Темірбек Қожакеев | өмірбаяны
Темірбек Қожакеев (17.12. 1926, Жамбыл облысы Меркі ауданы Ойтал ауылы – 29.12.2003, Алматы) – ғалым, филология ғылымдарының докторы (1970), профессор (1974), Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1996).
ҚазМУ-ді бітірген (1953). 1953 жылдан өмірінің ақырына дейін әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де қызмет атқарды. Қожакеев қазақ сатирасының тарихы мен оның жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерттеді.
Қазақ сатирасының даму жолына арнап “Қазақ сатирасы” (1970), “Абай – сатирик” (1970), “Қазақ совет сатириктері” (1975), “Сатира және дәуір” (1976), “Бүгінгі қазақ сатирасының проблемалары” (1978), “Адам. Қоғам. Сатира” (1980), “Сатиралық жанрлар” (1983), “Сатира – күштілер қаруы” (1985), “Сатира негіздері” (1996) сияқты еңбектер жазды.
Қазақ әдебиеті мәселелері бойынша “Абай және Сұлтанмахмұт” (1969), “Қазақ мысалы” (1969), “Әлемнің Әуезові” (1997) зерттеулерін жариялады. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекеттік қайраткерлері мен жазушылар, журналистер мұраларына арналған еңбектері жарық көрді.
Қожакеев Жамбыл облысы Меркі ауданының құрметті азаматы (2002). “Құрмет белгісі” орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.