Саламат Хайдарұлы | өмірбаяны
Саламат Хайдарұлы 1919 жылы 15 маусымда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржол ауылында туған.
Атырау қаласындағы педтехникумды, Батыс Қазақстан облысындағы А.С.Пушкин атындағы институтты, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған.
1943–1949 жж. Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы уәкілі болған. Құрманғазы аудандық «Социалистік жол» газетінің редакторы (1949–1952), Батыс Қазақстан өлкелік «Батыс Қазақстан» газетінің Атырау облысындағы тілшісі, облыстық газетте әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінің баспасөз жөніндегі нұсқаушысы, «Қазақстан» баспасында редакция меңгерушісі, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Маңғыстау облысындағы тілшісі қызметтерін атқарған.
Ол 1952 жылы саяси-қуғын сүргінге ұшырағандардың бірі болды. Әкесі бай болған, атасы қажыға барған деген дәлелдермен жұмыс орнынан алынып, партиялық қатаң жазаға тартылады.
«Өрлеу жолында», «Теңіз самалы», «Қанды асу», «Ой ұшқындары» (І-кітап, 2008), «Ой ұшқындары» (ІІ-кітап, 2009) секілді кітаптардың авторы.