Сәуірбек Бақбергенов | өмірбаяны
Сәуірбек Бақбергенов (1920–1997) — 15 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Түркістан жетім балалар үйінде тәрбиеленген. Кейін сол Түркістан қаласындағы теміржолшылар мектебін, педагогика училищесін бітірген. Соғысқа дейін өлеңдер, әңгімелер жазған. Ұлы Отан соғысы басталғанша Мәскеу қаласындағы әскери училищеде қызмет етті. Соғыс кезінде Солтүстік батыс майданында Новгород, Псков, Калинин, Холм, Великие Луки түбінде ұрыстарға қатысқан. Атақты Панфиловшылар дивизиясында взвод командирі, байланысшы офицер болып істеген. Қаламгерлік жолын 1945 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкерліктен бастайды. Оның тырнақалды туындылары 1950 жылы өз алдына кітап боп шыққан. Басты кейіпкерлері – Дина Нұрпейісова, Нұрмолда Алдабергенов, Кенен Әзірбаев, Шоқан Уәлиханов тәрізді еліміздің тарихи тұлғалары және Ұлы Отан соғысының қаһармандары: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғазин, Темірбек Көкебаев. «Дина», «Қайран шешем», «Әке жүрегі», «Қарға тамған қар», «Талғат» романповестері орыс тілінде, сондайақ шығармалары белорус, грузин, армян, қырғыз, татар, эстон, башқұрт тілдерінде жарық көрді. Қазақстанның Халық жазушысы.
Шығармалары: Алтын күрек. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1958; Біздің колхоз. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1960; Бозторғай. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1960; Алтын емелден асқанда. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1961; Қайран шешем. Роман. А., ҚМКӘБ, 1963; Қоянкөзге құлаған жұлдыз. Повесть. А; «Жазушы», 1965; Қасиет. Повесть. А., «Жазушы», 1966; Қарға тамған қан. Роман. А., «Жазушы», 1967; Адам және көлеңке. Повесть. А., «Жазушы», 1969; Белгісіз солдат. Повесть. А., «Жазушы», 1977; Он үшінші ойыншы. Повесть. А., «Жалын», 1979; Шығармалардың екі томдығы. А., «Жазушы», 1980; Қан тозаң. Роман. А., «Жазушы», 1983. Ақбоз атты ару. Повесть. А., «Жазушы», 1986; Запасной игрок. Роман, повесть, әңгімелер. «Жазушы», 1990; Смерть Тамерлана. Повесть. «Қазақстан», 1992; Бөрте – Шыңғысханның жұбайы. Повестер мен әңгімелер. «Жазушы», 1993; Қарға тамған қан. Алтын күрек. Романдар. «Елорда», 2000; Қайран шешем. Роман. «Ерен», 2000.