Қоғабай Сәрсекеев | өмірбаяны

0

Қоғабай Сәрсекеев 1939 жылы 1 сәуірде Қостанай облысының Жанкелдин ауданы, Торғай ауылында дүниеге келген. 

Ы.Алтынсарин атындағы мектептің түлегі. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, 1963– 1967 жж. республикалық «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде әдеби қызметкер, 1967–1982 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, 1983–1986 жж. «Кітап жаршысы» — «Друг читателя» газетінің редакторы, 1986–1990 жж. «Жалын» баспасының бас редакторы, республикалық «Қазақкітап» бірлестігінің бас редакторы, республикалық Кітап таратушылар қауымдастығының президенті, 1990–2006 жж. «САҚ» АҚ-ның президенті қызметтерін атқарған. Қазір «Қазақ» ұлт газетінің бас редакторы. 

Алғашқы әңгімелері 1950 жылдардың ортасынан бастап шыға бастады. «Кілт» (1967), «Қараша қаздар» (1974) «Жол үстіндегі әңгіме», «Ұлы ұстаз немесе – Ахмет Байтұрсынов жайлы ой түйін», «Портреттер», «Үш арыс», «Үш таным», «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» деп аталатын әңгіме-эсселері мен екі томдық таңдамалы жинағы (1999) т.б жинақтардың авторы. 

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Қостанай, Торғай қалаларының Құрметті азаматы. Халықаралық ақпараттану академиясының, Халықаралық Еуразия академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Б.Майлин атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, Францияның «SPІ» алтын медалі мен Халықаралық ақпараттану академиясы алтын медалінің иегері.