Жәди Шәкенұлы | өмірбаяны

0

Жәди Шәкенұлы,  1967 жылы 5 мамырда Қытай аумағына қарасты Алтай аймағында – Ертіс өзені жағасында дүниеге келген.

1985 жылы Алтай аймақтық педагогика мектебін, 1991 жылы ШҰАР ағарту инситутын, 2001 жылы Абай атындағы  Алматы мемлекеттік унверситетінің аспирантура (филология) бөлімін тауысқан.

Алтай қаласына қарасты Шірікши ауылында мұғалім, қалалық радио-телевидения мекемесінде диктор, қала әкімі кеңсесі меңгерушісінің орынбасары, ШҰАР қазақ радиосында тілші, т.б. жұмыстар атқарған. 

1997 жылы атажұртқа оралған. 

«Шалқар-2» газетінде бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газеті проза бөлімінің меңгерушісі, «Үн» журналының бас редакторы, Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қорының президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы, «Жас қазақ үні» газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Қазір Қоянды орта мектебінде директор. Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

«Ақбота», «Балқаймақ», «Қытайдағы қазақтар», «Бір уыс сәуле», «Қаралы көш», «Жалғыздың үні», «Ақбалапан», «Жәнібек батыр» кітаптары жарық көрген. «Ақбота» кітабы Қытайда, «Ақбалапан» кітабы Түркияда басылып, өзге ел оқырмандарының оң бағасын алды.

Балаларға арналған мысал әңгімелері Қазастан Республикасының бастауыш сынып оқулықтарына, әңгімелері туралы зерттеулер әдебиет теориясы жинақтарына кірді.

Бұдан сырт Ақыт Үлімжі, Асқар Татанайұлы, Мағаз Разданұлы, Қажығұмар Шабданұлы, Қызырбек Оралов, Сейітхан Әбілқасымұлы секілді шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармаларының Атажұртта жарық көруіне өзіндік үлесін қосты. Ер Жәнібектің басына ескерткіш орнату және Оспан батырдың 110 жылдығы, Ақыт Үлімжіұлының 140 жылдығы, Асқар Татанайұлының 100 жылдығы қимылдарын ұйымдастыруға көрнекті еңбек сіңірді.

  «Талбесік» (ҚХР ақындары), «Жиһаншах» (Ақыт Үлімжіұлы), «Оспан батыр» (Ө.Нәби, Д.Кәппен бірге), «Жас толқын» проза. (Ұ.Зәуірбековамен бірге),  «Жас толқын» поэзия. (Ұ.Зәуірбековамен бірге), «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Армысың Атамекен», «Күнгей бет» (ҚХР ақындары), «Ер Жәнібек» (1-том), «Оспан», «Жүзім бағы», т.б көптеген кітаптарды құрастырып шығарды. Осы арқылы алыстағы ағайынның елге оралып отанға үлес қосуына көпір бола білді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосты.