Тынышбай Рақым | өмірбаяны

0

Тынышбай Рақым (1946–1999) 12 қыркүйекте Өзбек КСР-і Ташкент облысы, Жоғары Шыршық ауданы, Свердлов атындағы колхозда туған. 1963 жылы Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің ұлт аспаптары бөліміне оқуға түсіп, оны тамамдағаннан кейін Жаңатас қаласындағы мектептерде музыка пәнінен (домбыра класы) сабақ беріп, 1971 жылға дейін ұстаздық қызметте болған. ҚазМУ-ді бітірген. 

«Жаңатас көктемі» атты алғашқы әні мен сөзі 1965 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген. Біраз әндері «Өнер» баспасынан шыққан әуесқой композиторлардың жинағында жарияланып, біраз әндері «Алтайдың аржағынан келген ару», «Бозорамал», «Алтайдан сәлем» т.б. эфирге шығып жүр. 1971 жылдан баспасөз қызметінде болған. Жамбыл облысы, Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінде, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде істеген. 1975–1982 жж. республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында аға редактор болған. Топтама жырлары орыс, украин, белорус, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстанның кітап палатасында бөлім меңгерушісі, Қазақстан тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау орталығында, Қазақ телевидениясы «Сана», «Орда» бірлестігінде аға редактор, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

Тәжік ақыны Лахутидің, орыс кеңес ақындары Л.Васильеваның, Ст.Куняевтің, т.б. өлеңдерін аударған.

Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы және «Жалын» баспасы бірлесіп өткізіп жүрген дәстүрлі әдеби жабық конкурстың екі дүркін жүлдегері (1976, 1978). Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты.

Шығармалары: Он сегіз – гүл дәурен. Өлеңдер. А., «Жалын», 1976; Қаратауым – ақ отауым. Өлеңдер. «Жазушы», 1978; Жиырма бес – жыр дәурен. Лирика. А., «Жалын», 1979; Тоғыз перне – тоқсан күй. Өлеңдер. А., «Жазушы». 1980; Балқұрақ. А., 1982; Көкірегім-күйсандық. А., 1983; Бесігіміз – бейбіт күн. А., 1985; Қобызым-Абызым. Өлеңдер. А., «Жалын», 1986; Көне мақам – жаңа саз. А., 1988;Бұлбұл жүрек. Өлеңдер. А., «Жалын», 1991; Өнербаян. Өлеңдер. А., «Жазушы», 2004; Алтайдан сәлем (әндер жинағы). А., 1996; Дүлділ көңіл. А., 1997; Күй сандық. Өлеңдер. А., «Жазушы», 2004.