Сәмәди Зия | өмірбаяны
Сәмәди Зия (1914–2000)
15 сәуірде Алматы облысы, Панфилов ауданы, Ханкай ауылында туған. Кеңес мектебінде білім алған ол 1931 жылы ата-анасымен бірге Шығыс Түркістанға кетеді. Мұнда ол білімін жетілдіре жүріп, Құлжа мектебінің бірінде ұстаздық етеді әрі «Іле» газетінде қызмет жасайды. Қытай революциясы жеңгеннен кейінгі жылдарда түрлі саяси-қоғамдық жұмыстар атқарды. Ол Синьцзян ұйғыр автономиялық ауданының Мәдениет министрі болып қызмет етеді, ұйғыр мәдениет қайраткерлерінің делегацияларын басқарып КСРО, Үндістан мемлекеттеріне де барады. Синьцзян ұйғыр автономиялық ауданында Жазушылар одағын құруда зор еңбек етеді. Оның тікелей қатысуымен 1957 жылы Үрімші қаласында тарихта тұңғыш рет ұйғыр жазушыларының съезі ашылады. 1961 жылдың қарашасында туған еліне оралады.
Алғаш ақындық өнерімен қалам ұстаған ол 1934 жылы «Раушан» атты драма жазады. Бұл шығармасын кейін өңдеп, «Қанды дақ» деген атпен қайыра шығарып, шетелдік ұйғырлар драматургиясының негізін қалады. 1936 жылы «Ғәріп пен Сәнәм» пьесасын жазды.
«Маймхан» романы орыс тіліне аударылды және өзбек тілінде екі рет жарық көрді. Ол бойынша «Год дракона» кинофильмі түсірілді (реж. А.Әшімов). С.Мұқановтың «Қашқар қызы», Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» шығармаларын тәржімалады.
Қазақстанның Халық жазушысы. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты.
Шығармалары: Іле жағасында. Повесть. А., «Жазушы», 1963; Маймхан. Роман. А., «Жазушы», 1965; Бір тартым темекі. Повесть. А., «Жазушы», 1970; Тайна годов. Роман. М., «СП», 1979; Ғани Батур. Роман. А., «Жазушы», 1979; Избранные в двух томах. А., «Жазушы», 1986; Ахмет Әпенді. «Жазушы», 1995.