Тұрсынәлі Рыскелдиев | өмірбаяны

0

Тұрсынәлі Рыскелдиев 1940 жылы 8 желтоқсанда ҚХР-дың Іле аймағы, Күнес ауданында дүниеге келген. 1961 жылы Шыңжаң университетінің қытай тіл-әдебиеті факультетін тамамдаған. 1961–1980 жж. мектеп оқытушысы, 1980–1992 жж.

Күнес ауданының мәдениет үйінің бастығы, 1992–1998 жж. Іле облыстық әдебиет көркемөнер бірлестігінің арнаулы кәсіптік жазушысы, Іле аймақтық әдебиет-көркемөнер бірлестігінің төрағасының орынбасары, Жазушылар одағының төрағасы қызметтерін атқарған.

Әдебиетке 1957 жылы «Терезе алдында» атты өлеңі арқылы келген. 1982 жылы «Тасқын» трилогиясының бірінші кітабы, 1987 жылы екінші кітабы, 1989 жылы үшінші кітабы «Шыңжаң халық баспасында» жарық көрді. 1982 жылы «Өркен» атты әңгімелер жинағы (Пекин, «Ұлттар баспасы»), 1983 жылы «Қайта оралу» («Іле халық баспасы»), 1986 жылы «Мысал әңгімелер», («Шыңжаң жастар баспасы»), 1995 жылы «Бесік» атты әңгімелер жинағы (Пекин, «Ұлттар баспасы»), 1995 жылы «Тау тағысы» романы мен 1998 жылы «Қара көлдің балықтары» атты повестер топтамасы («Шыңжаң халық баспасында») басылған. «Сардаланың сағымы» (повестер), «Бесік» (әңгімелер), «Тау тағысы» (роман, повестер), «Тасқын» (трилогия), «Кек» (әңгімелер) атты көп томдық шығармалар жинағының жеті томы жарық көрген.

 «Іле салтанаты» көркем телефильмі экранға шыққан (1995). «Қос аққу» пьесасы және комедиялары қойылған.

«Тамызық» атты мысалдар жинағы (2001, «Мерей»), «Ұлы көш» романының бірінші кітабы (2001, «Өлке»), екінші кітабы (2003, «Елорда») жарық көрді.


«Тасқын» трилогиясының екінші кітабы ҚХР-да мемлекеттік аз ұлт әдебиетінің таңдаулы кітабы сыйлығын, «Мысал әңгімелері» Шыңжаң өлкелік «Жаңа дәуір әдебиеті» сыйлығын алған. «Қара көлдің балықтары» повестер жинағы үшін ҚХР мемлекеттік «Тұлпар» әдеби сыйлығын, «Іле салтанаты» көркем телефильмі үшін ҚХР мемлекеттік ынталандыру сыйлығын алған.

Қытайдың мемлекеттік бірінші дәрежелі жазушы кәсіби атағы берілген, сондай-ақ «Мәдениет саласындағы еңбегі сіңген қайраткер» белгісі табыс етілген.