Зейнолла Қабдолов | өмірбаяны
Зейнолла Қабдолов — 1927 жылы 12 желтоқсанда Атырау облысында туған. Орта мектептен кейін екі жыл (1943-1945) өндірісте жұмыс істейді. 1945 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік дипломмен бітіреді де, осы білім ордасында бүгінге дейін елу жылдан астам үздіксіз білім және ғылым жүмыстарын қатар жүргізіп келеді. Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымының докторы, профессор. Ширек ғасыр бойы ҚазМҰУ-дың әдебиет кафедрасын басқарған, бірнеше жыл «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы міндеттерін негізгі мамандығымен қоса атқарған, «Ұшқын» (басында «Өмір ұшқыны») және «Жалын» (Бүкілодақтық жүлдеге ие болды, 1972) романдарының, «Адам» (1964), «Сыр» (1975) атты жинақтарына енген әңгіме-очерктері мен Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрлардың сахналарында қойылған «Сөнбейтін от» драмасының авторы. «Менің Әуезовім» романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (1998) берілді. Қазақ және Қырғыз Республикалары ғылымдарының еңбек сіңірген қайраткері. ҚазМҰУ жанындағы филология ғылымының докторы дәрежесін беру жөніндегі тұрақты диссертациялық кеңестің төрағасы. А.Пушкин мен Н.Гогольдің жекелеген шығармалары, Л.Кассиль, В.Добровольский, В.Закруткиннің романдарын, А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М.Горькийдің «Күн перзенттері», Н.Хикмеггің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын аударған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», Халықтар Достығы, «Парасат» ордендерімен және медальдармен марапатталды. ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағы, Қазақ ПЕН-клубы жөне Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлықтарының лауреаты. Көркем шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылды.