Жанна Елеусіз | өмірбаяны

0

Әлбетте ақын дегендер онша көп халық емес. Себебі әр ақын (әр шын ақын) — өлең еміп туу бұйырылған әр сирек жүректің әр сирек данасы, әр жалғыз түпнұсқасы. Мұқағалидың «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» дейтіні содан. Қазақтың соңғы кездері өндірте жазып жүрген ақын қызы Жанна Елеусіздің:

Сынды ма екен үміттен запы қылған талайғы?

Бір жалғыздық мен жаққа жалтақ-жалтақ қарайды, —

дейтіні де осының бір тармағы.

Ал осы жалғыздықтың біздің қаламымызға жиі ілінетіні несі? Дүниеде ақындар ғана жалғыз-жалғыз ғұмыр сүре ме? Ақыннан басқа жұрттың барлығы ақар-шақар күн кешіп, болып-толып отыр ма? Сірә, олай емес-ау. Бұл ретте ақынның өзгешелігі, ол — жалғыздықты көпшілікке түсіндіруші. Әйтпесе, шындығына келгенде, «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан». Құдай расында да жалғыз.

Былтыр жарық көрген «Тіршілік трилогиясы» жыр жинағындағы дәл осы аттас өлеңінде Жанна осыны және ескертеді:

Мұраты — Мәңгі Үздік Ән,

Соры да Бақ — Ғажабы.

…Алла жалғыздықтан

Күнде Хат жазады.

Түрлі көлемменен,

түсі де, қарашы, өзге…

Кейде Өлеңменен,

Кейде Қара сөзбен.

Жоқ Оның қызғанбағы.

Жазуды Құт санайды!

Содан ба, Бір Жазғаны

Басқасына ұқсамайды…

Осы өлеңді тұтастай оқып шығамыз да «сірә, Алланың Өлеңмен жазған Хаттарының бірі — мына біз, ақындар шығармыз» деген бір күпірлік ой түйіп қоямыз. Себебі өлең дегеніңіз қаймана қара сөзге қарағанда әсіре елжіректеу, тым сезімталдау, аса нәзіктеу болып келетіні рас. Осы ретте Жаннаның:

…Ақындардың Елі емес бұл Өмір,

Айтпаңдаршы адам бол… деп Ақынға… —

деген өтінішіне түсіністікпен қараймыз. Бірақ Ақындардың Елі болуға лайық Өмір қайда бар екенін және білмей аңырып отырамыз. Қазір көріп отырған мына Өмірге кіріп кеткен соң кәдімгі Адам (яғни, пенде) болмағанда Ақын байғұс не істемек?! Әрине, амалсыз өмір сүре бермек. Тек «Дұға», «Ақырзаман», «Бүкіләлемдік адасу», «Шеңберден шығу», «Аллегория», «Метаморфоза», «Омоним», «Трактат» деген тәрізді ат қойылып, айдар тағылған өлеңдер жазып қана жұбанып жүрмек.

Білетінімізден бір мысал алсақ, «Тәкен Әлімқұлов немесе Жалғыздық жыры» деп аталатын сезімтал мақаласында қазақтың көрнекті ақыны Есенғали Раушанов «Алда-жалда Тәкең туралы сөз болса, мен оны Жалғыздық туралы жыр деп қабылдауға дағдыланғалы қашан. Түптеп келгенде көркем әдебиет дегеніміздің өзі Жалғыздықты жырлау емес пе?» деп анық жауабы берілген аңқау сауал қоятыны бар.

Рас, жерге түсіп сөйлесек, Жанна туғалы жалғыз тірлік кешіп келе жатқан жоқ. Жарқамыстың мектебі, КазГУ-дің журналистика факультеті, Шалқардың аудандық газеті, осының бәрі көрудің, көнудің әрқилы баспалдақтары. Сондықтан да ақын қыз өзінің туған күні туралы жазылған өлеңінде:

…Қарашада бір Күнім бар,

Менің Күнім, Әдемі Күн!..

Мен сағынар көп Адамдар,

Мен де олардың Әлемімін!..

Аман болсын Жақсы, Адалдар.

Бірі Патша, бірі Дүр шын!..

Ал әнебір…

пәтшағарлар

олар да тірі жүрсін… —

дей салады. Дұрыс. Әрі-беріден соң өлең, қаншама жерден өз көңіліңнің сыры, өз жалғыздығыңның жұбанышы болғанмен, түптеп келгенде, Патшалар мен Дүр шындарға қоса, сол пәтшағарлардың да оқуына арналған өнім ғой.

Жаннаның өнімі сонда қандай өнім? Жинақтың алғашқы бетіндегі өлеңнің («Құс жолы») алғашқы жолдары осыны назарға салады:

Баяғыда… шыққанбыз біздің осы Көшеге,

Жылдар өтті қаншама. Күндер өтті нешеме…

Жарақаттап жүретін жерге соғып… тізені

Өлеңім де өзімдей бір Жапырақ Қыз еді…

Осы жолдарды асықпай тағы да бір рет оқып шықсақ, Өлең мен Адамның ұқсастығына шек келтіру қиын екенін тағы да ұққандай қалыпқа түсеміз. Ұқсас тірлік. Ұқсас тағдыр. Сол баяғы тақыр жерге сүріну. Сол баяғы Құс жолына қосылу. Әрине, еш сүрлеу түспеген жайлауды кезгің келеді. Әрине, еш орманға бұйырмаған жапырақты тауып алғың келеді. Бірақ ол мүмкін бе? Сосын, амал жоқ, илігесің:

…Мені қойшы.

Келдім. Ертең кетермін…

өкпелетіп алсам, тіпті, кектенбе!

«Бірдеңе ғып анау күнге жетермін»

деп… Нұрымды бере салғам Көктемге…

Әйтеуір, ең қуаныштысы, Ақын — нұр. Таусылмайтын нұр. Тегін нұр. Қай заманда да, қай қоғамда да, қай мемлекетте де тәуліктің қай мезгілінде ізделсе де (ізделмесе де) қоры таусылып көрмеген зор байлық. Бұған қатысты тағы бір мысалды тағы да Жаннаның өлеңі айтып береді:

…Менің Жаным үстіндегі жейдесін

жабады үнсіз жылағанға:

«Тоңасың»…

Сонда да… Әділдікке салсақ, Ақынның да басынан сипайтын біреулер болуы керек қой. Ол да Құдайдың құлы, адамның баласы. Оның үстіне соншама көп пенделер игере бермейтін аяулы кәсіптің (өнердің дегеніміз ғой) иесі. Осыны Жанна өзі «Я люблю Правду за ее Разность, но, она часто не желает смирится с моей уникальностью…» деп эпиграф жазған өлеңінде айтқан екен:

Бұйра-бұйра бұлт көшкен

бұрқасынға сыңармын.

Қира-қира гүл өскен

қырқасында тұрармын.

Иір-иір тірлікте

иілермін, шыдармын!..

үйір-үйір билікке

үйрікпеген Шұбармын…

екі бөлген Есілдей

ағылармын, тынармын.

Есте қалған Есімдей

кіммен хандық құрармын?..

Шашы ұзын тағдырға

шағынғанда, жылармын.

Шамданғанда шарт етер,

қомданғанда саңқ етер,

мен де өзімдей —

Біреуді

сағынған да шығармын!..

Бұл өлеңге жұптастырар теңеулерді қазақ топырағынан тыс әдеби дүниелерден де табарымыз анық, бірақ, құлағымызға өзіміздің Төлегеннің «Ей, адамдар, айналайын туғандар, Жалғыз минут тыңдаңдар!..» делінетін жанкешті сарыны келгендей болады әйтпесе Мұқағалидың «Көрер едің, шаламын ба, отпын ба, Білер едің, ақынмын ба, жоқпын ба..» дейтін ширыққан шарасыздығы күмбірлейтін сияқты көрінеді.

Міне, осындай-осындай мысалдарды өрбіте келгенде, Жаннаның жыр жинағының айқын келбеті, айталық, жекеменшік мінез, басыбайлы бояу, саяқ сезім, тыпыршыған діл секілді өзгешеліктер бірінен кейін бірі бөлектеніп шыға береді.

Мысалы, ақынның «Кірпігіме сүйеніп күте берем…» деген бір жолы қаншама сәулелі салмақ көтеріп тұр?!

Әйтпесе тағы бір өлеңде:

…Сынамаңдар…

Азабына Пейіштің шыдағам бар… —

деген өтініш айтылады. Дауласуға болар еді. Жалпы Пейіште азапты өмір болуы мүмкін бе? Алайда Жаратушының пейілі мен Жаратылушының пиғылын, Бір Күндік Өмірдің мәні мен Мәңгілік Жолдың мағынасын түсіндіріп тұрар Таразыға әркім билік айтуға көшкен мына заманда ақынның бұл сыр-лебізіне тиісудің жөні жоқ екендігін түсінбеске және амалың жоқ.

Жаннаның ақындық түпкілікті мақсат-мұратын да тап осы тұстан тануға болатын сияқты. Қоғамнан қоғамдастыққа ауысып, өткелден өткелекке ұрынып, шындықтан шытырманға көшіп, әрі-сәрі күндерге тап болған мына кезеңде, ештеңе бітіріп жарытпаса да, тас төбеңде шырылдап жүрер бір торғай керек. Сол торғайыңыз — өлең. Жаннаның өлеңдерінің болмысы да сондай. Бұйрық бола алмайды, бейқамдықтан сақтандырады; билік айта алмайды, бейкүнәлілікті аялайды; тақсыр бола алмайды, тақсіреттерді шимайлайды. Ащы айтып ашындырып алады да, іле-шала тұщы айтып тұшындырады. Оның «Біз» дейтін («Пырақтың әр ізінде бір ақын қалған» деген эпиграфы бар) өлеңі осы тұрғыдағы бір түйінді сыры:

Қамығып түссе қара Түн

айналар Жырға күндізгі Ой…

Айдан да әппақ Қанаты

бұл Пырақ — біздей бір Қыз ғой!..

Қабағын бермей кейде үміт,

жүрегімізден жүн түтіп!..

Тіріде — Ақын… дейді жұрт

Өлгеннен кейін — Пір тұтып…

Жанымыз — кітап көнерген.

Жарығы — сонау жұлдызды із!

Жұбатып Елді Өлеңмен

көрінбей Жерде — жүрміз Біз…

Міне, ақынның сіз білгіңіз келетін бір құпиясы — осы. Мұндай құпиялар мен құпия емес толғаныстар жаңа жинақтың өн-бойына талай ерекше бояулар қосып тұр.

Енді азғана сөзімізді бір өріске қайырмалайық.

Қазір назарыңды ерекше аударған (назарыңды аудармағандар өз алдына ғой) жинақтар туралы жылы сөздер жаза қоюға, шын ниет болғанмен, уақыт табыла бермейтін заман. Әйтеуір, таң атса, күн бататын, іңір түссе, таң сарғая қалатын шапшаң мезгілдің бір иесісің. Бірақ бәрібір, тәуліктен жырымшылап сұрап алған бір-жар сағатыңды оқта-текте көркем әдебиетке арнамасқа да әддің жоқ. Себебі, Жанна ақын айтқандай:

Өлеңді түсінерсің — өзі жоқта…

Өмірді түсінерсің — күзде ғана…

Қалай болғанда да, ерте танылған, Абайдың туғанына 150 жыл толу мерекесіне орай ЮНЕСКО өткізген республикалық мүшәйраның үшінші жүлдесін екі ағасымен — арғы буындағы Тұманбай Молдағалиевпен, бергі буындағы Серік Ақсұңқарұлымен бірге алған, бұдан да бұрын, 2004 жылы «Мен сүйетін Дүние» деп аталатын кітабы жарық көрген Жанна Елеусіздің өткен жылы шыққан жаңа жинағы туралы ағалық ықыласымызды білдірудің реті биыл осылай келіп отырған жайы бар. Кем айтқан тұстарымызды зердесі жүйрік оқырманның өзі толықтырып алатынына сенімдіміз. Себебі, Жанна Елеусіз — сол оқырманға да, өлеңге де әрдайым керек ақын.

Ертай АШЫҚБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты.