Төлеужан Ысмайылов | өмірбаяны
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілінің бірі Төлеужан Ысмайылов Семей қаласына қарасты бұрынғы Социалистік Қазақстан совхозының Аққора деген жерінде дүниеге келді.
Әкесі Мұхамеджан колхоз басқармасы бола жүріп, 1942 жылы әскерге алынып, майданнан оралған жоқ. Қаршадайынан жетім қалған Төлеужан Шоң деген жерде бастауыш класты бітіріп, кейін Қайнар орта мектебінде оқыды. Төлеужанға ақындық нағашы жұртынан дарыды. Шешесі де домбырашы, әнші болған. Арғы тегі атақты жыршы Жанақтан бастау алатын Төлеужан орта мектепті 15 жасында аяқтаған.
КазМУ-дің журналистика бөлімінде оқыды. Оқып жүрген кездерінде тұңғыш өлеңдері жариялана бастады.
1951 жылы университетті тәмамдаған соң, «Жазушы» баспасында редактор болып, соңынан Қазақстан жазушылар одағында кеңесші қызметін атқарды. Павлодар, Қызылжар қалаларының облыстық газеттерінде, сонымен бірге «Лениншіл жас» газетінде жемісті еңбек етті.
Төлеужанның таланты жөнінде белгілі қаламгер Т. Ахтанов: «Мен көрген ақындардың ішіндегі кесек талант — Төлеужан Ысмайылов еді» — дейді.
Төлеужан шығармасының кең қанат жаюына жазушы Ә.Нұршайықов қол ұшын берді.
Ол талантты ақын ғана емес, талантты журналист те еді. Оның қаламынан туған көркем очерктер мен мақалаларды жұрт қызыға оқыды. Өкінішке орай, ол әдебиет үшін он шақты жыл ғана еңбек етті. Тіршілігінің соңында ауыр дертпен, өкпе ауруымен арпалысты.
Ақынның көзінің тірісінде үш кітабы жарық көрді: «Әлдекімге бір шапалақ»,»Есіл», «Америка трагедиясы».
Ақынның әдеби мұрасының бір саласы — аударма. Т.Драйзердің «Америка трагедиясы» романының көркем тілмен аударылуына ерекше көңіл бөлді.
Қазақстан жазушылар одағы басқармасында әдеби кеңесші, «Қызыл ту» (қазіргі «Кереку»), «Ленин туы» (қазіргі «Қызылжар») облысы газеттердің редакцияларында әр түрлі қызметтер аткарған. Бірнеше жыл «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде еңбек еткен. 1951 — 1961 жылдары «Есіл», «Дала министрі», «Жылқышы», «Үгітші» поэмаларын, қырыққа жуық өлең, отыздан астам сатира жазған. Ысмайылов орыс ақындары А.С.Пушкиннің «Батыс славьяндар жырларын», М.Ю.Лермонтовтың «Мцыри» поэмасын, В.В. Маяковскийдің өлеңдерін, Американ жазушысы Т.Драйзердің «Америка трагедиясын» қазақ тіліне аударған.