Құрманхан Мұқамәдиұлы | өмірбаяны
Құрманхан Мұқамәдиұлы белгілі саясат және қоғам қайраткері, жазушы, аудармашы, драматург.
Алтайдың күнгей бетінде, Шыңжанда 1924 жылы туылған. 1938-1942 жылдары мұғалімдер техникумын, 1948-1950 жылдары Мәскеудегі Ішкі істер жоғары мектебінің арнаулы курсын бітірген.
Еңбек жолын 1942 жылы мұғалімдіктен бастап, аймақтық Ішкі істер бөлімінде өкіл, бөлім бастығы, Баян-Өлгий аймағы әкімшілігінің бастығы, партия комитетінің бірінші хатшысы сияқты жауапты қызметтер атқарады. 1946 жылы Шыңжанда Шығыс Түркістан мемлекетін құру ісіне көмектесу үшін моңғолиялық қазақтарынан құралған партизандар бөлімінің комиссары болған.
1951 жылы Моңғолияның алғаш сайланған мемлекеттік Ұлы хуралының депутаты болады. Одан кейін де депутаттыққа екі мәрте сайланады.
Құрманхан белгілі жазушы. Оның «Жасыл доң», «Асуда» жинағы 1959-1960 жылдары жарық көрген. Баян-Өлгий аймағы жазушылар бөлімшесін басқарды. Ол Моңғолияның жаңа заман әдебиетінің классигі Д.Нацагдорждың «Жұмбақ төбелері» операсының либореттасын қазақ тіліне нақышына келтіріп аударып шықты.
1964 жылы дүние салды.