Смағұл Елубай | өмірбаяны
Елубай Смағұл 1947 жылы 9 наурызда Түрікменстанда туған.
1961 жылы Қазақстанға қоныс аударған.
1971 жылы ҚазМУдің журналистика факультетін, 1975 жылы Мәскеудегі сценаристер даярлайтын 2 жылдық жоғары курсты бітіреді.
1976 жылдан 1992 жылға дейін «Қазақфильм» киностудиясында шығармашылық жұмыстарда болды. 1992–1995 жж. «Парасат» журналының Бас редакторы, 1995 жылдан бастап Прагада, Американың «Азат Еуропа және Азаттық» радиосында қызметте болды.
«Ойсыл Қара», «Саттар соқпағы», «Білте шамның жарығы», «Жарық дүние» хикаялар жинағының және «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» романдарының, «Қызыл отау», «Өтелмеген парыз», «Ай астындағы үй», «Сұрапыл Сұржекей», «Батыр Баян», «Кек» көркемсуретті фильмдер сценарийінің авторы.
Жазушы шығармашылығының негізгі тақырыбы – қазақ халқы кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдер. «Ақ боз үй», «Мінәжат» романдары ашаршылық, сталиндік қуғынсүргін жылдарын қамтыса, трилогияның үшінші кітабы – «Жалған дүние» романы (2001) айтулы «тоқырау заманы» дейтін кезеңге арналған.
«Құрмет» орденімен марапатталған.