Жұмағали Ысмағұлов өмірбаяны

0

Жұмағали Ысмағұлов (1928 жылы туылған) – (17.4. 1928 жылы туылған, Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Соналы ауылы) – публицист-жазушы, аудармашы, сыншы-әдебиетші ғалым. Филология ғылым докторы (1994), профессор (1998). Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетінің журналистика бөлімін (1951), КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген (1961).





Ысмағұлов еңбек жолын әріп терушіліктен бастады. 1943 – 54 бірқатар баспасөз органдарында қызмет атқарды. Қазақстан Компартиясы ОК-де нұсқаушы (1954 – 58), “Қазақ әдебиеті” газетінде бас редактор (1961 – 63), Алматы облыстық “Жетісу” газетінде бөлім меңгерушісі (1963 – 64), Шығыс Қазақстан облыстық “Коммунизм туы” газетінде жауапты редактордың орынбасары (1965 – 69), Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы Партия тарихы ин-тында Марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аудару секторының меңгерушісі (1969 – 73) болып қызмет етті. 1973 жылдан Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі жанындағы Ақпарат агенттігінде (ҚазТАГ) директордың орынбасары болып тағайындалып, 1982 – 87 жылдары директоры болды. 1985 жылы он бірінші сайланған Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.