледi де, көбi оқу-тәрбие барысында пайда болады.
Кейбiр қатынастарға байланысты адамдардың психалогиялық бейнесi тұрақты келедi де, көбiне ауыспалы болады. Адамның сырт көрiнiсiне орай оның образы бiршам өзгерiссiз сақталады. Осыдан бiз адамды көпшiлiк iшiнде ажырата бiлемiз. Және бiр тұрақты сақталатын қасиеттер – адам мiнезi, қылық-әрекетi мен әдеттерi. Осылар бойынша санамызда жасалған образдар арқылы бiз көп заманнан ажырасқан адамдарымызды танимыз.
Кейде кездейсоқ ұшырасқан адамымыз көптен таныс сияқты болып көрiнедi. Ал тiлдесе келе, оның әрекет-қылығына мән бере, тiптi басқа бiреу екенiне көз жеткiземiз. Кейде, керсiнше, алғашқыда танымасақ та, адамның мiнез бiтiстерiнен, әрекет- қылығынан бұрыннан бiзге таныс белгiлердi байқап, жақындасуға тырысамыз. Осыдан, бiздiң санымызда бекiген адам бейнесiнде үлкен рөл ойнайтын — мiнез бiтiстерi, екiншi орында — адамның сырт көрiнiстерi.
Уақыт ағымына берiлмей, ұзақ мерзiм сақталатын белгiлер – адамның қажетсiнуiлерi, әрекет-қылық мотивтерi мен қызығулары. Бұлар бойынша бiз адамды тануымыз мүмкiн, бiрақ бұл үшiн аталған белгiлер сол адамның сырт көрiнiсi мен мiнезiнен бiраз байқалуы тиiс.
Жоғарыда бөгде адамды тану, бiлу мүмкiндiгiн әңгiмеледiк, ал ендi адам өзiн-өзi сарапқа сала ала ма, жоқ па деген сұраққа жауап iзделiк. Бұған оң да, керi де жауап айту мүмкiн. Егер адам өзiн-өзi түк танымаса, онда оның қауым ортасындағы әрекет-қылықтары алдын ала өзiндiк болжастыруға келмей, тұрақсыз кейiпке енер едi. Сонымен бiрге, мұндай адамның қатынас қылығы мен iс-әрекеттерi ақыл оралымынан алшақ, төңiрегiндегiлердiң iсiмен сәйкестiк таппайды. Егер адам өз әрекетiн сырт көзбен бағалай алмаса, оның iс-қадамдары кейбiр жағдайларда оғаш көрiнедi. Егде адам бала сияқты былдырласа немесе бала жасына келмей үлкеннiң ұстамдығын танытса, төңiрегiндегiлер мұндайларды не жай күлкiге алады, не сайқы-мазаққа телидi.
Екiншi тараптан, егер адам өзi жөнiнде бәрiн бiле берсе, онда өмiрге деген қызығушылықтың да қажетi болмай қалары сөзсiз, себебi саналы адамның бар өмiрлiк болмысы осы өзiн тануға деген жоғары ынта-ықыластан нәр алады. Адамдың қалыпты өмiрi үшiн өзiн-өзi бiле алмастық та, аса көп бiлу де сиыспайтын құбылыстар.
Адам өзiнiң шындыққа келетiн сырт көрiнiсiнен басқа өзiнiң мiнез бiтiстерi жөнiнде де азды-көптi мәлiметке ие,бiрақ бұл мәлiметтер көбiне адамның өзi жөнiндегi ұнамды пайымдауларды қамтиды. Сонымен бiрге, адам өзiнiң кейбiр әлеуметтiк талапқа сай қажетсiнулерi мен әрекет-қылығының түрткiлерiн тануға бейiм. Ал өз саласының астарында жатқан немесе моральдық тыйымдарға байланысты санаға жат психалогиялық бiтiстерiн тiптi де бiлмейдi.
Адам өзi жөнiндегi шындықты басқалардың оның iс-әрекетiне болған қатынасынан байқауына болады. өз әрекеттерi мен сол әрекеттерге берген басқалар бағасын салыстыра, адам жанама түрде өзi қасиеттерi мен сапарларын болжастыруына болады.
Iс-әрекет нәтижеге жетсе, мақтау алып, не сәтсiздiкке ұшырап, сырттың жоғары немесе ұнамсыз бағасына кезiгумен әр жеке адам өзiнiң қабiлет деңгейiн сезедi. Өмiрде жетiскен iсiне қанағаттануын, болмаса қанағаттанбауынiшкi, ниеттегi психалогиялық бейнемен салыстыра алса, адам өз қажетсiнулерi мен мотивтерiнiң оң не терiс бағытын дұрыс та толық тани алады.
Есте ұстайтын жәйт, өз бағаңды қортындылауда толығымен басқалар пiкiрiне құлай түсуге болмайды. Себебi өзiңiз ұнамды қатынастағы адамдар сiздi асыра мақтауға дайын тұрса, қалай да жек көретiн адамдар сiзде бiрде-бiр ұнамды қасиет көре алмауы мүмкiн. Сонымен бiрге, әр адам өзiнiң афферент жағдайындағы әрекетiн тiптi де бiлмеуi мүмкiн, себебi мұндай сапалық басқарудан айырылған кезде, адам өзiне, басқалар реакциясына объектив баға берiп, әрекетiн байқастыру қабiлетiнен айырылады.
Адамның өзiн-өзi тануы төңiрегiндегiлердiң қабылдауы мен бағасына тығыз байланысты, кеңiрек айтар болсақ, барша адамдардың өзара түсiнуiне тәуелдi күнделiктi тұрмыстық қатынастар, тiлдесу негiзiнде адамың психалогиялық бейнесiн түзу үшiн келесi тәсiлдер қолданылады: бiтiс тану, алғашқы әсерлену, жаңалықты әсерлену, ықтималды болжай әсерлену, асыра сiлтей әсерлену, жеке адамның бiтiстердi бiрiктiре әсерленуi. (Р.С.Немов)
Адам образын жасаудың ең көп тараған тәсiлi – бұл бiтiс тану. Оның мәнi: адам төңiрегiндегiлердi өзiне тән қасиеттер мен сапалар тұрғысынан бағалайды, яғни өз мiнез бiтiстерiн екiншi бiреулерге таңады, оның қылық-әрекетiн түсiнгiсi келiп, өзiн сол адамның орнына қоя салады. Мұндай тәсiл бiр адамға бiткен мiнездi екiншi адамға таңа салуда да көрiнедi. Осылайынша, басқалардың мiнез, әрекет-қылық бiтiстерiн өзiмiздi қызықтырған адамға таңу арқылы да нақты тұлға жөнiнде бiр жөндi психалогиялық мәлiмет топталтыруымызға болады.
Алғашқы әсер тәсiлi бөгде адамдаы бiрiншi көргеннен қалыптасатын образды бекiту үшiн қолданылады. Бұл құбылыстың болуы адамға байланысты алғашқы әсердiң кейiнгi әсерлерге қарағанда күштiрек сезiлуiнен. Назарға алған адам жөнiнде көп, әртүрлi ақпаратты бiрiнен кейiн бiрi бiр iздi қабылдау кезiнде бiздiң санамызға ең алғашқы мәлiмет тұрақталып қалатыны ғылымда дәлелденген.
Ал ендi жеткiзiлiп жатқан ақпараттағы адам қасиеттерiнiң тiзiмi молдау болып, мәлiмет бөлiктерiн хабарлау барысында бiршама уақыт үзiлiсi болса, алғашқы ақпарат соңына қарай ұмытылады. Бұл жағдайда алғашқы әсерленуге қарсы құбылыс – жаңалықты әсерлену тәсiлi iске кiрiседi, яғни талдауға түскен адамның образы ол жөнiндегi ең соңғы мәлiметке орай құрылады.
Ықтималды болжай әсерлену деп келесi құбылысты түсiнемiз: адам миы болашақ оқиғаларды алдын ала болжастыру қабiлетiне ие. Осыдан тұлға басталған iс-әрекеттiң бағдарын, қарқындылығы мен ақырғы нәтижесiн күнi бұрын жоспарлайды. әлi қолда жоқ бүтiн затты оның бөлiктерi бойынша ойда белгiлi бiр формаға келтiрiп, жан-жақты сипаттамасын бере алады.
Оқиғалар мен құбылыстарды дәл болжастыру қажеттiлiгi адамдардың өзара түсiнуi мен бiрiн-бiрi қабылдауында өте қажет. Мысалы, адамға тән белгiлi бiтiстерi бойынша оның әлi белгiсiз, бiрақ онда болуы тиiс қасиеттерiн анықтауымыз мүмкiн: батыр адам әрқашан да адал да аңғал болатынына ешбiр күмәнданбаймыз, сондай-ақ, қорқақ — әрдайым өтiрiкшi, мәдениеттi – ой өрiсi кең, қайырымды – үйiршең, сенгiш, өшпендi адам — әрқашан тұйық, күмәншiл келедi. Егер өмiр жағдайлары адамның әлi белгiсiз қасиеттерi жөнiндегi бiздiң болжамымызды растайтын болса, онда болжастыруға деген бiздiң сенiмiмiздi бекiте түседi не керiсiнше де болуы мүмкiн. Адамның болжастыру қабiлетiне өмiрлiк тәжiрибе өзi түзулер енгiзiп,нақтылап барады.
Асыра сiлтеу әсерi адам жөнiндегi алғашқы бағаның кейiнгiлерiне күштi ықпал етуiнен пайда болады. Мұндай әсерден бiрiншi берiлген мiнездеме қатып қалған, өзгермес күйге түседi. Егер қандай да адам бiр көруден бiзге ұнамды тарапынан танылып қалса, кейiн де бiз осы бағамыздан танбай, басқа бiр сын көзқарастарды ол адамға жолатпауға тырысамыз. Керiсiнше де болуы мүмкiн: алғашқы тiлдесуден ұнамаған адам соң қай күйге келiп жолықса да, баяғы жек көрушiлiгiмiзден арылуымыз қиын, санамызда қалыптасқан алғашқы келеңсiз образ басқаларын ығыстырып, өз орнын бермеуге тырысады.
Психологиялық бейне жасауда ең күрделi де маңызды тәсiл – веке адамның бiтiстердi бiрiктiре әсерлену құбылысы. Оның мәнi мынада: әрбiр адам сан-қилы тұлғалармен көп мәрте кездесе жүрiп, қабылдау және бағалаумен жадында олардың сырт көрiнiсi, психологиялық және әрекет-қылығы туралы пайымдау бекiтедi. Көп қайталап кездескен бұл әсерлер бiрiгедi де, солардың iшiнде бiрi, мымалы, адамның сырт келбетi белгiлi бiр психологиялық iшкi қасиетпен ұштастырылады. Осы бiрiккен образ негiзiнде екiншi бiр адамды кездестiргенiмiзде, одан оның сырт пiшiнiне қарап, өзiмiздiң санамызда орныққан осы пiшiнге сәйкес қасиеттi iздестiремiз. Мысалы, қабағы түксиген адамдар көбiне тұйық, ауыр мiнездi келедi. Мiне осы жалпылай, бiрiктiре түскен iшкi бейнемiздi қабағы түксиген нақты адамдардың бәрiне бiрдей баламалай саламыз. Адамдардың психологиясындағы жалпылық олардың iс-әрекетiнде жалпылай кездеседi, ал iс-әрекеттегi жалпы қасиеттер адамдардың жалпы сырт тұлғалық бейнесiнен көрiнедi. Осылай жалпылай бiрiктiрiп, образ жасау қасиетi жас өспiрiмдiк шақтан орнығып,кейiн өмiр бойы түзетулермен реттелiп барады. Осы тәсiлдi жақсы игеруден адам психологиясы құрылымының бiр белгiсi: әрекет-қылығы, дүниетанымы немесе мiнезi – бойынша сол аданың басқа да қасиеттерiн бағалаушы адам өзiнде қалыптасқан бiрiкпе образ арқылы ашуға бейiмделедi. Егер осы бiрiкпе образ жасау тәсiлi адамның сырт көрiнiсi мен iшкi дүниесi арасындағы байланыстың шындыққа жақын екнiн дәлелдей алса, онда бұл адамдарды бағалауда, оның әрекет-қылығын күнi бұрын болжастыруда таптырмас құралға айналады, ал керi жағдайда жаңсақ әңгiмелерге тап қылады.
Бөгде аданың ерекшклiктерiн тануда жеке-дара және кәсiби ерекшелiктер көп рөл ойнайды. Қайырымды, мейiрман, әсерлi адам басқаларды жеңiл түсiнедi, қабылдайды, себебi мұндай адамдар, әдетте үлкен де бай қатынас тәжiрбиесiне ие болумен, басқалардан әрқашан жақсылық қасиеттердi iздестiруге бейiм келедi, ал өз өмiр жолы сәтсiздiктен қаланып, көпшiлiкпен тiл табыса алмаған адам басқалардың да оңды образын жасауға қабiлетсiз келедi.
Кең әлеумет ортасында жүрген кәсiп, қызмет иелерi (педагог, дәрiгер, экономист, саясаткер, әдебиетшi, өнер адамы) төңiрегiндегiледi дұрыс бағалап, қасиеттерiне сәйкес қабылдай бiледi.
- Таным мен түсiнудегi қателiктер себебi.
Бiрiн-бiрi түсiнуде дадамдар көбiне шектен тыс өзiмшiл, субъективтi, асығыс қорытынды жасауға бейiмшiл келедi.
Адамның өзiмшiлдiгi оның төңiрегiндегiлерге баға берудегi өз қабылетiн асыра дәрiптеуiнен келiп шығады. өзiнiң кейбiр iстерге байланысты ой-өрiстерi мен ептiлiктерiнiң мүлтiксiз жұмыс атқаруға жарайтынын пайдаланып, адам сипаттауда да сол қабiлетiм жеткiлiктi дегендей жаңсақ ойдың арбауында қалып қояды да, нәтижеде назарға алған адамы жөнiнде қате пiкiрге тап келедi. Ал онысын өзi сезбейдi де, мойындамайды. Мұның түпкi себебi – заттар мен жан дүниелi адамдарға болған қатынастардың өзiндiк ерекшелiктерiн бiлмеуден.
Субъектив қателiктiң мәнi: нақты кезеңдегi өзiнiң психологиялық кейпiне назар салмастан, адам нақты көрiп тұрғаны мен естiгенiне сенiп қалады, ал көз бен құлақ қабылдауы әрқашан адамның жеке кәңiл-күйiнiң жағдайына тәуелдi. Қандай да адамды қабылдауымыз бiздiң өзiмiздiң сол мезеттегi жан толғанысымыз, көңiл шарпуымыз бен қажетсiнуiмiзге байланыстыкеледi. Осы тұғыдан адам бағалауда өз сезiмi мен пiкiр пайымдауына да толығымен сене беруге болмайды.
Ситуативтiк қателiк мәнi: басқаны бағалай және қабылдай отырып, тұлға өз қабылдау процесiнiң қандай жағдайда өтiп жатқанын ескермеуi және сол жағдайдың оның өзiнiң әрекет-қылығы мен бақылауындағы адамның болмысын нендей әсер етiп жатқанын байқамауы мүмкiн, ал адам өзiнiң бақылау астында екенiн сезсе, өзiнiң әдеттегi, қалыпты қылықтарын бұрмалап кiрiсуге тырысады. Бақылаушының өзi де нақты жағдайларға орай өз әрекетiнiң формасын өзгертедi. Мысалы, дәрiгердi сырқаттың өзiнiң қызмет кабинетiнде қабылдауы мен сол адамды кездейсоқ көшеде не демалыс орнында кездестiрiп, тану үлкен өзгешелiктерге ие. Осыдан психологиялық образ қалыптастыру процесiне ситуацияға орай реттеу мен түзетулер ендiрiп тұрған шеп болмайды.
Асығыс қорытынды жасауға байланысты қателiк мәнi: бақыланушы адам жөнiндегi пiкiр мүмкiн болған мәлiметтердiң бәрi жинақталмай, үстiрт берiледi. Мұндай қателiк болмау үшiн төңiрегiндегiлердi түсiнуге ниет еткен әрбiр адам өзiн ұстамдылықпен, болжамы нақты деректермен айқындалмағанша, бақылауға алынған тұлға жөнiнде ой топшылаудан аулақ болғаны жөн.
Қателiктердiң және бiр тобы жалған қарапайымдылықтан келiп шығады. Мұндай қателiк өзiн-өзi шын мәнiнде кiм екенiн бiлмейтiн, қоғамдық беделi жоқ, аңғырт адамдарда болады. Бұл типтегi жандар төңiрегiндегiлердiң iшкi жан дүниесi мен әрекет-қылығының мәнiн түсiнуге қабiлетi жетпегенiнен, өзiн дүниесiн хабарсыз, не болса, соған сенгiш кейiпте танытып, кiм болса, соның арбауына түсiп кете бередi.