Тәттімбет Қазанғапұлы | өмірбаяны

0

Тәттімбет Қазанғапұлы  қазақтың әйгілі күйші-композитолры, дәулескер домбырашы, күй өнеріндегі Арқа мектебінің негізін қалаушы.

Тәттімбет 1815 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Дастар тауының етегінде дүниеге келген. Бұл жер қазіргі Абай атындағы кеңшардың Мыржық деп аталатын ауылына қарасты – Қызылжал қыстауы. Қызылжал қыстауын Мөшеке бұлағы деп те атайды. Мөшеке – Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небәрі 45 жас ғұмыр кешіп, 1860 жылы дүние салды. Бейіті Қарқаралы ауданының жерінен ағатын Түндік өзенінің бойында, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасында, «Арқалық» кеңшарынан 12 шақырым жерде.

Тәттімбет дәулетті әулеттен шыққан. Қарқаралы округіндегі Нұрбике-Шаншар болысында 1842-1854 жылдар аралығында болыс болған. 1855 жылы Ресей патшасы Александр ІІ-нің таққа отыру рәсіміне шақырылып, Петербургке барған.

Қазақтың күй өнерінде Тәттімбеттің «Саржайлау», «Қосбасар», «Былқылдақ», «Сылқылдақ», «Көкейкесті», «Бес төре» сияқты ондаған күйлері классикалық үлгідегі мұра ретінде ұлттың рухани мақтанышына айналған. Қазақтың музыкалық мәдениетінің дамуына Тәттімбет күйлерінің шапағаты зор.

* * *

Арқаның апайтөсінде алтын айдардай көз тартқан сұлу да шұрайлы өңір – Қарқаралы төңірегінде ХІХ ғасырда қалауын орындатып, айтқанын істететін, ықпалды, жуан сіңір, қолы ұзын адам – Тіленшіұлы Алшынбай болған. Алшынбайдың ықпалының жүргендігі сонша, сол өңірдегі аға сұлтан Құсбек төрені бірде қарсы келгені үшін аға сұлтандықтан тайдырып, орнына Құнанбай Өскенбайұлын тағайындауға ықпал еткен. Алшынбай ел ішінде би атанғанымен, Ресей патшалығына да беріле қызмет көрсетіп, сол үшін «старшина» атағын алған, Анна лентасына тағылған күміс медальмен марапатталған.

Алшынбаймен әйгілі күйші-композитор Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1860) аталас болып келеді. Оның үстіне, Тәттімбеттің Нұрбике-Шаншар еліне болыс болып, үзеңгілес жүрген кезі болса керек.

Бір жылы қыс қатты болып, ақсүйек жұттың нышаны белгі бере бастайды. Мал сүмесімен күн көріп отырған Арқа қазақтары абыржыңқы күй кешеді. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, қардың қалыңдығына, малдың өлім-жітіміне, ит-құстың молаюына, ұры-қарының білінуіне қоса, терістіктен тұрған үскірік жел басылмай қояды. Мал мен жанның апшысын қуырған қарлы боран Алшынбайдың да көп жылқысын ықтырып, көрші рулардың қорық-теппесіне алып келеді ғой. Аштық атасын таныта ма, Алшынбайдың ыққан жылқысы қорықтарды таптап, тақырлағаны былай тұрсын, ауыл-ауылдың үстін басып, арық-тұрыққа деп жинаған көпен-шөмелеріне ауыз салды.

Алшынбайдың жылқысы екенін білсін-білмесін, көз алдында бөтен малдың аяқ асты болып отыра ма, ауыл адамдары ығып келген жылқының алдын жасқап, бетін ауылдан бұрып жіберді. Сол бетінде ыққан жылқы Қарасор көлінің былқылдап жататын сорына тіреліп, біразы шығын болса керек.

Мұны естіген Алшынбай «жылқыларымды әдейі бақастықпен сорға түсірді» деп, көрші ауылдардан өлген малын өндіріп алу үшін төңіректің би-болыстарын жинап, салмақ салады. Берсе қолынан, бермесе жолынан алатын, өктемдігін жүргізіп қалған Алшынбайға ешкім қарсы келе алмай, қиналған көпшілік араша сұрағандай Тәттімбетке кісі жібереді.

Көптің сәлеміне құлақ асқан Тәттімбет келгенде Алшынбай би елдің апшысын қуырып, би-болыстарды ықтыра сөйлеп отырса керек. Тәттімбет Алшынбайдың жасының үлкендігін сыйлап, сөзін бөлмей шеткерірек отыра кетеді.

Содан, Алшынбай өз дегенін орындататын үкім сөзін бітіре бергенде, Тәттімбет:

−Дат, Алшеке! Үкіміңізге қосарым бар! – дейді.

−Айт датыңды! – деп Алшынбай ошырыла бұрылды.

Сонда, Тәттімбет:

− Алшеке, жалғыз Айбике емес, жапсар жатқан Шаншар да, қала берді Қарқара, Қуды ен жайлаған исі қаракесек сізді төбесіне көтеріп, дуалы ауыз, тура би деп танып, тағдырының тізгінін қолыңызға ұстатып отыр. Ол ол ма, ықпалыңызды жүргізем десеңіз, Қарқабат анасын ұрандас еткен қалың шоғыр қаракесек былай тұрсын, қырық сегіз болыс майқы-бошанға, одан асып арғынға айтқаныңыз өтеді. Япырау, деймін! Осынша биікте отырып, неліктен терістіктен соғар үскірікті алдын-ала болжамағансыз! Қалайша жұрттан асқан құдіретіңізбен болжап, өз малыңыз ғана емес, төсекте басы, төскейде малы қосылған ағайынға қамқор бола алмадыңыз. Біле білсеңіз мұндай үлкен міндет сіздей ел үлкеніне лайық емес пе еді! «Тас түскен жеріне ауыр», «Әйел ерге, ер жерге қарайды», сіз білмегенді сіздің панаңыздағы қара халық қайдан білсін?! Боранның соғарын, жылқының ығарын, ыққан жылқының сорға түсерін болжап, біліп отырудың жолы сіздікі емес пе?! Менің қосарым, боранда ығып, сорға түскен жылқыны осы ел бөліп төлесін-ақ! Ал, осынау қалың елдің биылғы жұтта өлген жылқысын, жұттың боларын болжамағаныңыз үшін сіз төлеңіз! Ол болмаса үкім бұзылсын! – деген екен.

Алшынбай өзінің белден басып, артық кетіп отырғанын мойындап, Тәттімбеттен тосылған екен дейді.