Салғарин Қойшығара | өмірбаяны

0

Салғарин Қойшығара 1939 жылы 1 сәуірде Торғай облысының Көкалат ауылында туған. Еңбек жолын шопандықтан бастаған ол, ҚазМУ-дің филология факультеті журналистика бөлімін бітірген соң, 1964–1965 жж. «Ауыл өмірі» газетінің редакторы, 1965–1971 жылдары Қазақ радиосының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі, 1971–1975 жж. Торғай облыстық телерадио комитетінің редакторы болған. 1975–1990 жж. «Егемен Қазақстан» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1990–1993 жж. Әдебиет және өнер институтында қызметкер. 1993–1997 жж. ҚР Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі, мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес хатшысының орынбасары, хатшысы, 1997 жылы Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінде мәдениет жөніндегі кеңесші қызметтерін атқарған. ҚХР-да жүріп «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «100 құжат», «Таным тармақтары», «Анықтамалық» атты кітаптарын жазды.

«Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» роман-эссе, «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» деген ІІ томдық романдары жарық көрді. «Қазақтар» трилогиясы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (1996).

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Екі рет медальмен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Шығармалары: Ілгешек. Сықақ өлеңдері. А., «Жазушы», 1966; Сол бір күндер. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1976; Үбедей. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1978; Соқпақ жолға бастайды. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1980; Тағдырлар тоғысы. Әңгімелер мен повестер. А., «Жалын», 1984.

Қайнар көз: http://writers.kz