Жақан Сыздықов | өмірбаяны

0

Жақан Сыздықов (1901–1977) бұрынғы Көкшетау облысы, Чкалов ауданы, Аймақ ауылдық кеңесінде туған. 10 жасында ауыл молдасынан оқып сауатын ашқан. Петропавл қаласында ауылдық мұғалімдер даярлайтын курста оқиды. 1919–1921 жж. қазақ мектептерінде мұғалімдік қызмет атқарады. 

 

1922–1924 жж. Көкшетау уездік азық-түлік комиссары болып істеп, 1926 жылдан бастап баспасөз жұмысына ауысқан. Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, «Қызыл Түркістан», «Оңтүстік Қазақстан», «Сталин жолы» газеттерінің жауапты хатшысы болған. Кейін Қазақ мемлекеттік баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында, республикалық Радио комитетінде қызмет істеген. 1928 жылы «Еңбек жемістері» атты алғашқы өлеңдер жинағы, 1929 жылы «Найзағай», 1930 жылы «Толқын», 1931 жылы «Қызғалдақ», 1932 жылы «Табыс» және «Жартас», т.б. өлең жинақтары жарыққа шықты. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өлеңдері майдандық газеттерде жиі басылып тұрды. «Қос қыран» поэмасы 1948 жылы жарияланды.

 

Л.Н.Толстойдың «Арылу» романын, татар классигі Тоқайдың өлеңдері мен поэмаларының бір томдығын қазақ тіліне аударды.

 

КСРО медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен марапатталған.

Шығармалары: Қос қыран. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1948; Алтын қалам. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1949; Таңдамалы өлеңдер мен дастандары. А., «Жаңа өмір» журн. басп., 1949; Майкөл тамы. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1950; Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1951; Асулар. Өлеңдер, поэмалар. А., «Жазушы», 1968; Таңдамалы. Бір томдық. А., «Жазушы», 1971.