Тұрған Тохтамов | өмірбаяны

0

Тұрған Тохтамов (1940–2009) 19 маусымда Алматы облысының Панфилов ауданы, Садыр ауылында туған. 

Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты бітірген. Еңбек жолын Алматы темір жол стансасында жолсеріктен бастаған. «Коммунизм туғи» газетінде корректор, туған ауылында мұғалім, Панфилов аудандық «Йеңилик авази»—»Жаңалық жаршысы» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім бастығы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 

1973 жылы ұйғыр тілінде шығатын республикалық «Коммунизм туғи» газетінің партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды. 

1994 жылы араб жазуымен шығатын «Йеңи Һаят» газетінің редакторы, одан кейін өзі ұйымдастырған «Парваз» журналының бас редакторы болды. 

1997 жылы зейнетке шықты. КСРО Жазушылары VІІ съезінің делегаты, Жас жазушылардың Бүкілодақтық VІ кеңесіне қатысқан. 

Жазушының повестері мен романдары Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасы мен «Молодая гвардия» журналында, «Роман-газетада», «Детская литература» баспасында, Украинадағы «Днепро» баспасында, Ташкенттегі «Яшлық» журналында, қазақ, орыс, украин, өзбек, қырғыз тілдерінде басылып шыққан.

«Молодая гвардия» журналының лауреаты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған.

Шығармалары: Өсек өңірінде. Повестер. 1975; Дұрзы жаңғырығы. Повестер. 1978; Ақ жауын. Роман. 1980; Қорғасын қатып қалмайды. Деректі повесть. 1977; Назугум. 1988; Әкемнің тоны. Әңгімелер. 1982; Ананың көз жасы. Повесть және әңгімелер. 1990; Сергелдең. Роман. 1999; Үш томдық таңдамалы шығармалары. 2000.