Зұқай Шәрбақынұлы | өмірбаяны
1940 жылы Монғолияда туған Зұқай Шәрбақынұлы Монғол Педагогикалық институты мен Партия жоғары мектебін тәмамдаған. Монғолияның батыс бөлігіндегі қазақ диаспорасы қоныстанған Баян-Өлгий аймағының спорт және әкімшілік саласында жауапты қызметтер атқарған. 1960 жылдардан әдебиетпен айналысып, өлең, дастан, толғау, поэма, тарихи хикаялар мен ғұмырнамалық шығармаларға қалам тербеп келеді. 1970-1990 жылдар аралығында Монғолия жерінде «Көкпар», «Ақ жаңбыр», «Сыр маржандары», «Көңілдің көкжиегі», «Жайлау сазы» т.б. өлең жинақтары жарық көрген. 1975 жылдан Монғолия Жазушылар одағының, 1993 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1992 жылы ұрпағын ата-баба жеріне жеткізу мақсатымен Атамекенге оралған соң да еңбек жолынан аумай, совхоз директорының орынбасары, Ақмола облыстық көші-қон басқармасында аға маман болып қызмет атқарды. Қазақстан жерінде «Киелі қанның тамшысы», «Нар тұлға», «Бедерлі ғұмыр», «Қияда түлеген қыран», «Қойтасты қойнауы жасырған сыр» сияқты прозалық кітаптары мен «Айбыным — Атамекенім», «Аспан асты – кең мекен», «Тылсым тірлік тағылымы», «Өмірдің өң бедері», «Қарт жүректің алауы» және т.б. кітаптары жарыққа шығып, оқырман қолына жетті. Оқырман қауымға 20 астам кітап сыйлаған арқалы автор, ел көлемінде өткен көптеген жыр мүшайраларының жүлдегері.
Зұқай Шәрбақынұлы бұл күнде өзге елде де, өз елінде де атқарған ұзақ жылдарғы еңбегінің зейнетін көріп, Алланың берген қуатымен Алматы облысының «тамыры терең, өмірі өлең ырысты ел» атанған Жамбыл ауданының Үмбетәлі ауылында бала-шағасы, ағайын-туысының ортасында бақуатты өмір кешуде.
Төмендегі өлеңдер ақынның үстіміздегі жылы Алматы қаласында жарық көрген «Беймаза шақтар әуені» атты жаңа кітабынан алынды.