Қажығұмар Шабданұлы | өмірбаяны

0

Қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы — 1925 жылы Таңсық елді мекені, Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.  

1930-шы жылдардың басында ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Дөрбілжін ауданына ауып барған. Жергілікті халықтардың мәдени-ағарту көтерілісі кезеңінде Дөрбілжіндегі «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарған. Алғаш рет 1958 жылы «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулармен сотталып, 22 жылға бас бостандығынан айрылған Қажығұмар жазасын Такламакан шөліндегі  Тарым лагерінде толық өткеріп, 1980 жылы бостандыққа шығады.

1986 жылы желтоқсанында ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады деген айыптаулармен, шетел жансызы деген желеумен 13 жылға екінші мәрте түрме жазасына кесіледі. Бұл жаза мерзімін ол Үрімші қаласының №1 түрмесінде өткізеді.

Қытай өкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде адам құқығын қорғау жөніндегі «Халықаралық рақымшылық» (Амнести интернешнл) ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен.

 

Шығармалары:

·   «Қылмыс» романы (2009), жалпы алты томдық кесек шығарма, жазушы барлығын қытай түрмесінде бітірген. Бұл шығармасында жазушы бас кейіпкер Біғәділ арқылы өзінің бастан кешкендерін баяндап шығады. 1930-жылдарғы қазаққа төнген аштық апаты, солақай саясаттың елге төндірген зардабы, Шынжаңға ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен қашып келген қазақтардың тіпті де мүшкіл халге түскені, дүңгендер көтерілісі, Қытайдың өктемдігі баяндалады. Жазушының бұл кесек шығармасы қазақ әдебиетіне қосқан үлкен үлесі.

 

Қажығұмар Шабданұлы  2011 жылы 15-ақпанда Қытайдың Шәуешек қаласында дүниеден озды.