Сұлтан Тәукейұлы | өмірбаяны
Сұлтан Тәукейұлы 1944 жылы 17 қарашада Монғолияның Баянөлгей аймағы, Ақкөл деген жерде туған.
1966 жылы Монғолия университетін бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. Мемлекет, қоғам қайраткері. Монғолия Халық Республикасында Сауда министрлігі департаментінің бастығы, аудандық, қалалық, аймақтық партия комитеттерінің екінші және бірінші хатшысы болған. Монғолия Республикасының Парламент мүшесі болып сайланған. Монғолияның Венгрия, Австрия елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған.
С.Тәукейұлы мемлекеттік жауапты қызметтерде жүріп, 1964 жылдан бастап әдебиетпен шұғылданып, проза, драма, аударма жанрларында жемісті еңбек етіп келеді. Оннан аса кітаптың авторы.
Шығармаларын екі тілде – қазақ және монғол тілдерінде жазады. Қазақ жазушылары Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, Қ.Жұмаділов, Т.Нұрмағанбетовтың шығармаларын монғол тіліне аударған. Бірсыпыра шығармалары орыс, украин, түрік, қазақ, қытай, венгр тілдеріне аударылып басылған. «Арқалық», «Келін», «Атбасқан қоңыр» секілді пьесалары Баянөлгей халық театрында қойылған. «Сеңгір таулар» романы үшін Монғолия Жазушылар одағының сыйлығына ие болған. Монғолияның «Алтын жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Шығармалары: Жайдарман. Повестер мен әңгімелер. Баянөлгей, 1975; Балапан қанаттанған таулар. Повестер мен әңгімелер (монғол тілінде). Уланбатор, 1986; Тау бораны. Роман (монғол тілінде). Уланбатор, 1990; Арман тау. Роман. Баянөлгей, 1993; Арман. Повестер, драмалар. Уланбатор, 1997; Шежіре. Анкара, 1995; Мұңлы таулар. Повестер (монғол тілінде). Уланбатор, 1998; Ақыр Жәнібек. Роман. Уланбатор, 2000.