Рымқұл Сүлейменов | өмірбаяны

0

Рымқұл Сүлейменов (1939–2008) 7 маусымда Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты «Октябрьдің 40 жылдығы» совхозында (қазіргі Жоғары Қайрақты кенті) дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, екі жылдай геологиялық-барлау партиясында бұрғышы, аудандық мәдениет үйінде мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырушы болып еңбек етеді. Қарағандыдағы № 4 кәсіптік-техникалық училищесінде, Алматы жоғары партия мектебінде оқыған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Журналистік жолын 1957 жылы Шет аудандық «Ильич туы» газетінде бастаған. Ақтоғай аудандық «Арқа еңбектері» газетінің жауапты хатшысы, Ақадыр аудандық «Ақадыр таңы», «Агадырская новь» газеттерінің редакторы, бұрынғы Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газеті редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі (бұл кезде республикалық «Ара» журналының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі қызметін қоса атқарған), жауапты хатшысы, бас редакторы, тәуелсіз «Компас» газетінің бас редакторы болған. Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің төрағасы болып сайланған. 

Алпысыншы жылдардың басынан әңгімелері, очерктері «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақстан коммунисі» журналдарында, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарық көрген.

Шығармалары: Көңіл шұғыласы. Хикаят және әңгімелер. А., «Жалын», 1980; Ар алдында. Очерктер. А., 1985; Алашым – аңсарым. Хикаяттар мен әңгімелер. Қарағанды, «Орталық Қазақстан», 1991; Сағыныш. Хикаяттар мен әңгімелер. Қарағанды, «Орталық Қазақстан», 1993.