Сәтімжан Санбаев | өмірбаяны
Сәтімжан Санбаев 1939 жылы 16 қыркүйекте қазіргі Атырау облысы, Мақат селосында туған.
Орынбор ауыл шаруашылығы институтын, КСРО Жазушылар одағы жанындағы Жоғары әдебиет курсын бітірген. Атырау облысы Энгельс совхозында бас инженер, Павлодар трактор зауытында инженер-конструктор, Балқаш кен-металлургия комбинатында инженер «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақ комитетінің жауапты хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті, Ш.Айманов атындағы ұлттық кинокомпаниясында бас редактор қызметтерін атқарған. Қазір шығармашылық жұмыста.
Шығармаларын орыс тілінде жазады. Алғашқы повестері «И вечный бой», «Белая аруана» 1968 жылы «Простор» журналында жарық көрді. Шығармалары қазақ тіліне, сондай-ақ КСРО халықтарының көптеген тілдеріне, шетел тілдеріне аударылған. «Флакон одеколона» атты драмасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында қойылып жүр.Шығармашылығымен бірге кино саласында да еңбек етіп келеді. «Ұшы-қиырсыз жол», «Той боларда», «Шоқан Уәлиханов», «Батыр баян» көркем фильмдерінде басты рольдерде ойнаған. «Қыз Жібек», «Ыстық көл қызғалдақтары» кинофильмдерін қазақшалаған. «Там, где горы белые», «Дом у соленого озера» кинофильмдерінің авторы. Абайдың қарасөздерін, М.Әуезовтың, С.Бегалиннің, Ә.Сәрсенбаевтың, Қ.Ысқақтың т.б. қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған. КСРО Жазушылар одағы мен ВЦСПС-тің жұмысшылар тақырыбына арналған шығармалар конкурсының лауреаты (1981). «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Шығармалары: Белая аруана. Повести. А.,»Жазушы», 1969; Дорога только одна. Роман. А.,»Жазушы», 1970; Дорога только одна. Повести и роман. М.,»Молодая гвардия», 1974; Аруана. Повестер мен роман. А.,»Жазушы»,1975; Колодцы знойных долин. Повести и роман. М., «Известия», 1976; Времена года нашей жизни. Роман-трилогия. А.,»Жалын», 1981. Когда жаждут мифа. А., 1989; Белая аруана. А., 2005; Медный колос. Роман-дилогия. А., 2006.