Серік Тұрғынбеков | өмірбаяны

0

Серік Тұрғынбеков 1946 жылы 1 наурызда бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданы, Тосын құмында, Төлеген қыстауы деген жерде туған. 1964 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, Торғай ауылындағы Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакциясына қызметке орналасқан. 1967– 1973 жж. Қазақ радиосында аға редактор, 1973–1978 жж. республикалық «Лениншіл жас» газетінің Торғай, Қостанай облыстары бойынша меншікті тілшісі, 1978 жылы Халық творчествосы үйінде фольклор бөлімшесінің жетекшісі, 1980 жылы Қазақ телевизиясының әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында редактор, 1981– 1985 жж. Қазақ КСР Баспа, полиграфия, кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болып істеді. Бұдан соң «Ақиқат» журналында, Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасында, Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жастар театрында түрлі қызметтер атқарды. Қазір Астанадағы С.Сейфуллин мұражайының директоры. 

Бірнеше жыр жинақтарының авторы. Сонымен бірге аудармамен де айналысады. Оның аудармасымен А.Твардовскийдің лирикалық өлеңдері «Перзент сыры» деген атпен (1984, «Жалын»), «Бауырлас жырлар» сериясы бойынша П.Богдановтың «Москва үшін шайқас» поэмасы (1985, «Жазушы») оқырмандар қолына тиді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 

Шығармалары: Қобыз. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1975; Көкейкесті. Өлеңдер. А., «Жалын», 1978; Торғай толғауы. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1981; Жүрегімнің сәулесі. Өлеңдер. А., «Жалын», 1983; Тыңда түлегендер. Очерктер. А., «Қайнар», 1983; Кеш келген көктем. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1985; Жерорта. Өлеңдер. А., «Жалын», 1998.