Шора Сарыбаев | өмірбаяны

0
95

Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 1925 жылы 2 наурызда Ташкент қаласында дүниеге келген. Тіл білімі маманы, филология ғылыми докторы (1974 ж.), профессор. (1979 ж.), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, (1983 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1985). ҚазМУ-ды (1950), және аспирантурасын (1953 ж.) бітірген. 1954-1995 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің меңгерушісі (1954-1960, 1967-1995 жылдары), институт директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1995 жылдан осы институттың бас ғылыми қызметкері.

Ғылыми зерттеу еңбектері диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелеріне арналған. 250-ден астам ғылыми мақалалары мен оқулықтары, монографиялары жарық көрген. С.Аманжоловтың тілдегі диалектілерді топтау теориясын әрі қарай дамытты, диалектология саласындағы терминдердің қалыптасуына атсалысты. “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін” (1966), “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін” (1969), “Жаңа атаулар сөздігін” (1992) құрастырушылардың бірі. “Қазақтың аймақтық лексикографиясы” (1976) монографиясы — түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған алғашқы еңбек. “Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші” атты 6 томдық (1-т. 1965; 2-т. 1971; 3-т. 1977; 4-т. 1982; 5-т. 1987; 6-т. 1994) еңбегі арқылы қазақ тіл білімінің тарихын зерттеу ісіне зор үлес қосты. Ол “Түркітану әдебиетінің библиографиясын” (1989) бастырып шығарды. Қазақ тіл білімі саласында қорғалған 1000 кандидаттық, докторлық диссертатсияның библиографиялық көрсеткішін құрастырды (2000). 1965 жылы АҚШ-тағы Гарвард корпорациясының мүшелігіне сайланған, ГФР-да (1975), Түркияда (1994) өткен халықаралық конгресс, конференцияларда баяндамалар жасаған. “Құрмет” орденімен марапатталған.