Құлтөлеу Мұқаш | өмірбаяны
Құлтөлеу Мұқаш — 1959 жылы 25-қарашада Қарағанды облысына қарасты Ақшатау кенішінде туған. Еңбек жолын туған жеріндегі шахталардан бастайды. Совет Армиясы қатарында қызмет еткен. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің түлегі. Әр жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші, «Қарағанды жастары» газетінде бас редактордың орынбасары, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») , «Қазақ Әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Қазақстан мектебі» журналы бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан» Ұлттық арнасында бас редактор қызметтерін атқарған. Қазір республикалық «Қазақ үні» газетінде бас редактор. «Сенің терезең», «Боз жауын», «Біз білмейтін Құдайберген» («Тамаша» тарланы Құдайберген Сұлтанбаев жөнінде) , «Хан Кене рухы», «Әуестік әлемі», «Ұзақ бұралаң жол» (Бұл кітап «Долгая дорога домой» деген атпен орыс тілінде де шықты), «Салбыруын» роман-эссе, «Ақдариға» сияқты бірқатар кітаптың авторы. Француз жазушысы Луи Жаколионың романын және Джек Лондонның бірнеше хикаят, әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалаған. Сол секілді Олжас Сүлейменовтің «Таңбалар тілі» еңбегін ана тілінде сөйлетті.
ҚР Мәдениет қайраткері. Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.