Жақау Дәуренбеков | өмірбаяны
Жақау Дәуренбеков 1946 жылы 21 қаңтарда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сарбасат ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөл елді мекенінде туған. Сексеуіл стансасындағы №423 орта мектепті бітірген. Еңбек жолын Арал қаласындағы №177 мектепте аға пионер вожатый болып бастаған.
1965 жылы Арал аудандық «Толқын» газетінде әдеби қызметкер болып істеген.
Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1971 жылы бітірген. Оқып жүріп 1970 жылдан бастап «Жас Алашта» (бұрынғы «Лениншіл жас») жұмыс істей бастаған. Жастар газетінде әдеби қызметкер, аға әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, алқа мүшесі, «Өнер» баспасында бөлім меңгеруші, Бас редактордың орынбасары болып істеген.
1994 жылдан бері республикалық «Ана тілі» баспасының директоры.
Мектеп қабырғасында жүрген кезден газетжурналдарда мақала, очерк, әңгімелері үзбей жарияланып тұрған. Алғашқы жинағы «Бөгенауыл балалары» кітабы 1970 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Одан кейін «№28 комсомол билеті» (1978), «Шұғыла шақ» (1980), «Ауылым – алтын бесігім» (1985), «Алғашқы сабақ» (1971), «Саяқ» (1979), «Күн ұясы» (1984), «Бір нәзік сәуле» (1989), «Айтыңыз құтты болсын» (1993), «Менің елім – Қазақстан» (2001), «Ойдауа» (2007), «Жағалау» (2007), Шығармаларының үш томдығы (2006–2008), «Шағала» (2008) атты кітаптары шықты. «Күн ұясы», «Саяқ» («Соғыс ойыны») повестері «Жалынның» дәстүрлі республикалық жастар мен балаларға арналған сыйлығына ие болды. «Сөз киесі» (1996) кітабы толғамдық зерделеу сипатында жазылған.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болған (2002–2007 жж.).Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, «Баспасөз үздігі» белгісімен марапатталған. Бірнеше дүркін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.