Ыбырайым Маманов | өмірбаяны

0

Көрнекті тілші ғалым Ыбырайым Есенғұлұлы Маманов 1907 жылы 13 маусымда Талдықорғанның Ақсу өңiрiндегi Қараағаш қыстағында 10-шы ауылда дүниеге келген. Ол Алматыда алғаш ашылған Қазпединституттың тұңғыш бiтiрушiлерiнiң бiрi болды.

1927-28 жылдары Талдықорған облысы, Сарқант ауданындағы Коммуна мектебiнiң директоры болып, еңбек жолын ендi ғана бастаған кезде әкесi Есенғұл қажы аса iрi бай ретiнде тәркiлеу науқанына iлiгiп, Пенза губерниясына, ал үй iшi Оралға жер аударылады. Бұл жерде де ГПУ қудалауын қоймай, жас маманды зайыбымен Красноярск өлкесiнiң Ачинск қаласынан ары тайганың бiр бұрышына бес жылға жер аударады.

Ол жердiң негiзгi тұрғындары татарлар екен. Iргелi бiлiмi мен жастайынан үйренген татар, орыс тiлi кәдеге асып, тұрғындарға татар, орыс тiлiнен сабақ берiп, күнкөрiсiн ажыратады. Қолы бос

кезiнде шамадан жасап сатады. Ара-тұра скрипка тартып, жұрттың көңiлiн көтередi, сөйтiп «Ибраһим әбзи» атанады. Бiрақ оны мұнда да ұзақ тұрақтатпай, түкпiрдегi орыс деревнясына жер аударады. Бұл жерде де аңшылық, балықшылық кәсiппен шұғылданып күн көредi.

Ақыр соңында белгiленген бес жылы өтiп, елге оралады. 1932-37 жылдары алғашқыда Қызылжарда, ондағы қудалаудан соң Көкшетау облысы, Еңбекшiлер ауданында орта мектепте мұғалiм болып жұмыс iстейдi. 1938 жылы Алматыдағы 35-ші мектепке мұғалiмдiк жұмысқа тұрады. 1940 жылы ҚазМУ-дың қазақ тiлi кафедрасына оқытушы болып орналасады.

1947 жылы Ленинградта Марр атындағы Тiл және ойлау институты мен КСРО ҒА Орыс тiлi институты Ленинград филиалының ғылыми кеңесiнде жетi айда «Қазақ тiлiндегi көмекшi етiстiктер» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Сол кездегi кеңестiң құрамында академик И.И. Мещанинов, В.В. Струве, В.Ф. Шишмарев, И.И. Толстой; корреспондент мүшелер: В.М. Жирмунский, С.Е. Малов, С.Е. Чернышев, Е.С. Истрина, С.Г. Бархударов тәрiздi аса көрнектi ғалымдар болатын. Диссертациялық кеңесте жас ғалымның С.Е. Малов жетекшiлiк еткен зерттеуi жоғары бағаланады.

Қызметiне қайтып оралғаннан кейiн тарих-филология факультетiнiң деканы болып белгiленедi, аудандық кеңестiң депутаттығына сайланады. Алайда ғалым тағы да саяси қудалаудың құрығынан

қауiптенiп, 1952-54 жылдары амалсыз Мәскеуге кетедi.

Елдегi саяси өзгерiстерге байланысты 1954 жылы Алматыға келiп, ҚазМУ-дегi қазақ тiлi кафедрасының доцентi, сырттан оқу факультетiнiң деканы болып, оқытушылық жұмысын әрi қарай жалғастырады.

Содан 1991 жылға дейiн аталмыш оқу орнында ұстаздық еттi. Осы жылдың 16 қарашасында дүниеден озды.