Зәкір Асабаев | өмірбаяны

0

Зәкір Асабаев 1937 жылы 21 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, сол кездегі «1 май» ұжымшарында туған. 

1957 жылы Ташкенттің Низами атындағы педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін үздік дипломмен бітіріп, Ташкент облысы, Пскент ауданы, «Ленинизм» орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. 

1958 жылы шілде айының басында Алматыға келіп, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне әдеби қызметкер боп орналасады. Фельетон, мақала, очерк, сықақ өлең, әңгімелері жиі жарық көре бастайды. 

1959 жылдың соңынан Сарыағаш аудандық газетінде қызмет істейді. 

1964 жылы сәуірде Алматыға оралып, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналына әуелі әдеби қызметкер, одан соң бөлім меңгерушісі болады. 

1973 жылдан жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасарлығына тағайындалып, бұл міндетті 1997 жылдың соңында зейнетке шыққанға дейін атқарды. Одан бері де аталған журналда қызмет істейді, редколлегия мүшесі.

1967 жылы «Ар соты» атты әңгімелер жинағы шығады («Жазушы» баспасы). Онан кейін «Жалын» баспасынан «Жарастың ұлдары», «Мүбәр ханум» атты повестер мен әңгімелер жинағы, «Шаңсорғыш аю емес», «Жалғыз көзді балық» («Жазушы») атты сатиралық әңгімелер жинағы жарық көрді. «Қатерлі найзағай», «Борджионың жүзігі» романдарын қазақшаға аударады. Орыс, өзбек тілдерінен аударған әңгімелері ұжымдық жинақтарда шыққан. 

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. ҚРның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.