Жұмат Шанин өмірбаяны

0

Жұмат Шанин  (1892–1939) бұрынғы Семей губерниясы, Павлодар уезі, Баянауыл тауларының бір сілемі – «Желтау» деген жерде туған. 

1913–1916 жж. Омбыдағы бухгалтерлер курсын бітірген. Осы қаладағы Машинский зауытында бас бухгалтердің көмекшісі болып істеген. 

1916–1917 жж. әскерге алынып, Рига қаласына таяу маңда қара жұмыс істейді. Революциялық іс-әрекеттері үшін патша үкіметі тарапынан қудаланып, түрмеге қамалады. Майданнан оралған соң, 1917–1920 жж. Қарқаралы қаласында уездік кооперативте істейді. 

1921 жылы Павлодар уездік партия комитетінің мүшесі, 1922 жылы президиум мүшесі болады. 

1922–1923 жылдары Зайсан уездік комитетінің төрағасына сайланады. 

1923 жылы Семей губерниялық атқару комитетінің мүшесі, оның жер комиссиясының төрағасы және ҚазОАК-нің мүшесі, 1925–1926 жылы Бүкілодақтық Кожсиндикат мекемесінің Семей губерниялық басқармасы төрағасының орынбасары болады.

«Арқалық батыр» трагедиясы 1924 жылғы қаңтар айында Семейдегі қалалық клубта қойылды. «Таң» журналының 1925 жылғы бірінші санында «Торсықбай қу» комедиясы басылған. 1926 жылы ашылған Қазақ ұлттық театрының тұңғыш режиссері, көркемдік жағын басқарушы әрі директоры болды. 

Қазақ театрының сахнасында Шекспирдің «Гамлет», Пушкиннің «Тас мейман», «Сараң сері», Б.Майлиннің «Майдан», І.Жансүгіровтің «Кек», М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» сияқты тамаша спектакльдерін қойды. Шымкент облыстық театры оның есімімен аталады. Алматыдағы өнер институтында Ж.Шанин атындағы стипендия тағайындалды.

 

Шығармалары: Торсықбай. Айдарбек. Пьесалар. Қызылорда. 1928; Арқалық батыр. Пьеса. Семей. 1926; Шахта. Пьеса. Қызылорда. 1930; Үш бала. Пьеса. Қызылорда. 1932.