Зейнолла Серікқалиұлы | өмірбаяны

0

Зейнолла Серікқалиұлы (1938–2004) 10 ақпанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржау ауылында туған.

Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология (журналистика) факультетін (1960), Абай атындағы Қазақ педагогика институтының аспирантурасын (1968) бітірген, «Қазіргі қазақ тарихы романының кейбір мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған (1969).

«Пионер», «Жұлдыз» журналдарында, Жазушылар одағында, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жауапты қызметтер атқарды (редактор, бөлімдер меңгерушісі, жауапты хатшы, т.б.), ҚазМҰУ-да арнаулы курстар жүргізді. «Қазақстан» баспасының, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бас редакторы, ҚР Парламентінің бөлім меңгерушісі болып істеді. 2001 жылдан «Раритет» баспа компаниясының Бас редакторы болды.

Жарық көрген негізгі ғылыми-зерттеу, сын кітаптарында қазақ әдебиеті, көркемөнері, мәдениеті мәселелері, ғылыми және көркемдік дүниетаным ерекшеліктері талданды. «Дүниетану даналығы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнаулы бағдарламаларына енгізіліп (1994), жоғары оқу орындарына – мұғалімдерге, филология, журналистика, өнер факультеттері студенттеріне оқу құралы ретінде ұсынылған. Жекелеген мақалалары неміс, татар, орыс, түрік тілдерінде жарияланған. Р.Ролланның «14 шілде», А.Штейннің «Толас», Н.Мирошниченко мен Э.Бобровтың «Қара маржан» пьесаларын (Қызылорда, Семей, Торғай, Жамбыл облыстық драма театрлары сахнасында қойылған), В.Г.Короленконың әңгімелерін, венгр әңгімелерін аударған, көп томдық «Өнердің ықшам тарихын» (Б.И.Ривкин. «Антик өнері», 1988), «Мәдениет және өнер» сөздігі терминдерін (2000) қазақ тіліне аударушылардың бірі.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі (X, XІ, XІІ съездерде сайланған), Сын кеңесінің төрағасы. Жазушылар одақтарының Халықаралық қауымдастығы Тексеру комиссиясының мүшесі (М., 1992–1999), Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі (1992 жылдан), Біріккен Ұлттар Ұйымына жәрдемдесу Қоғамдастығы басқармасының мүшесі болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1999), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (2002) және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (1994), Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті професоры (2000).

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен (1988), «Тәуелсіздіктің он жылдығы» медалімен марапатталған. 1997 жылы Семей (Шығыс Қазақстан) облысы, Абай ауданының Құрметті азаматы атағы берілген.

Шығармалары: Ойлар, толғаныстар. Қазақ әдебиетінің қазіргі мәселелері, А., «Жазушы», 1967; Жылдар сазы. Әдеби сын зерттеу. А., «Жазушы», 1971; Бәрін білсем. Суретті кітапша. А., «Жазушы», 1972; Ақыл таразысы. Ғылыми және көркемдік таным ерекшеліктері. А., «Жазушы», 1976; Ақ жол. Сын кітабы: мақалалар, зерттеулер. А., «Жазушы», 1990; Дүниетану даналығы. Ғылыми және көркемдік таным ерекшеліктері. Жоғары оқу орындары ұстаздары мен студент-жастарға арналған оқу құралы. А., «Білім», 1994; Тағдыр және біз. Әдеби-сыншылдық көзқарастар, толғаныстар, эссе. А., «Жазушы», 1997; Алтын жамбы. Қазіргі көркемдік ой танымдарына көзқарас: талдау, толғаныстар. А., «Өнер», 2001; Зейнолла (шығармалары). Атырау ақын-жазушыларының «Қазына» кітапханасы, 32-кітап, А., «Арыс», 2002; Зейнолла (шығармалары). А., 2002; Шапағатты парасат. Естеліктер жинағы. А., 2005.