Шоғай Шалқаров | өмірбаяны

0
44

Шоғай Шалқарұлы туралы мәлімет жоқтың қасы. Автордың өз аузымен айтылып хатқа түскен дерек те келіп жеткен. Онда былай делінген: «Маңғыстау облысының «Шаған» деген жерінде 1926 жылы күзде туылыппын. Құжатта Түркістанда 1924 жылы туылған болып жазылыппын. Әкемнің шын аты  Шалқарбай, ол кейін бізге  Шалқаров деген атпен фамилия болып кетті. Өз атымды туылғанда «Шұғайып» деп Пайғамбардың атын қойған екен. Кейін мектепке барған соң мұғалімдер «Шоғай» деп жазып бұрынғы атымды өзгертіп, содан соң құжатта  солай болып кетті де.

1933 жылдан 1948 жылға дейін Түрікменстанның Байрам-Алы деген қаласында тұрдық.

1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданына көшіп келдік. 1950 жылдан бастап оқып, екі педагогикалық институтты бітірдім. 1949 жылдан бастап педагог болып кеткенмін.

Әуелі Мақтаралдың «Коммунизм», бұрынғы «Трудовосток» колхозында, 1954 жылы «Алғабас» колхозына орта мектептің директоры болдым.

1958 жылы денсаулығыма байланысты Өзбекстан Республикасы  Бостандық ауданына қоныс аудардым. Бұл аудан бұрын Оңтүстік Қазақстан  облысына қарайтын.

Бостандық ауданында 1985 жылға дейін орта мектептің директоры қазметінде істеп келдім. 1985 жылы зейнетке шықтым. Сол жылдардан бастап қатардағы мұғалім болып 1997 жылға дейін жұмыс жасадым. 1997 жылы қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласына қоныс аудардым. Өзіміздің еліміз деп, жеріміз деп келген жағдай бар…

Шығармашылығымнан өмір бойы қол үзген жоқпын. «Серік көл», «Ақ пен қара», «Ананың ақ сүті», «Әкемнің сыры» атты кітаптарым «Жазушы» баспасынан басылып шыққан. Көптеген мақалаларым, әңгімелерім баспасөз беттерінде жарық көрді. Саналы  ғұмырымда адайдың кешегі  өткен қос ғашығы «Ақбөбек пен Қайып» оқиғасын отыз жылдан астам уақыт зерттеп роман жаздым.