Серік Ғабдуллаұлы | өмірбаяны

0

Серік Ғабдуллаұлы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Шымқора ауылында 1937 – жылы 17-тамызда туған. Ел қатарлы орта мектепті аяқтап, ауыл шаруашылығында жұмыс жасап, отбасын құрғаннан кейін Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түсіп, оны 1966-жылы аяқтап шыққан соң Өскемендегі «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне қызметке орналасты. Кіші әдеби қызметкерден бөлім меңгерушісіне дейінгі журналистік жолда кәсіби мамандығын ұштап, табиғи талантын таныта білді.

Серік Ғабдуллаұлының барлық саналы ғұмыры облыс аумағында өтіп, оның өсу-өркендеу бағыты жөнінде көптеген газет мақалаларын жазды. Өндірісті қаланың өнеркәсіп, құрылыс, транспорт, білім беру мен мәдениет салаларына елеулі үлесін қосты. Қарапайым металлург, құрылысты, жүргізуші, кенші, дәрігер, мұғалім, тағы басқа салалардағы еңбек адамдарының табыстарын насихаттап, халық шаруашылығы салаларындағы кемшіліктерді сын тезіне салды. Ол газет жанрының қарапайым түрі – хабардан бастап, суреттеме, репортаж, сұхбат, очерктерді бірдей меңгерді.        Сондай-ақ, ол «Коммунизм туы» газетінде ай сайын тұрақты түрде «Жас дәурен» бетін ұйымдастырып, жас ұрпақ  тәрбиесіне өз үлесін қосты. Облыстық, қалалық комсомол комитеттерінің мүшесі болды.

Серік Ғабдуллаұлы 1991-жылдан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы болғанда оның қасынан Өскеменде тұратын ұлт өкілдерінің «Мәдени орталығын» құруға бастама көтерді, қазіргі ұлттар достығы облыстық ассоцияциясы сол орталықтың жалғасы; одан басқа: облыстық мешіт, облыстық «ақсақалдар алқасын» құруға мұрындық болды. Сол жылдары облыстық айтыскерлер мен Өскемен қалалық «Шабыт» жас ақындар мектебін ашты. «Шабыт» және «Звено Алтая» ақындар мектептерінде жас таланттардың шығармашылық қалыптасуына белсенді жетекшілік жасады. Ол шығармашылық ұйымдар әлі күнге өз деңгейінде жұмыс істеп келеді.

Демек, Серік Ғабдуллаұлының облыс өмірінде алар орны бар. Ол облыс орталығында шығатын республикалық әдеби-мәдени және қоғамдық «Ақ Ертіс» журналының шығуына белсенділік танытты. Журнал қазақ, орыс тілдерінде 2001-жылдан тұрақты шығып келеді. Серік Ғабдуллаұлы оның Бас редакторлық міндетін атқарады.

Кәсіптік және қоғамдық жұмыстарды абыройлы атқарғаны үшін қырық жыл жүзінде Қазақ ССР, Қазақстан Компартия орталық Комитеті, облыстық, қалалық партия комитеттерінің жоғары марапаттарына ие болды. 2007-жылы Қазақстан Республикасы президентінің «Құрмет грамотасын», 2009 жылы «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағына ие болды. Өскемен қаласының құрметті азаматы.

Серік Ғабдуллаұлы Қазақстан Журналистер, Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі. Оның қаламынан туындаған «Көктем лебі», «Бұқтырма сарыны», «Көктем-көкөрім шағым», «Ақ босаға», «Жылдардан жеткен жаңғырық», «Ұланғайыр», «Сөйле, менің жүрегім», «Алтай асу», «Седой тулпар» кітаптары және жетпіс жасқа толуына байланысты екі томдық таңдамалы өлеңдер жинағы жарық көрді.