Қапан (Қандөзи) Қамбарұлы | өмірбаяны

0

Қапан (Қандөзи) Қамбарұлы — (1921–2005). 1 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Қандөз аулында дүниеге келген. Түркістан қаласының балалар үйі мен интернатында тәрбиеленіп, педучилищені бітірген соң, ауыл мектебінде мұғалім болды. Алғашқы өлеңдерінің бірі аудандық «Қызыл Түркістан» газетінде жарық көрді. Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазақстан Орталық партия комитеті жанындағы республикалық партия мектебін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан», Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінің редакцияларында отыз жылдан аса жауапты қызметтер атқарған.

 

Қазақ университетінің журналистика факультетінде жиырма жылға жуық дәріс оқыды, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысты. «Түпнұсқа және аударма» деген кітап жазып, кандидаттық диссертация (1969) қорғады. Докторлық диссертациясы «Ерлік эпосы» деген атпен 1979 жылы «Жазушы» баспасынан жеке монография болып жарық көрді. «Жорық жырлары», «Өшпес жалын» ғылыми-зерттеу еңбектері кітап болып шықты. 

 

Отыз шақты кітаптың авторы. «Қанды жылдар» дилогиясы – «Ашыну» (1987) мен «Жаза» (1991) «Жазушы» баспасынан шықты. «Ақадырдың ақ шағаласы» (1982), «Махаббаттың тұрағы» (1994), Қаракөзайым (1996), «Меңсұлу» (1997), «Сейітқасымның жұлдызы» (1997), «Екі арудың махаббаты» («Махаббат кітабы» атты романдары топтамасында, 2003) романдары; «Көксеңгір», «Ақ қайың», «Ертісте», «Алтай аясында», «Таудағы қала», «Ақ жалын», «Туған жер» атты повестері жарық көрді. «Әзірет Сұлтан» атты деректі роман-хамсасы үш том болып басылды. Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

 

М.Кольцовтың, А.Довженконың, Н.Ановтың, В.Ванюшиннің бірсыпыра әңгімелерін, «Гүлшешек» кітабын қазақшалады. 

«Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ұлы Отан соғысына қатысушы», «Георгий Жуков» және басқа 12 жауынгерлік-мерекелік медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.