Жүсіпбек Алтайбаев | өмірбаяны
Жүсіпбек Алтайбаев (1911–1987) — 5 қаңтарда Жезқазған жеріндегі Шет ауданында туған.
1933–1971 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі, жауапты хатшысы, редакторы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің жауапты хатшысы, «Вожатый» журналының редакторы, «Комсомол» баспасының Бас редакторы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің жауапты хатшысы, Талдықорған облысы «Сталиншіл» (кейін «Жерұйық»), Семей облысы «Екпінді» (қазіргі «Семей таңы») газеттерінің редакторы, ҚазТАГтың директоры, Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы, ҚР Телевизия және радиохабары жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, сатиралық «Ара»–«Шмель» журналының Бас редакторы болды.
Баспасөзде 1938 жылдан көріне бастады. 1965 жылы алғашқы сатиралық жинағы «Нақнақ» жарық көрді. Кейін «Сыпырғыш» (1969), «Ұятай» (1973), «Түлек» (1977), «Бұзаулы сиырға арзан домбыра» (1978), т.б. фельетон, сықақ, әңгіме, повестер жинақтары басылды.
Аударма саласында: Н.Гогольдің «Диканька хуторы маңындағы кештер», И.Тургеневтің «Қарсаңда», М.Горькийдің «Фома Гордеев», Р.Джованьолидің «Спартак», И.Ильф пен Е.Петровтың «Алтын баспақ», «Он екі орындық» романдарын аударды.
3 мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.