Таңдай Кенеев өмірбаяны

0

Таңдай(Таң-Дой) Кенеев(1947-2008) — Павлодар облысы, Екібастұз қаласында дүниеге келген.

1970 жылы Қазақтың политехникалық институтын бітіріп, инженер-электрик мамандығын алып шығады. Еңбек жолын сол аталған жоғары оқу орнынан бастап, кейін Қазақ КСР ғылым академиясының Тау-кен институтында, Рудный, Хромтау қалаларында өндірістерде мамандығы бойынша көп жыл қызмет істеп, 1994 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде ұстаздық қызметке қайта оралды. Аға оқытушы, тау-кен факультеті деканының орынбасары, оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректордың орынбасары, оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры, кафедра меңгерушісі, Баспа орталықтың директоры қызметтерін атқарды. Техника ғылымдарының кандидаты, доцент.

1980 жылдан бері әзіл-әңгіме, сатираға қалам тартып келеді. Алғашқы әңгімесі О.Әубәкіровтің алғысөзімен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жарық көрді. 1984 жылы «Нашар» атты әңгімесі конкурста жеңіп, «Ара» журналының лауреаты атанды. «Арман қанатында», «Көңілді көшенің жігіттері», т.б. жалпы жинақтарға енген. «Қисық шеге», « Қыңыр », «Ырың -жырың» атты жеке жинақтары жарық көрген. Техникалық жоғарғы оқу орнының студенттеріне арналған «Еңбекті қорғау» пәні бойынша бірнеше оқулықтар, оқу-құралдары мен әдістемелік нұсқаулардың авторы.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2008).