Қанипа Бұғыбаева | өмірбаяны

0

Қанипа Бұғыбаева (1942–2004) — 19 наурызда Алматы облысы, Жансүгіров ауданы, «Ақсу» өзенінің бойындағы «Ақын Сара» (бұрынғы Көкжайдақ) ауылында өмірге келген. Алғашқы өлеңдері 1959 жылдан «Жетісу», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Қазақстан әйелдері» журналында жариялана бастады.

Еңбек жолын 1960 жылы өзінің туған ауылы – сол кездегі «Қосағаш» совхозы мәдениет үйінің меңгерушісі болып бастап, ауылдық радио хабарын тарату торабында, Райымбек ауданының халық театрында, Жамбыл аудандық мәдениет бөлімінде қызмет істеді. Аудандық «Екпінді еңбек» газетінде тілші, кейінгі жылдары зейнеткерлікке шыққанша Жамбыл аудандық орталық балалар кітапханасында кітапханашы болып қызмет атқарды. 

1983 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген. 

1993 жылғы Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған және Түркі поэзиясының ІІ мүшәйраларының жеңімпазы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған (1962). Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Шығармалары: Тұңғыш кітап. Өлеңдер. А.,»Жазушы», 1963; Екінші дәптер. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1965; Қара торғай. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1970; Ару ана. Өлеңдер. А.,»Жазушы», 1973; Ана жыры. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1974; Жыр және жүрек. Өлеңдер. А., «Жалын», 1977; Қыз дәурен. Өлеңдер.А., «Жазушы», 1979; Менің дауысым. Өлеңдер. А., «Жалын», 1984; Гүлдер көзін ашқанда. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1985; Домбыра дәурен. Өлеңдер. А., «Жалын», 1986; Қоңыр жел. Өлеңдер. А., «Жалын», 1988; Шұғылалы шақ. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1990; Қоштасқым келмейді. Өлеңдер. А.,»Жалын», 1995; Құс жолы. Өлеңдер. А., «Шартарап», 2001.