Тұрмағамбет Ізтілеуұлы | өмірбаяны

0

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы (9 шілде 1882, қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылы – 15 мамыр 1939, сонда) – ақын, аудармашы. Алғаш Алдашбай ахуннан сауат ашқан. Бұқара қаласында әуелі “Мир араб” (1896 – 1899), кейін “Көкілташ” медреселерінде (1896 – 1905) оқыған. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген. “Көкілташ” медресесінде тәжік жазушысы Садриддин Айнимен достасып, қабырға газетін бірге шығарысқан. Өзі медреседе оқи жүріп қарақалпақ елінде бала оқытқан. Осы тұста “Шәкірттерге”, “Ұстаз ұсынысы”, “Шөлмек” өлеңдерін жазған. 1905 – 1925 жылы ауыл мектебінде мұғалім, 1936 – 1937 жылы Қазақстан Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер болған. 

Тұңғыш мысал өлеңін (“Қара қоңыз”) 14 жасында, алғашқы дастанын (“Мәрді диқан”) 18 жасында жазған. Нәзиралық дәстүрмен шығыстық сюжеттер негізінде оннан астам дастан (“Данышпан қарт”, “Тұтқын қыз”, “Рауа бану”, т.б.) жазған.


  • Тұрмағамбет пен Ермұраттың айтысы” діни айтыс

  • Тұрмағамбет пен Жүрсіннің айтысы” хат айтыс

  • Тұрмағамбет пен Әбдікәрімнің айтысы” хат айтыс

  • Тұрмағамбет пен Шәді төренің айтысы” жұмбақ айтыс

  • Көкқұтан мен шымшық” мысал айтыс

Ол жазбаша айтыстың дамуына өзіндік үлесін қоса отырып, Сыр бойындағы жазба айтыс мектебін қалыптастырушылардың бірі болды.

Тұрмағамбет бастаған ақындар тобы халықтық игі үрдістердің бірі – топтық өнер жарысын қалыптастырды. “Алты ақынның өмір туралы айтысында” поэтик. пікір жарысы филос. сұхбат түріне жалғасса, Шәді төремен жұмбақ айтысында адамның жас ерекшеліктері табиғаттың түрлі құбылыстарына, жан-жануарлардың қасиеттеріне теңестіріледі. Тұрмағамбет ақындарға аралық сөз айтып, бітістіруші би-шешеннің рөлін де атқарған. Омар мен Таубайдың Жүсібіне, Омар мен Нұрмаханға, Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіпке, Кете Жүсіп пен Даңмұрынға арнаған аралық сөздері Тұрмағамбет ақынның адамгершілік ұстанымын дәйектейді. Тұрмағамбеттің “Құрбанғалиға”, “Құлжан биге” атты сатиралық эпиграммасынан сарказм байқалады. Ақын 1936 жылы Фердоусидің “Шаїнамасын” қазақ тіліне еркін аударма жасады (40 мың жол). Бұл шығарманы М.Әуезов, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов, т.б. зерттеушілер жоғары бағалаған. Туындының “Рүстем – Дастан” аталатын бөлімі 1961 жылы, “Шаxнамауылы Рүстем – Дастан” деген атпен толықтырылған нұсқасы 2004 жылы жарық көрген. Өлеңдері “Үш ғасыр жырлайды” (1965), “Бес ғасыр жырлайды” (1985), “Қасиетті Қармақшым” (2003), “Ғасырлар толқыны” (2004) жинақтарына енген. Зерттеуші Байділдаев Тұрмағамбеттің ел аузында жүрген жырларын, тапқырлық сөздерін жинастырып, “Назым” деген атпен 19721982 жылдары жарыққа шығарды. Ө.Күмісбаев Тұрмағамбеттің “Рүстем – Дастанын” жүйелі түрде қарастырып, парсы тіліндегі “Шаїнамамен” салыстыра зерделеді (“Т.Изтлеуов и его Рустем – Дастан”). Ұ.Жанбершиева ғылыми-зерттеу еңбегінде ақын шығармаларының жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып, поэтик. сөз жүйесін саралады (“Т.Ізтілеуовтің поэтикалық творчествосы”). Ақын қолжазбалары ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер ин-тының қолжазба және мәтінтану бөлімінде сақтаулы.