Сейітқұл Оспанов | өмірбаяны
Сейітқұл Оспанов 1955 жылы 30 наурызда Қазалы қаласында (Қызылорда облысы) дүниеге келген. Сарыбұлақ аулында сегіз жылдық мектепті, 1972 жылы Қазалы кеңшарында № 100 “Кеңтүп” орта мектебін бітірді.
1972 жылы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика фfкультетіне (қазақ бөлімшесі) оқуға түсіп, оны 1977 жылы бітіріп шықты.
Жоғары оқу орнынан соң Қызылорда облыстық телерадиокомитетінде, Кітап палатасында, “Жетісу” облыстық газетінде, “Пионер”, “Зерде”, “Парасат” журналдарында, “Жалын”, “Мектеп” баспаларында, Қазақстан Респупубликасы Үкіметінің аппаратында (1994-2000 ж.ж.) қызмет істеді. Соңғы жұмыс орыны «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы.
Тұңғыш өлеңдері жас ақындардың “Балауса” атты жыр жинағында жарық көрген. “Бәйге” ,“Асау таңдар”, “Ащы қауын, тәтті қауын” секілді жыр жинақтары мен “Бақытты үй”, “Құлдар көтерілісі”, “Сопының ғұмыры”, “Ағаш ат” секілді проза (әңгімелер мен повестер) кітаптарының авторы.
Жазушының балаларға арналған “Ағаш ат” кітабы (повестер, әңгімелер, ертегілер мен мысалдар) “Самый сладкий день” деген атпен орыс тіліне аударылды, сондай-ақ “Қазақ балалар әдебиетінің қазынасы” деген айдармен “Жазушы ” баспасы қайта басып шығарды (2003 жылы).
80-90 жылдары балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық конкурстарда әлденеше рет бжүлделі орындарға ие болған. Жазушының “Екі дүниенің абыройы” деген повесі ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған республикалық әдеби конкурста 3- ші орын алды. 1991 жылдан Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
2003 жылы қайтыс болды.