Сәбит Бексейіт өмірбаяны

0
253

Сәбит Бексейіт 1950 жылы 20 ақпанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде туған. 1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Ақын, публицист, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ТҮРКСОЙ-дың “Ұлы Түрік Қыраны” медалінің иегері. БАҚ және мемлекеттік қызмет ардагері.

Қазақ жырының хас тарланы Қалижан Бекхожин сонау 1975 жылы Сәбиттің жырларынан өзінше талпынысы бар тапқырлыққа бейім дарынның қалам желісін байқап, ақ батасын берген болатын.

Бүгінде тұрғылас ақындар оны өркениет заманының сөзгері (Ұ.Есдәулеттің пікірі), әлемдік әдебиеттің игі жақсысын тұла бойына сіңірген білімді ақын, интеллектуалды поэзия өкілі (С.Ақсұңқарұлының пікірі) деп бағалайды. Өмiрiн өлеңмен өрнектеген ақынның шалқар шабыт құшағында жазылған шырайлы шығармалары, яки елдік пен ерлік музасы өскелең ұрпақты отаншылдыққа шақырады (А.Смайылдың пікірі).

«Ақиқаттың алмасына құрт түсіп, өтіріктің өрігі гүлдеп тұрған қазіргі өтпелі кезеңде өкпесінен өкпек желдің ызғары өтсе де, дүбірлі дүниенің көзіне жіті үңіліп, шындық іздеп сабылып, ел мен жердің тағдырын ойлап, азуын айға білеп, күркіреп жүрген ақындарымыздың бірі – Сәбит Бексейіт. Оның өзгелерден озық бір ерекшелігі: өзі жырлағандай: «Поэзия – Рухы бүткіл Ғаламның!» деген қасиетінде жатыр. Қолына қалам ұстаған бұрынғы-соңғы ақындардан поэзия хақында бұлай айтқан кісі болған емес. Бұның өзі, сайып келгенде, Сәбиттің омыраулы ой айта білетін арқар кеуде азамат ақын екенін танытады» (Р.Ниязбектің пікірі).

Бүгін таңда 20-дан астам кітаптың авторы. Астанадан, Қарағандыдан, Алматыдан оның «Ғасыркешу» (2000), «Күннің шалқуы», «Келешек керемет» (2001), «Ел үмітін ер ақтар», «Құт қонған Қарағанды» (2003), «Ғасырластарым» (2005), “Рамазан мерген және оның әулеті» (2006), «Астана уақыты» (2008 ж.), «Ел мен Ер» (2018) поэзиялық және прозалық кітаптары, «Назым-насыр» (2004), «Дүрия дүние» (2012), «Шер мен Зер» (2012), «Сарыарқа кітапханасы» жүз томдығы легінде «Мәңгілік мәйек» (2014) атты таңдамалы туындыларының кітаптары жарық көрді.

Орыс тілінде де өлең, мақалалар жазып жүреді. Көркем аударма саласында да азды-көпті тәжірибесі бар. Елбасының «Елім менің» атты жүрекжарды жырын 1997 жылы республикада тұңғыш рет орыс тіліне аударды (ол «Экспресс К» газетінде жарияланды). Сондай-ақ қазақ тіліне А.Плещеевтің, А.Вознесенскийдің, Э.Межелайтистің, Ю.Марцинкявичюстің бірнеше шығармаларын, орыс тіліне Ұлықбек Есдәулеттің бір топ өлеңін, Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемін аударды.