Рүстем Есдәулетов | өмірбаяны
Режиссер, театр және кино актері, ақын, драматург. 1978 жылы туған. Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрының директоры әрі бас режиссері қызметін атқара жүріп, қазақ ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Жас режиссердің жетекшілігіндегі театр ұжымы бірнеше рет халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған. Қазақ көрермені үшін Рустем актер ретінде де танымал. Белгілі «Лаве» фильміне түскен. «Бөрінама» жыр жинағының авторы. Өлеңдері «XXI ғасыр ақындарының антологиясына» және басқа да ұжымдық жинақтарға енген. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері. 2007 жылы «Шәкен жұлдыздары» кино-фестивалінде «Бес тиын» көркем шығармасы үшін арнайы марапатқа ие болды. Р.Есдәулетов негізінен психологиялық драма қоюға құштар болатын. Ол адам жанының құпияларына терең бойлауға тырысатын. Адам мінезіндегі қарама-қайшылықтарды, өзгерістерді жарқырата ашуды көздейтін. Рүстем Есдәулетов қазақ труппасын басқарған жеті жыл ішінде 25 қойылым жасап үлгерген. 2009 жылы труппа Қарағандыда өткен республикалық театрлар фестивалінде жүлделі үшінші орынды иеленді. Рүстемнің жұлдызды жеңістері алда еді, өкінішке орай қазақтың аймаңдай талантты ұлы 2009 жылдың 25 қарашасында кенеттен көз жұмды.