Танакөз Толқынқызы | өмірбаяны

0

Танакөз Толқынқызы — 1977 жылы 2 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 мектепті, 1999-жылы Әлем тілдері университетін үздік тамамдағаннан кейін «Болашақ» стипендиясын иеленіп, 1999-2000ж.ж. Францияның Страсбург қаласындағы Роберт Шуман университетінде халықаралық құқық факультетінде дәріс алған. Өлеңді мектеп қабырғасында жүріп жаза бастаған. Алғашқы өлеңі 1988-жылы республикалық «Пионер» журналында басылған. «Поэзия көктемі», жыл сайын өтетін «Жас толқын» фестивалінің әдебиет номинациясы бойынша, «Қазақтың ақын қыздары» атты республикалық мүшәйраларда бас жүлденің иегері. Артығали Ыбыраевқа арналған республикалық мүшәйрада , халықаралық «Шабыт» фестивалінде және «Менің атым — Махамбет» атты телемүшәйраларда жүлделі орын алған. ТМД мемлкеттері арасындағы «Дебютанттар достастығы» атты халықаралық поэязия конкурсының лауреаты, Ресей президенті Д.Медведев тағайындаған поэзия номинациясы бойынша халықаралық стипендияның иегері. ҚР президенттік және мемлекеттік стипендияның иегері. Өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Қыз ғұмыр – жыр ғұмыр», «Жас ақындар жырларының антологиясы», «Жыр – десте», «Махамбетке тағзым» және «Мәртебелі поэзия» сияқты бірнеше жыр жинақтарына енген. Тұңғыш жеке жинағы 2001-жылы «Біз – таулықпыз» деген атпен «Елорда» баспасында жарық көрді. Екінші жеке жыр жинағы 2008 жылы «Жалын» баспасынан «Сағынып жүрмін» деген атпен жарыққа шықты.