Қыдырбай Тұрмағанбетұлы | өмірбаяны

0

Қыдырбай Тұрмағанбетұлы 1954 жылы 8 наурызда Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылында туған. Жамбыл мәдени ағарту училищесінің театр бөлімін 1990 жылы Орал педагогикалық институтының филология факультетін тәмәмдаған. Маңғыстау аудандық мәдени бөлімінде автоклуб, клуб меңгерушісі, көркемдік жетекші, халық театрының режиссері болып қызметтер атқарды. 1983-91 жылдары аудандық «Жаңа өмір» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы болып қызмет жасады. 1992 жылдың қыркүйек айына дейін облыстық «Маңғыстау» газетінде меншікті тілші болып еңбек етті.





Қыдырбайдың алғашқы өлеңі 1968 жылы 7 класс оқып жүргенде аудандық газетте жарияланған. Оның сатиралық өлеңдері, шымшымалары мен пародия, эпиграммалары аудандық газеттерде Жамбыл облыстық «Еңбек туы», Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» (Атырау), «Коммунистік жол» (Маңғыстау), Орал облыстық «Орал өңірі», республикалық «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Халық кеңесі» газеттерінен «Ара», «Мәдениет және тұрмыс», «Жалын» журналдарында, қазақ календарында жиі жарық көріп тұрды. Қыдырбай 1983 жылы жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне қатысты. 1984 жылы «Жалын» баспасынан «Қалжыңдасуға қалайсыз?» атты тұңғыш сатиралық кітабы және «Өмірі өнерінің жалғасындай» әндер жинағы, 2009 жылы «Үш қиян» баспасынан «Көңіліңде жүрсем көбірек» атты толық шығармашылық жинағы жарық көрді.





Қазіргі қазақ сатирасындағы қарымды жас сарбаздардың санатына Қ.Тұрмағанбетұлының қосылғандығы жөнінде ақындар Т.Медетбек, Өтеген Оралбай, сыншы Е.Жаппасұлы, жазушы М.Қаназов, Қ.Найманбаев, Б.Бабақов, М.Асылғазин, «Жалын» баспасының редакторы Т.Әлпейісов, «Өрнек» баспасының редакторы С.Әбдірайымовтармен бірге сатира сарбаздары К.Әмірбек, марқұм О.Әубәкіровтер жылы лебіздер білдірді.





Қ.Тұрмағанбетұлы прозалық сатира жанрына да қалам тербеді. Оның прозалық бірнеше әңгімелері мен бірге «Тоғысқан тағдырлар» повесі бар.Отыз шақты әннің авторы.

Қыдырбай қайта жаңғырған суырып салма ақындар айтысының алғашқы қарлығаштарының бірі. 1990 жылы Гурьев облыстық ақындар айтысының жеңімпазы атағын иеленген Қ.Тұрмағанбетұлының қазылар алқасының шешімімен тұңғыш рет облыс ақыны атағын алған екеудің бірі. Қыдырбай бірнеше рет облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысты.