Жұбан Молдағалиев | өмірбаяны
Жұбан Молдағалиев (1920-1988) — ірі эпик ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы 1920 жылы Орал облысының (қазіргі Батыс Қазақстан обл.) Тайпақ ауданы, Жыланды деген жерде дүниеге келді. Жетіжылдық мектепте, Орал ауыл шаруашылығы техникумында, әскери-саяси курстарда білім алды. 1940-47 жылдары әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Тұңғыш өлеңдер жинағы Жеңіс жырлары атымен жарық көрді. Соғыстан кейін баспасөзде, Қазақстан Жазушылар Одағында басшылық қызмет атқарды. КСРО Министрлер Кеңесінің Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі коллегиясының мүшесі болды. Алғаш 1939 жылы газет бетіне басылған өлеңінен бергі жылдар ішінде алпыстан астам кітабы жарық көрді. Кісен ашқан, Қыран дала, Сел, Мен — қазақпын поэмалары үшін ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, монгол тілдеріне аударылған. 1986 жылы Жазушылар одағында Г.В.Колбинмен өткен кездесуде басын қатерге тіге отырып, жастар қозғалысын қолдады. Ақын қазақ халқының тарихы туралы Мен — қазақпын атты толғауында халқының атынан мінбеге шығып сөйлей отырып, тарихи шындықты, халықтың эпикалық өмірін кестеледі. Сан түрлі тақырыптағы лирикалық шығармаларында туған жер, Отан, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, қазақ тілі, оның тағдыры, ана, әйел, махаббат, соғыс және бейбітшілік, замандастар бейнесін арқау етті.