Жамал Манкеева өмірбаяны

0
64

Жамал Айтқалиқызы Манкеева 1950 жылы 26 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Шілік кеңшарында дүниеге келген. 1972 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен бітіріп, осы университеттің аспирантурасында оқыған. 1977 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет істейді. ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, лексикология бөлімінің меңгерушісі – филология ғылымдарының докторы (1997 ж.), профессор (2002 ж.).

1998 жылдан – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы қазақ тілі және түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын диссертациялық кеңестің мүшесі, 2000 жылдан – диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, 2001 жылдан – лингвистикалық басылым «Тілтаным» журналының жауапты редакторы. 2001 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры ретінде қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар бойынша дәріс оқыды. ҚР жоғары оқу орындарын бітіруші мамандарды даярлау ісіне мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы ретінде атсалысуды. Мемлекеттік тілді оқыту және игеруге байланысты Қазтест жобасына, басқа да оқулықтар мен сөздіктерге сарапшы ретінде қатысуда. Қазіргі қазақ тіл білімін дамытып, жаңа деңгейде зерттеуге байланысты бірнеше ғылыми жобалардың орындаушысы және жетекшісі болды.

«Реконструкция «мертвых» корней глагольных основ казахского языка» тақырыбында кандидаттық (1987 ж.), «Қазақ тіліндегі мәдени лексика» (1997 ж.) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.